Г.Ерғалиева Салтанаттан неге қашты?

0
446

Салтанат және Гүлжан. Кім күшті?

Алматының №1 балалар үйі «Гүлжан.орг» интернет сайтының жетекшісі Гүлжан Ерғалиеваны сотқа бергелі жатыр. Себебі, сот шешімі бойынша, Г.Ерғалиева №1 балалар үйіне 5 миллион теңге төлеуі тиіс. Ол соттың бұл талабын орындамай келген еді. Ертең осы іске қатысты сот отырысы басталады. Бұл хабар Г.Ерғалиеваға төбесінен жай түскендей әсер етті. Ол қаржысын жинастырып, балалар үйіне тездетіп ақша аударуды бастап кетті.

«Гүлжан.орг» сайтының жетекшісі Г.Ерғалиеваның №1 балалар үйіне берешек болып қалуының себебі мынада: «Гүлжан.орг» сайты Қаржы полициясының бұрынғы басшысы Қайрат Қожамжаровтың әйелі Салтанат Аханова жөнінде жалған ақпарат таратқан. Салтанат Аханова Г.Ерғалиеваны сотқа беріп, өзіне келтірілген моральдық залалды 2 млрд 640 млн теңгеге бағалаған. Бірақ, сот сайт жетекшісі Г.Ерғалиеваның жәбірленуші С.Ахановаға тигізген моральдық залалы үшін 5 миллион теңге төлеп, баспасөз бетінде кешірім сұрауын ғана талап еткен болатын. Ал Салтанат Аханова өзіне төленуге тиіс 5 миллион теңгені жетім балалар үйіне аударуды сұраған. Бірақ, біршама уақыт өтсе де, Г.Ерғалиева балалар үйіне бір тиын да аудармапты. Сондай-ақ, Г.Ерғалиева «кезінде сот шешімін жарияладық» деп, сайт бетінде С.Ахановадан кешірім сұраудан бас тартты. Осы себептен сот шешімін жүзеге асырушы сот орындаушылары Г.Ерғалиеваның үстінен сотқа арызданған. Сөйтіп, сот шешімін орындағысы келмей жүргені үшін Г.Ерғалиеваға 16 200 теңге айыппұл салынып, одан 5 миллион теңгені балалар үйіне аударуын және С.Ахановадан сайт бетінде тездетіп кешірім сұрауын қайта талап етті. Ал, Г.Ерғалиева «менде 5 миллион теңге жоқ, мен зейнеткермін, ай сайын зейнетақымның бір бөлігін ұстап қалып, оны балалар үйіне аударып тұрсын» деген сыңайда сөз айтып, түлкібұлаңға салынып жүрген. Осыған байланысты, сот шешімін орындамағанша, «Гүлжан.орг» сайтын уақытша жабу жөнінде тағы бір шешім қабылданған болатын. Соған қарамастан Г.Ерғалиева 5 млн теңгені балалар үйіне аудармай келді.

Міне, енді №1 балалар үйі өздеріне тиіселі ақшаның соңына шындап түсті. Олар Г.Ерғалиева өз айбын төлемейінше, «Гүлжан.орг» сайты отырған үйді уақытша арестке алуды соттан сұраған. Мұның себебі бар. Өйткені, тықыр таянып келе жатқанын сезген Г.Ерғалиева өзінің атына рәсімделген үйді («Гүлжан.оргтың» офисін) басқа біреудің атына рәсімдеп, «сыйлап» жіберіпті. №1 балалар үйінің басшылығы «бұл бізге тиесілі ақшаны бермес үшін әдейі жасалған іс, мұндай кезде Г.Ерғалиеваның өзіне тиесілі мүлікті басқа біреуге сыйлап жіберу заңсыз» деп, үйді («Гүлжан.оргтың» офисін) тездетіп арестке алуды талап етті. Балалар үйі басшыларының қажырлы әрекеті өз нәтижесін беріп жатыр. Бағасы 5 млн теңгеден бірнеше есе қымбат тұратын үйінен ай мен күннің аманында айырлып қалудан зәресі ұшып қорыққан Г.Ерғалиева апыл-ғұпыл 1 млн теңгені №1 балалар үйінің есепшотына аударып жіберді. Енді қалған ақшаны жанұшырып іздегенсіп жатыр. Ол ақшаның да тез табыла қоятынына ешкім күмәнданбаса керек. Себебі, «Свобода слова» газетін ол билікпен тығыз байланыстағы қалталы адамға орасан зор соммаға саттып жіберді» сөз бар. Мұны №1 балалар үйі сезіп отырған сықылды. Өйткені, «Жоққа жүйрік жетпейді» деген мақалды олар да біледі ғой…

Берік Мыңжасар
serke.org
www.gu-gu.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз