Төреғалидің аузына темірді қыздырып басу керек – танымал журналист

0
217

Елімізге танымал спорт журналисі Несіп Жүнісбаев та әнші Төреғали Төреәлінің Павлодардағы концертте көрсеткен ерсі қылығына өз бағасын берді. Бұған дейін ол әншінің сахнада өзін ұстауы мен сөз аптауына разы болып келген екен. Алайда, тыңдармандарына айтқан ауыр сөзерінен кейін одан көңілім қалды дейді. Бұл туралы sn.kz сайты хабарлады.

«Бұл мен араласатын әңгіме емес еді. Бірақ қоғамда,оның ішінде ұлт ұл-қыздары арасында болып жатқан осындай ауыр мәселелерге араласпасақ, қайраткерлігіміз қане? Мен Төреғалиды айтыстан көріп, сөз саптауына, өзін сахнада ұстауына риза болып, кейіннен ән өлкесіне қанат қаққанда тілектес болып, ән кешіне барып, тақымымды қысып жүрген тілектес ағаларының бірі едім. Өзіміз қара сөздің құдіретіне бас иіп жүрген жан болған соң ән кештерінде басты назарды сөздің мағынасына салып, әннің бағасын сол қасиетіне қарай беріп жүретінмін. Жасыратыны жоқ, ол жағы сәл арзан түсіп жүргеніне қынжылатынмын да», – деп бастады әңгімесін танымал журналист.

Ал, Павлодардағы ерсі қылығы үшін Төреғалиға шара қолдану керек дейді ол.

«Мынау Павлодарда болған оқиға оның жас өнерпаз ретінде көйлегіне сыймай кеткенінен толық хабар береді. Сахнада тұрып, өзін құрметтеп, қалап келген жандарға дауыс көтеріп, «Шық! Кет!» дегенге баруы әнші ретінде де, азамат ретінде де жер бауырлауы деп есептеймін. Видеоларынан көрдік, сахнадағы Төреғалиды өмірдегі тойған қозыдай монтиып жүретін сүйкімді жігітке ұқсата алмадым. Ес-ақылы өзінде емес әйтеуір… Киімінің белбеуі салақтап, халық отырған залға саусағын шошайтып, зіркілдей сөйлеуі сыртта отырған маған ауыр тиді. Ал, шынымен бүкіл көрерменнің көз алдында сахнадан айтылған болса; «Еріккен сарт енегін уқалайды!» дегенді айтқан ауызға темір қыздырып басу керек! Төреғали жайлы пікір әртүрлі еді қоғамда. Мен ол баланы қазақ өнерінің жарқын тұлғаларының бірі болады деп көп адаммен дауластым да. Біреулер оның журналиске көрсеткен өркөкірек мінезін айтып, түңілді де. Ақыры мынадай болды. Мен Төреғалидың көптен кешірім сұрап, жариялаған видеосын көрдім. Қатты ұялып, бетінен басып отырған азамат жоқ онда. Қарызға уәде беріп отырғандай көрінді ол маған. Сол кешірім видеосында халыққа тағы екі ауыр сөз айтты. «Шал дейтін шал бар ма бізде, шауқан ғой…» деді. Қазақтың ақсақалы мен қарасақалының бағасын Төреғалидан сұрап тұрған ешкім жоқ бүгінде! Сосын: «… Үрген иттің бәріне жауап бере беремін бе…» деген ой айтты. Ол «иті» залдағы сөйлеген, айқайлаған көрермен болар. Сонда кешірім сұрау қайда қалды, мына ғайбат сөздерді қайда сиғызамыз?! Менің жанымның мұрнымның ұшына келуі – біздің бүгінгі ән өнеріндегі «жұлдыздарымыздың» шектен шығып бара жатқанын күн сайын көріп, бетімізді басуымыздан да. Мұның бәрін мен жас өнерпаздың жер-жебіріне жеткелі айтып отырған жоқпын. Керісінше, «Дос жылатып айтадыны» қару қылып, жас жігіттің түзу жолға түсуін тілегелі, сұрағалы отырмын! Имандай шыным,Төреғали балам!», – деп жазды Несіп Жүнісбаев өзінің Facebook-парақшасына.

Еске салайық, Павлодарда өткен Төреғалидың концерті үлкен дау-дамайға ұласып, көрерменге зекіп сөйлеген әнші халықтың сынына ұшыраған болатын.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз