Белгілі депутат өзіне қарамаған жас қызды қалай «сындырғанын» айтып мақтанды

0
453

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Ержанов бірнеше әйел алуға қарсы. Ол көп әйел алып, көпшілікке «тату отбасымыз» деп жүргендердің әңгімесі далбаса деп ойлайтынын жасырған жоқ. Халық қалаулысы бұл туралы NUR.KZ тілшісіне баяндап берді.

Ақтөбелік депутат өзіне қарамай қойған бойжеткенді қалай "сындырғанын" айтып берді

«Әйелім жалғыз. Екі әйелі барлардың үйінде бірлік бар деп ойламаймын. Баяғы заман емес, екі-үш әйел алып отыратын. «Екі үйдің балалары тату» деген әңгіме өтірік. Себебі, ол мүмкін емес жағдай. Екі әйелдің тату болуы қиын. Олар мал не шошқа емес. Адам емес пе?», – дейді Бақытжан Ержанов.

Ақтөбедегі атышулы Шалқар ауданының тумасы саналатын азамат жас кезінде өзін менсінбей жүрген қызды қалай қаратып алғанын да әңгімелеп берді.

«Ауылға бірінші рет жұмысқа барған кезім. Совхоз директоры 15 үйлік ауылға тоқтады. Қасымдағы бастықтар тоқтаған үйге түстенуге кіріп кетті. Күн аяз. Маған ешкім «кір» деп айтпаған соң қысылып сыртта қалдым. Ауылдың бір тұрғыны судан келе жатыр екен. Менің жаңадан жұмысқа келгенімді естіп, үйіне ертіп апарды. Сол үйден макаронмен шай іштім.

 

Ауылда үйге келген адамға альбом әкеп береді. Қарап отырып «Мынау кім» десем «қарындасым» деді. Ыңғайсызданып қалдым. Ішінен тағы бір суретті көрсетіп сұрасам «Жаңағы қарындасым ғой» деп жатыр. Ыңғайсызданып әрі сұраған жоқпын.

Кейін балалардан ол үйде шашы қап қара әдемі қыз бар екенін біліп алдым. «Бірақ, мінезі жаман, көкбет қыз» деп жатыр. Ішімнен «маған керегі сол көкбеті ғо» деп тұрмын», – деп күлген ақтөбелік депутат жастық шағын еске алды.

Қаладан оқып келген қыз ауылдың қара баласымен таныспай, әбден жүгірткен.

«Бір күні досым жаңағы қызбен таныстырмақ болды. «Ләззат тоқта, менің атақты спортшы бауырыммен танысып қой» деп жатыр. «Бақытжан» деп қолымды берсем, қыз қарады да бұрылып кетіп қалды. Жынымның келгені-ай. Міне, сол кездегі біздің махаббат осындай қолжетпес арман болған.

Бір күні ауылға жұмыспен сол қыздың ағасының үйіне бардық. Апасы «Ләззатжан ағаларыңа сусын бер» деді. Үлкендер ішіп кетіп қалды. Мен кесемді ішіп оған беріп жатқанымда кесені ұстап жатқан саусақтарынан ұстап қалдым. Қолын жұлып алып ала көзімен қарайды. Кесені қайтып берсем алмайды» ,- дейді ол қызды қарату үшін барын салғанын айтып.

Шалқарлық жігіт білім мен білек күшінің арқасында қыз алдында мықтылығын көрсеткен. Абыройлы қызметке орналасып, елге сыйлы болған азаматқа ғашығы да оң қабақ танытқан.

«Бір күні барғанымда көңіл-күйі жоқ. Барған кезде бірден басынан иіскейтін едім. «Қойшы» деп сөйлеспейді. «Біреулермен жүргенсің» деп ренжиді. Қызға барған жоқпын деп айта алмаймын. «Ләззат, ине мен жіп болатын болса, қыздардың бәрі жіп бойында қалып қойды. Соңындағы түйіні сенсің. Саған келгенде түйіп тастадым» деп көңілін көтергем. Осыны «сол сөзді қайдан тауып алдың» деп әлі күнге дейін айтады»,- дейді Бақытжан Ержанов.

Депутат адам өз сезіміне жоғары баға бергенде ғана оның қымбатырақ болатынын жеткізді.

Ақтөбелік депутаттың әлі күнге дейін ғашық боп жүрген «қызы» бүгінде шаңырағының отанасы, балаларының анасы.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз