Бұдан бұрын Шымкенттің су жаңа әкімі Нұрлан Сауранбаев «шалақазақша» сөйлеймін деп, жұрттың алдында масқара болған еді.
Есіңізде шығар? Шымкенттегі әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов 2017 жылды қорытындылап, тұрғындар алдында есеп берген. Бауыржан Ахметәліұлы баяндаманы мемлекеттік тілде жасады. Әйтсе де, 100 пайыз мемлекеттік тілде жасалған бұл баяндамаға жергілікті бір тұрғын наразылық танытқан.
– Назарбаев әрқашан 2 тілде сөйлейді. Әкімдік мемлекеттік мекеме. Құрметті аудан әкімі, сіз Конституцияның бір бабын бұздыңыз, — деген тұрғын жиында ҚР ресми тіл — орыс тілінің «жетімсіреп» қалғанына көңілі толмаған.
Міне, сол кезде әңгімеге қала әкімі Нұрлан Сауранбаев араласып былай деген еді (қала әкімінің сөзі қаз-қалпында берілді).
– Елбасы бізге пример де көрсетіп жатыр. Везде на всех мероприятиях должны вестись на двух языках.
Вот вы Послание Жолдауды соңғы естідіңіз ғой?
Два вопросты Елбасы қазақша айтты, екі вопросты орысша айтты. Поэтому в этом отношений доступность информации и Конституционная права они должны всегда соблюдаться. Поэтому Бауыржан 10 балный система, саған… сізге бәрі солай деді. Бірақ, мына жағынан я думаю есть вопросы которые…
Баяндама жасағанда тағы да ішінде или дополнение обязательно нетіп неғылыңдар.
Ол жағынан я думаю правильное замечание от жителя города была. Поэтому эти вопросы я думаю что надо обязательно соблюдать.
Әлеуметтік желідегі жұрт әкімнің бұл сөздеріне «шалақазақша» деуден өзге теңеу таппаған еді. Ал енді біреулер: «Сауранбаевтың орнында Сапарбаев болса не дер еді?» сарындағы пікір білдірген еді.
Шыны керек, Сауранбаевтың орнында Сапарбаев болса не істер еді? Ол кісіде мінез бар ғой…
Сауранбаевтың сөзі Шымкенттегі талай тұрғынның шамына тигендей. Айталық, «Замана» басылымына осы мәселеге байланысты пікір білдірген ақсақал Ақжолбек Мүсірәлиев әкімге қатты ашулы екен.
«Жалпы, жаңа әкімнің онысы өрескел қателік болған, – дейді қария. Оңтүстік – нағыз қазақтың тығыз шоғырланған жері ғой. Жұртшылық қонақжай, анау-мынау нәрсеге оңайшылықпен қозғала қоймайды. Ал тіл мәселесіне келгенде әкімді осынша сынға алып жатқанына мен де қосыламын.
Басқа жақты білмедім, біздің жақтың халқын енді орыс қыла алмайсың.
Жұрт ана тілін қорғайды, ұрпағының тілін, ділін жоғалтпағанын қалайды. Бұл істе басшылар бірінші болып үлгі-өнеге көрсетуі керек. Керісінше істесе, осылай тегіс жолда сүрінеді. Қала әкімі осы қатесінен сабақ алған шығар деп ойлаймын. Жалпы, бұл оқиға кім-кімге де сабақ болуы тиіс қой. Мемлекеттік тілді – ана тілімізді қорғауымыз, оның мәртебесін әрдайым көтеріп жүруіміз керек», – деп сойып салыпты Сауранбаевты Ақжолбек ақсақал.
Ақсақалды «Шымкенттің халқын енді орыс қыла алмайсың» дегені ерекше ұнады бізге. Анығы, қазақты орысқа айналдыру саясаты Сәбет үкіметімен бірге келмеске кеткен. Билік басындағы ат төбеліндей атқамінер мұны әлі де болса түсінбесе керек…