Асылжан Жампозовты соттауға ел болып жол бермейміз

0
444
Асылжан Жампозов, Өмірбек Жампозов

Құқық қорғау органдарының екі қызметкеріне оқ атып, артынша өз-өзіне қол жұмсаған Жампозовтың ісі қоғамда дүрбелең тудырды. Әуелі, ақ-қарасын ажыртпай жатып биліктің «қолшоқпарлары» – тәуелді бұқаралық ақпарат құралдары Жампозовты атышулы Алматылық атқыш Күлікбаевпен салыстыруға бірден көшті. Елдің өре түрегелетінін іштері сезгесін, арнайы бұйрық болса керек. Алайда, «Қазақ үні» секілді белді қазақ тілді басылымдар мен қоғам белсенділері дер кезінде бұл іске араласып, Жампозовтың әділетсіз жүйе құрбаны болғанын ашып жазды.

Істің мәнін, қалай болғанын халық жақсы біледі. Сол сәтті тағы бір еске салсақ…

«20 шілдеде сағат 14.35-те белгісіз біреу «Фольксваген Пассат» көлігінде отырып, Целиноград прокуратурасының әкімшілік ғимаратының маңында прокуратура жұмысшысы мен Целиноград аудандық ІІБ қызметкеріне оқ атқан. Қызметкер қызметтік бабымен сол маңда болған. 14.45-те жедел-іздестіру шараларының барысында көлік табылып, сонда күдіктінің мәйіті анықталған. Ол өз-өзіне жүрек тұсына оқ атқан», – деп хабарлады ІІД өкілдері.

Кейін белгілі болғандай, Жампозов бірнеше адаммен бірігіп, 620 миллион теңгені жымқырған деген күдікке ілінген екен. Өзін айыпты санамаған Жампозов әділдік жолында осындай әрекетке барады. Кінәлі адам өз-өзіне қол жұмсай ма деген заңды сауал туады?

Осы уақытқа дейін мемлекеттің қаржысын жымқырған небір шенеуніктер сотталды. Бәрі жазасын өтеп, бостандыққа «таза арымен» шығып жатыр. Ешқайсысы мұндай әрекетке бармады.

«АЛЖИР» репрессия құрбандарын еске алу мемориалдық кешенінің алдында өз-өзін атқан Жампозовтың әрекеті дәл менің ойыма сол зұлмат жылдарды бір сәтке елестетті. Онда да сол әділетсіздік, жазықсыз жапа шегу…

Жампозов амалы таусылып осындай іске барған алғашқы жан емес. Осыған дейін өз-өзін тірідей өртегендерді де көрдік. Осының бәрі жүйедегі үлкен шикіліктің, былықтың барын ғана айғақтайды.

Осы орайда белгілі қоғам белсендісі Айдос Сарымның осы іске қатысты айтақын есіме түсіп отыр:

«Өмірбек Жампозов не үшін қазақтың Мұхаммед Буазизиі болмады? Себебі біз тунистік емеспіз. Біз әлі ол дәргейге жеткен жоқпыз. Бірақ, Буазизи эффектісі болмағанымен, Жампозов эффектісі болды. Жақын туыстарына қиын болды дейміз. Бұл Целиноград ауданы, Ақмола облысында орын алды. Астанадан екі аттам жерде ғана. Бұл эпикалық трагедия.

Көптеген симпатизианттар, әсіресе билікті өліп-өшіп сүйетіндер алматылық атқыш Күлікбаевты еске түсіріп жатыр. Сөйтсек, уақыты мен жағдайы ұқсас екен-мыс. Бос сөз. Күлікбаев тірі. Бандиттер өлімге бармайды. Ол ешкімге үлгі емес. Күлікбаевты Жампозовпен салыстыруға да келмейді. Ақыры салыстыру керек болса, Әуезовті оқу керек.

«Қараш-Қараш» дейтұғын шығарма бар, өлмейтін. 1968 жылы Болотбек Шамшиев фильм түсірді. Меніңше, Өмірбек Жампозов амалы таусылғаннан соң, бір емес екі қылмысқа барған қазіргі заманғы Бақтығұлы. Әуелі, мемлекет алдындағы жазығы – күштік құрылым қызметкерлерін атуы. Екіншісі, Құдай мен жақындарының алдындағы жазығы. Оның тағы бір айыбы – біздің мемлекеттік саяси машинаның астына түсуі» – деді ол өзінің бір сұхбатында.

Ия, бұған алып-қосар сөз аз. Еліне қызмет етіп, ұлтына пайдасын тигізетін осындай рухы мықты ерлердің саяси жүйенің құрбаны болып кетуіне кім кінәлі? Әрине, дәл қазір осыған жауап беру де қиын. Алайда, уақыт өтеді. Заман өзгереді. Бүгін орын алып жатқан жайттар үшін ертең жауап беретін кез де келмей қоймайды.

Жампозовтың ерлігінен кейін іс бітпеді. Құқық қорғау органдары енді оның ұлы Асылжанға тізе батыра бастады. «Прокурорды іштен бір тепкен екен».

Бақұл болған әкесінің жанына ұлын жібермесе, оның қолын бұрап жерге жатқызып қойса, іштен теппегенде прокурорды сүю керек пе сонда ол? Ашуланып өз-өзін ұстай алмаған да. Енді осыны желеу еткен «намысқор» құқық қорғаушыларымыз Асылжанға қылмыстық іс ашыпты.

Бір емес, он іс ашсын. Қазақ деген ел барда, берекесі жарасқан ұлтымыз барда біз Асылжанды «шаш ал десе, бас алатын» құқық қорғаушылардың қолына беріп, қарап отырмаймыз.

Асылжан – асылдың сынығы, асыл ЕРдің сойы!

Махамбет Ерғали

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз