Өзбекстанды 25 жыл басқарған Ислам Каримов өмірінің соңғы сәтінде Құран тыңдаған

0
181

Өзбекстанның экс-президенті Ислам Каримовтің қазасынан кейін президенттікке бірден бір үміткер болып есептелген, Голливуд актрисасы Моника Беллучимен кешкі ас ішу үшін 190 мың еуро төлеп, Каримовтің ерке қызы атанып кеткен Лола Каримова өзінің Facebook парақшасында әкесінің өмірінің соңғы сағаттары жайлы жазбамен бөлісті.

Жазбаның авторы Лоланың құрбысы Акила Таирова деп хабарлайды 31 арнаға сілтеме жасап nur.kz порталы.

Акиланың жазуынша, Ислам Каримовтің өмірінің соңғы сағатында қан қысымы қатты көтеріліп кеткен. Оның жанында тек жары Татьяна мен Лола қызы болған. Яғни, үлкен қызы Гүлнар болмаған. Президент ауруханаға түскен сәттен бастап, оның жағдайы туралы анық ақпарат жарияланып тұруын отбасы мүшелері өтінген.

Науқастың өмірінен күдер үзген олар елдегі ең мықты қариларды шақыртып, Каримов көз жұмғанша 12 сағат Ясин сүресінен бастап, үзбестен Құран оқытқан екен. Каримовтің қазасынан кейін молдалар оның денесін президенттің өзі жақсы көрген райхан гүлдерімен көмкеріпті.

Ислам Каримовтің жерлеу рәсімі өзі аманат еткендей қатаң түрде барлық Ислам қағидаларын сақтай отырып өткізіліпті.

Өзбекстанды 25 жыл басқарған Каримов 2016 жылдың 27 тамызында миына қан кетіп ауруханаға жатқызылып, екінші қыркүйекте көз жұмған еді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз