Осыдан біраз бұрын өнер адамдары, оның ішінде қазақ әншілері тегін ауыстырып, фамилиясын руының атымен атап, келеңсіз іс істеп жүргені туралы«Әншілер неге рушыл?» деген мақала жазғанбыз. Сұрақтың жауабы да берілген. Ол –халықтың рушыл сезіміне әсер ету арқылы пайда табу, дүние жинау. Бұл әншілердің рушыл болып кетуінің бір себебі ретінде айтылған. Мақаланың соңында «Қазақ әншілерінің рушыл болып кетуінің тағы бір себебі бар. Бұл жоғарыда айтылған бірінші себептен әлдеқайда жаман, қазақ үшін әлдеқайда қауіпті. Ол туралы келесі мақаламыздың бірінде айтатын боламыз» деп жазылған еді. Міне, енді сол айтылмай қалған рушылдықтың екінші себебін жұртқа жайып салудың реті келіп тұр.
Әнші Майра Мұхаммедқызы өзінің тегін ауыстырып, Майра Керей атанғанына біраз болды. Ол бұл ісін былайша түсіндіріп жүр. Майра анда-санда Еуропаға барып ән шырқайды екен. Оның ойынша, еуропалықтар «Майра Мұхаммед» деп айтуға қиынсынады-мыс. Шындығында, мұсылман әлемінің кіндігіне жақын жатқан еуропалықтарға пайғамбарымыз Мұхаммедтің есімі жат емес, ол үйреншікті есімдердің біріне айналғалы қашан! Дәл осы есіммен әлемге әйгілі қаншама тұлға шықты! Қара нәсілді боксшы исламды қабылдап, «Мұхаммед Әли» атанғанда да христиандар оның есімін атауға тіпті де «қиынсынбаған» болатын. Бұл жерде Майра Керей бір нәрсені жасырып отыр. Өзінің фамилиясын өзгертуге қатысты айтқан оның уәжі ақылға қанымды емес. Шындығында, ол қазақ болудан қашқақтап отыр. Неге?
«Мұхаммедқызы» деген сөзде қазаққа, қазақ тілінің әліпбиіне ғана тән «ұ», «қ» сияқты «құйрықты» әріптер кездеседі. Ол өзге халықтың тілінде жоқ мұндай әріптердің (дыбыстардың) өзінің аты-жөнінде болмағанын қалайды. Яғни, оның қазақтықтан қашқақтап отырғаны байқалып тұр. Екіншіден, қазақтар – мұсылман. Тіл мен дін ұлтты басқалардан ерекшелейтін басты факторлардың бірі. Халқымыз исламды қабылдағаннан бері ұл-қыздарының атын мұсылманша қоя бастады. Ал Майра таза қазақ бола тұра ислам дәстүрін, қазақ дәстүрін мойынсынбай мұсылманша есімнен қашып отыр. Яғни, бұдан оның тағы да қазақ болғысы келмейтінін көреміз. Осы сияқты қазақтықтан қашқақтап жүргендердің қатарына Матай, Албан, Жеменей, Найман, әл-Тарази, Тарази деген фамилия алып, тегін өзгерткендерід қосуға болады. Себебі, ру мен жер аттарының түгелге жуығы қазақ мұсылман болғанға дейін қолданылған ескі сөздер. Әрине, аты-жөнін өзегерткен адамдардың біразы бәрібір қазақшылықтың «құрығынан» құтылып кете алмады. Фамилиясын «орысша» стандартқа келтіріп еуропашалағанмен өз есімінде «ұ», «ң», «ғ», «қ», «ә» сияқты әріптер қалып қойды.
Совет одағы кезінде орыс ортаға түсіп қалған Тұңғышбай, Тоқтар есімді адамдар «Толик», Ақылбек пен Әкім есімді жігіттер «Алик», Мақпал мен Мөлдір есімді қаздар «Маша», Амангүл мен Нәзігүлдер «Настя» деп танысуды жөн көретін. «Сен қазақ екенсің ғой, бірақ түрің қазаққа ұқсамайды» деп біреу күмәнді сөз айтса, соған мәз болып, бір жасап қалатын. Сол кеміс психология қазақтың бойында әлі бар сияқты. Бірақ, «Маша», «Толик», «Алик» болу «модадан» қалды – қазір ерсі көрінеді. Оның үстіне фамилияны өзгерту оңай болғанмен азан шақыртып қойған өз атын заң бойынша өзгерту қиын. Осы жағдай ат ауыстырғыш әншілерді тежеп тұр. Әйтпесе, олар мына түрімен «Алекс», «Майкл», «Дженифер» деп атын өзгертіп алудан тайынатын емес.
Қазақтардың қазақ болудан қашқақтайтынын Сара Найманға қатыстыра айтып, тағы да жүйелей түсуге болады. Әнші өзінің «Найман» аталуын тарихқа апарып бірақ тірепті. Айтуынша, ол мектепте «Қазақстан тарихы» пәнін жақсы көріпті. Ескі тарихқа қызығыпты. Оқып отырса, наймандар кезінде өз алдына жеке мемлекет болып, дәурені жүрген екен. Соған таң қалып, өзі найман руынан болған соң Сара Найман атанып алыпты. Дұрыс делік. Бірақ, оның ескі тарихты жаңғыртқысы келсе, фамилиясын неге «Күшілік» немесе «Кетбұға» деп алмағаны таңырқатады. Бірі – Найман мемлекетінің ұлы ханы, екіншісі – Мысырға дейін жаулап барған монғол әскерінің даңқты қолбасшысы. Екеуі де әлем тарихындағы танымал тұлғалар. Сара тарихты жақсы оқыса олар туралы білсе керекті. Бірақ, ол Күшілік немесе Кетбұғаны фамилия ретінде алмай, Найман атанды. Себебі ол да Майра апасы сияқты қазақша әріптерден, қазақтықтан қашқақтап отыр.
Майра мен Сара шетелге шығып ән айтып, «өнеріммен елімді, жерімді әлемге танытам» десе, фамилиясын «Қазақ» деп алушы еді. Еуропада Кетбұғаны білсе де, найманды білмейді. Оған қарағанда қазір қазақтың аты біршама танымал болып қалды. Егер әншілеріміз «Майра Қазақ», «Сара Қазақ» деп өзін жария етіп жүрсе, еуропалықтар «Ә, күміс көмей әншілер Қазақстаннан келген екен» деуші еді! Бірақ олар «құйрықты» «Қ»-дан босқа секемденіп, келіп тұрған бақты өз қолымен қағып тастап отыр. Мұнысы өздері үшін де, қазақ үшін де өкінішті жағдай.
Әлнияз Бестемір
серке.орг
www.gu-gu.kz