Алматыда жат ағымның жетегінде кеткендермен күрес қарқынды жүргізіліп жатыр деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Алматы қалалық дін істер басқармасының мәліметінше, 2016 -2017 жылдары арасында елімізге миссионерлік мақсатта келіп, арам ойын жүзеге асырмақ болғаны және тыйым салынған діни кітаптар таратқаны үшін 26 азамат жауапқа тартылып жалпы сомасы 4 025 800 теңге әкімшілік айыппұл төлеген.
Одан басқа темір торда отырып, жазасын өтеу кезінде ислам дінінің дәстүрлі емес жолын тандағандармен де тығыз жұмыс жасалуда. Дін істер басқармасының жанынан құрылған «Шаңырақ» сауықтыру орталығы бір жыл ішінде бостандыққа шыққан 653 сотталушымен кездесу өткізіпті. Нәтижесі де жоқ емес, соңғы бес айда 58 жат ағымның жетегінде кеткен азамат тура жолға түскен.
Қалалық дін істер басқармасының хабарлауынша дәстүрлі емес дінге бет бұрғанның барлығын «тұрмыстық жағдайы төмендер» деп айту қиын.
«Алматыда көпке танымал актер азамат сәлафизмге беріліп, отбасы мүшелерін де тақуалыққа әкелген. Дінді берік ұстанғаны сонша өзінің бірінші әйелін «талақ» айтып тастап кетеді де жас қызға үйленеді. Артынша бірінші әйелінен қалған 14 жастағы қызын «шариғат бойынша балиғат жасына толды» деп күйеуге беруге мәжбүрлеген. Қарсы шыққан қызы мен әйелін тіпті қорқытуға дейін барған. Қазір бұл азаматпен қаладағы ең мықты исламтанушы, психологтар жұмыс жасауда. Өкінішке орай отбасы мүшелері жат ағымға діни сауаттылықтың жоқтығынан барып, осындай оқиғаға душар болған»,- дейді дін істер басқармасының қызметкері.
Исламтанушылардың сөзінше, сәлафизм ағымына елімізде тыйым салынбағанымен, оны ұстанушылардың көптеген әрекеті мұсылман дініне қарсы екен.