Баянның «БАЯН СҰЛУЫ» шыға келе ме деп, ҰЛТТЫҚ АРНАНЫ ҚОСУҒА ҚОРҚЫП ҚАЛДЫҚ…

0
524

«ЕРДІҢ ЕКІ СӨЙЛЕГЕНІ – ӨЛГЕНІ»

 

 

«ЕРДІҢ ЕКІ СӨЙЛЕГЕНІ – ӨЛГЕНІ!»  «Егемен Қазақстан» газетінің белгілі журналисі Анар Төлеуханқызы кеше өз парақшасында осындай тақырыппен жазба жариялады. Онда ол:

«Ердің екі сөйлегені-өлгені», «Бабамның айтқан жерде басы қалған» дейтін халықтың ұрпағы едік. Көрсетілмейді деп айтып «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» сайтына салып, Ютуб желісіне қойып елге тарату, ұлы денесі көрініп жатып, басын жауып «көкек» ойнайтын бала тəрізді қылық көрсету нені білдіреді? Мына түрімен біз «Қазақстан» арнасынан ғана көрсетпейміз дегенбіз деп масқарамызды шығарып шетелге сатпасына кім кепіл?»– деп шырылдады «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» фильмін эфирден алып тастау туралы Ұлттық арнаның басшысы Ерлан Қаринге ашық хат жазуға бастамашы болған журналист.

Анар Төлеуханқызы бірақ кеше «Баян сұлудың» бүгін сол «Қазақстан» арнасының өзінде де қайталанатынын білген жоқ еді, біз де ойлаған жоқпыз…

Иә, ішінде белгілі ұлт зиялылары, тарихшы ғалымдар, қайраткер-қаламгерлер, кино мамандары бар, кейінгі қолдаушыларымен 300-ге жуық қол қойғандардың алдында Ерлан Қарин өз парақшасында мәлімдеген «Біз сіздердің барлық пікірлеріңізді ескерудеміз»-деген өз сөзін ұмытып кетті ме, Баянның «Баян сұлуы» бүгін тағы да қайталанды…  Әлде, Ұлттық арнада басшыларының сөзін құлағына қыстырмайтын кеңесшілер, қызметкерлер   толып жүр ме?  Не де болса, баршаның сөзінен Баянның сөзі басым болып, «Баян сұлу» тағы да шыға келді «Қазақстан» арнасынан. Теріс пиғылды телефильм қожайындары: «Баршаңды да, басшыңды да ұрып қойғаным бар» дегендей, кофелерін ұрттап отырып тамашалағаны айқын…

Ұлттық ұғымнан жұрдай Баянның «Баян сұлуы» шыға келе ме деп, Ұлттық арнаны қосуға қорқып қалдық…
«Уәде -құдай аты» дегенді, ердің сөзінің құнын ұмытып қалған заман болды ғой…

«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, «МЕН ҚАЗАҚПЫН» ұлттық жобасы, «I am a Singer » секілді мегажобалар жасап, елдің ықыласын алған Ұлттық арнаның зор еңбегін ұлттық ұғымнан жұрдай  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты дүбара,  шала-фильм шайып кететінін ойлау керек еді…

Қазыбек ИСА

qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз