Дос Көшім жаңа Жер кодексі туралы шындықты айтты

10
152

Астанада 2016 жылы құрылған Жер комиссиясының шешімдері бойынша әзірленген жер заңы жайлы қоғамдық талқылау өтті.

Белгілі саясаттанушы Дос Көшім бас-аяғы толық емес жер заңына баға бере алмайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Мораторий не үшін жарияланды? Мораторий заңды өзгертуге, қабылдауға жарияланған жоқ, заңды қолдануға жарияланды. Сонда біз бес жылдың ішінде нені күтіп отырмыз. Бізге не бөгет болып отыр? Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мүмкіндік берілді екен, неге біз сонда мораторий жариялаған баптардың бәрін өзгертпейміз? 5 жыл бойы құр отырып, бес жыл біткеннен кейін өзгертеміз дейміз бе?!

Бұл сұрақ, менің ойымша, ең маңызды мәселе. Егер заңды өзгерту туралы мәселе туындап отырса, неге бес жыл бойы күтуіміз керек? Осы мәселе мен үшін түсініксіз», — деді Көшім.

Саясаттанушы осы ретте Қазақстанның заңдарын адам ұғына алмайтын Қытайдың иероглифтеріне теңеді. Оның айтуынша,

біздің заңды түсіну үшін тағы бес институт, бес жүз заңгер керек.

«Үшінші мәселе заңдарға қатысты.

Біздің заңымыз Қытайдың иероглифтері сияқты. Заңымызды түсіндіру үшін тағы бес институт, 500 заңгер керек. Кез-келген заңды қарап шықсаңыз, «Егер Қазақстанның басқа заңдарында көзделмесе», деген сыңайда жазылған сөйлемдерді кезіктіруге болады. Сонда біз оның көзделген-көзделмегенін білу үшін үш жүз заңды қарап шығуымыз керек пе? Заң нақты болуы керек!

АҚШ Конституциясын қарап көріңіздерші. Әрбір мәселе нақты. Кез келген шопыр, кез келген шопан заңды оқып, дұрыс-бұрыс дей алады. Ал біздің заңымыз шимай-шимай бір бәле. Мүмкін, кеңес өкіметінен қалған дүние шығар, кім білсін. Біз енді мұны өзгертейік. Екі-ақ нәрсе ғой жазылатын: жер ешкімге сатылмайды. Ауылшаруашылық жері дегенді қосып қойыңдар. Екіншісі, жер шетелдік компанияларға берілмейді. Болды осымен, сосын осы екі норманы халыққа көрсетіңдер», — деді Көшім.

Саясаттанушы ұрандатып көшеге шыққан халықтың екі талабы орындалмай, заңға баға бере алмайтынын айтты.

«Заң толық болу керек, толық баға берілу керек. Жаңағы халықтың көтеріліп, көшеге шыққан екі негізгі мәселесі шешілмей тұрған уақытта бұл заңға мен баға бере алмаймын. Барлық денесі бар, басы жоқ, жүрегі мен жаны жоқ. Жайылымдық жер, шекара аймақтарындағы мәселе, жерді бөлу кезіндегі оның ашықтығы мен жариялығы – мұның бәрі кірген, тамаша. Жүз пайыз қолдау мүмкін емес. Заң әркімге бірдей тең келмейді»,- деді ол.

«Бірақ егер заң толық болмаса, бұл айқай, сенімсіздік әлі күнге дейін қалады.

Бір ғана үмітім бар, Құдайға шүкір Қазақстанда көше бар, 70 пайыздай қазақ бар», — деп түйіндеді сөзін саясаттанушы.

10 ПІКІРЛЕР

  1. Досеке, қысқа да нұсқа, тоқ етерін айтты. Неге өзгертпейміз – неге сол заң баптарын мүлде алып тастамаймыз деген мағна бүркеусіз көрінді. Олардың орнына басқа، шегелейтін،: қазақ жері ешқашан сатылмауы керек، шетелдіктерге жалға да берілмеуі керек деген!

  2. Дос ағамызға комиссияның отырысы ұнамаған сықылды، жер заңын талқылауға да зауқы болмағаны көрініп тұрды.

  3. Осы комиссияның жиынында жер заңын түсінбеген адамдар көп болғаны байқалып тұрды، ең бастысы жер сатылады، жалга беріледі деген бап жоқ екеніне көзіміз жетті.

  4. Кейбір ағаларымыз жер мәселесіне байланысты өткен басқосуларға қаражатқа байланысты қатыса алмай қалғандарын айтып жатты، Олары ұяттау болды!

  5. Жер заңына байланысты жиында айтылған пікірлер، ұсыныстар қаралып өз шешімін табады деп ойлаймын. Жаңа жер заңы тек қазақ халқына жұмыс жасайтынына сенемін!

  6. Заңда ешқандай керіағар дүние жоқ.Онсызда шет елге сатылмайды деп тайға таңба басылғандай жазылып тұр.

  7. Жердің тағдырына бәріміздің де басымыз ауырады.Бірақ оны сатпаймыз деп анықтап айтып отыр ғой.

  8. Кім не десе де жер сатылады деп жүргендер нағыз арандатушылар.

  9. Заңда жер шетелдіктенрге сатылады деген бір ауыз сөз жоқ. Ендеше бұл тақырыпты неге қозғай береді؟

  10. Жер сатылады дегенді айтып жүргендер،нағыз арандатушылардың елге от салуды көздеп жүргендердің шығарып отырғандары ғой. Әйтпесе، басын ашып жердің сатылмайтындығы туралы 2021 жылға дейін мараторий жарияланғандығын айтты емес пе президент؟

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз