Соғысты болдырмау үшін де соғысу керек…

2
249


Ішкі-сыртқы қауіп-қатерлердің түбірінде жатқан коррупцияның кесірі Қазақстанға зиянын тигізуде…

2013 жылы Орталық Азия қақтығыстардың ошағына айналады деп әлем сарапшылары жарысып жазып жатыр. Мысалыға Халықаралық дағдарыс тобы көптеген себептерді алға тарта отырып, әлемдегі қақтығыстар ошағының алғашқы ондығына Орталық Азияны енгізіпті. Ресей мен АҚШ-тың барлау қызметтері де Орталық Азияда су, шекара төңірегінде қақтығыстар орын алады деп болжам жасауда. Әрине болжамдарын Құдай теріс қабыл еткей дейміз. Десек те, Құдай сақтансаң сақтаймын деген ғой. Бір тықырдың таянғанын да жоққа шығара алмаймын. Осыған байланысты Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның биылғы ішкі-сыртқы қауіп-қатерлеріне басқаша қырынан қысқаша ғана тоқталсам.
Әлемді бөліске салып жатқан алып күштердің тек мұсылман халықтарына ғана шетінен бүлік салып келе жатқанын ескерсек, сарапшылардың болжамы одан сайын қуат ала түсері анық. Одан қалды қарқын алып келе жатқан Еуразиялық интеграцияға қарсы АҚШ-тың да қарсылығы күшейіп барады. Қай күш болмасын өзінің бүлік салу әрекеттерін «азат етуші» не «құтқарушы» аттарымен бүркемелейтіні сөзсіз. Вьетнам соғысы туралы голливудтық фильмдер естеріңізде болар, көріп отырған адам вьетнамдықтарды аямай өлтірсе екен деп отырады. Қынадай қырылып жатқан вьетнамдықтарға ашымаған жан, бір американдық өлсе жылауға дейін барады. Нәтижесінде вьетнамдықтар құбыжықтар, американдықтар азат етушілер. Ресейдің Шешенстан соғысы туралы үгіт насихаттары да осы сарында. Террорист ел, ядролық бомбасымен әлемге қауіп төндіруші ел деген желеулермен Ауғанстан мен Ирактың тас талқанын шығарды. Түрлі қақтығыс, төңкерістермен араб елдерін қалпақпен бір-ақ ұрып алды. Басқасын айтпағанның өзінде өзге елдің жерін басып алып жатқан Израиль әскерлері отанын қорғау үшін соғысып жатқанына ешқандай шүбә келтірмейді. Ең сорақысы қаншама жылдар бойы үздіксіз қарусыз халықты өлтіріп келе жатқанын әлем халқы көріп отырса да шара қолданбауында. Сонда бұл жерде кім отанын қорғап жатыр? Әлемде болып жатқан осындай әділетсіздіктерден кейін Орталық Азияға түрлі бетперделер киіп, басып кіріп жатса таң қалуға болмайды.
Жалпы Орталық Азияға сырттан келетін қауіптен гөрі ішкі қаупі, ішкі проблема әлдеқайда қауіпті. Өзара қарым қатынастары қурап тұрған шөптей сезіледі. Әсіресе Өзбекстан мен Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстан аралары. Осы үш елдің арасында соғыс өрті тұтану мүмкіндігі басым. Аталған қауіпті жылдың алғашқы аптасында-ақ, өзбек-қырғыз шекарасында қақтығыс болып үлгерді. Бұл сарапшылар болжамының шындыққа жанасатындығын сездіреді. Егер де осы жерде тараптар бір бірін айыптап жатқанын ескерсек, проблемалардың ұзаққа созылатындығынан, ушыға түспесе, басылмайтынынан хабар береді және бұны жергілікті халық та, билік те, сарапшылар да, барлық тарап біліп отыр. Міне, осынысы үшін де, яғни Орталық Азиядағы кез келген қақтығыстың қауіпті тұсы, бір басталса соңы ұзаққа созылып кететіндігінде. Себебі туыстық байланысы мықты дамыған халықтың бір өкілін өлтіру, соның барлық туыстарын өлтірумен тең, туыстарының бәрін өлтіру бір ұлтты өлтірумен тең. Яғни қарсы жақтың бір азаматын өлтірсеңіз, оның туыстарының бәрі Сізге жау болады. Қанға қан қайтара алмауды ар санаған ұлттар арасында қан төгілсе арты ұзаққа созылары осыдан…
Менің ойымша сыртқы күштер алдымен Орталық Азиядағы халықтарды соғысқа психологиялық тұрғыдан дайындап жатқан сияқты көрінеді. Біз көбінесе осы факторды ұмыт қалдыра береміз. Мысалыға Орталық Азия ғана емес жалпы артта қалған елдер арасында жалған патриотизмді, национализмді шектен тыс насихаттаудың қауіпті түрі қалыптасып келеді. Әрине мұндай құрғақ не жалаң сезімдер арқылы мәдениеті жоғары, дамыған елдердің халықтарын иландыра алмасы анық. Бұл сезімдерді арамызда насихаттаудың шектен шыққандығы немесе санамызды жаулағаны сонша, бұл жолда адамдарды қырып жоюды ерлікке балап кетті. Отанды қорғау деген желеумен адам өлтірудің оп-оңай екенін, ләззатпен өлтіріп, тіпті көріп отырған адам да қарсы тараптың адамын өлтірсе, жеңілдеп қалатын, рахаттанып қалатын сезім қалыптастырды. Тарихта ешқандай ел өзін басқыншы ретінде көрсеткен не насихаттаған емес. Барлығы отан қорғау ұранымен соғысқан. Насихаттың күштілігі соншалық шын мәнінде қайсысының отанын қорғап жатқанын ажырату қиынға соғып барады. Қарқын алған осы тенденцияның соңы артта қалған елдерді қырғынға ұшыратуы мүмкін. Себебі барлығы отанын не ұлтын қорғау сезімімен бір-бірін қырып салуға психологиялық тұрғыдан дайын. Орталық Азиядағы елдердің шекараларынан жиі өтсеңіз аталған психологиялық жағдайға куә боласыз. Яғни бір-бірін атып тастауға дайын тараптарды байқайсыз. Сондықтан да араларында жиі қақтығыстар болып жатыр.
Бұл сезімдердің барлығы, адамдарды өлтіруді моральдық тұрғыдан ақтаудың жолдары деп білемін. Мақсат адамдар түрлі сезімдердің жетегінде бір-бірін аяусыз өлтіре бергізу, қару- жарақтың саудасын тоқтатпау. Мысалыға, алысқа бармай-ақ, арамызда өзге елдің әскери басқыншылығына атсалысқан азаматтар бар. Отанын қорғаушы елдің адамдарын өлтіріп келгенді әспеттеп, мектепте балалардың алдына апарып батыр ретінде насихаттағанымыз қаншалықты адамгершілікке не гуманизмге тура келеді? Бұл жерде кім отанын қорғаушы? Ертең біздің елге басып кіруші елдің әскерін осылай насихаттап жатса, қаншалықты әділетті? Бұның бәрі, жаңсақ түсініктер мен сезімдердің санамызды тереңінен улағанының көрінісі.
Орталық Азияда отанды қорғау желеуі әскердің ең төменгі сатыларына дейін дерт ретінде жайылғандығының тағы басқа қырын айта кеткен жөн. Ол, әскерлерді жеке мүддеге пайдалану. Әскерлерді біреудің бизнесін қорғауға, жеке мүддесін қорғауға, тіпті бау-бақша еккізіп, біреулердің бизнесін гүлдендіруге қызмет етіп жүрген сәттер ендігі жасырын емес. Көлеңке бизнестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қайтыс болса, оны бүркемелеп отан жолында қайтыс болды деп насихаттаған кездер де болды. Қазір әскердегі барлық іс-әрекеттердің түбін қазбаласаңыз, бизнеске келіп тіреледі. Ал мұндай жағдайда отанның бизнеске, саудаға салынып кету қауіптілігі күшейеді. Біз, қазақтар қанша жерден ұлттық менталитетіміздің соғысқұмар еместігін, басқа да себептерді айтып соғыстың аулы бізден алыс дегенімізбен, ақшаның алдында бұның барлығы іске алғысыз болып қалады. Қазір ақшаның құдіреттілігі, дәурені жүріп тұрған заман. Түбі соғыстың бизнес екенін мойындайтын кез келеді.
Осындай үлкен ойындардың, бизнестердің, жерінің асты-үсті байлыққа толы Қазақстанды айналып өтпесі белгілі. Наркобизнестен бастап, басқа түрлі көлеңкелі бизнестердің Қазақстанның үстінен жол салғандығы туралы мәліметтер бар. Мысалыға, Ресейдің Қазақстаннан келіп жатқан тауарлары арасынан тонналап наркотиктік тауарларды тәркілеп жатқандығы, соңғы бес жылда көлеңкелі бизнестің бірнеше миллиард доллардан асқаны туралы ресми мәліметтер сөзімізді қуаттай түседі. Бәлкім осы проблемалардың әсері болар немесе әйтеуір бір көлеңкелі күштің салдарынан өткен жылы шекарамызды қара бұлттар біраз торуылдағаны есте. Ал сол қара бұлттардың енді биыл шекарамыздан өту ықтималдығы да жоқ емес.
Бұған қоса, сырттан бір қауіп-қатер күтіп, шекараны қымтаудан гөрі ішкі қауіп қатерлердің рөлін айта кеткен жөн. Ішкі қауіптердің алдында этникалық жанжал мен терроризм алдымен аталады. Біз сияқты әлі мемлекеттілік санасы қалыптаспаған қоғамда этникалық жанжал тез тұтанары сөзсіз. Мысалыға, бізде ұйғыр, шешен, әзербайжан, орыс үшін алдымен өз ұлттық мүддесін мемлекеттен, Қазақстаннан жоғары қояды. Өткен жылы белең алған терактілердің биыл болмауына кепілдік тағы жоқ. Менің ойымша биыл, өткен жылғы терроризм сияқты қауіп-қатерлерден гөрі әлеуметтік араздық, қақтығыстардың қаупі күштірек сияқты көрінеді. Бәсекеге қабілетсіз экономикамыздың, Кедендік одақтың енді белең алып келе жатқан зардабы биыл күшейіп, бағалардың өсуі мен жұмыссыздық мәселесін ушықтыруы мүмкін. Қазірдің өзінде жыл басталмай жатып, түрлі салалардағы бағалардың өсетіндігі туралы хабар тарап та үлгерді. Осылардың барлығы әлеуметтік араздықтарды қоздырушы факторлар болып табылады. Қысқасы халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты барлық салаларда мемлекеттік органдар көңіл көншітерлік мәліметтер таратып жатқанымен, керісінше халықтың әл-ауқаты уақыт өткен сайын нашарлап барады. Жаңаөзен мұнайшылары 200 мың жалақы алады деп түрлі адам сенгісіз цифрларды айтып, алдап келген еді, соңы қалай аяқталғанын жақсы білесіздер. Ал мұндай жалған ақпараттар тарату әлі де жалғасып, керісінше одан сайын өркендеп келеді. Мысалыға, Қазақстандағы өткен жылғы орташа айлық көрсеткіші 104 мың теңге құраған екен. Осындай адам сенгісіз мәліметтер, кредит пен қарызға өмір сүріп жүйкесі діңкелеп жүрген халықтың ашу-ызасын одан сайын өршітуде.
Бұған қоса халықтың әлеуметтік жағдайының шиеленісуінің ішінде ұлттық фактор да үлкен рөл ойнайды деп ойлаймын. Себебі өзге диаспоралардың қазақтардан әл-ауқатының жақсы болуы, шетелдіктердің қазақтардан гөрі әлеуметтік жақсы қамтылуы, қысқасы Қазақстанда қазақтардың ғана әлеуметтік жағдайының мүшкілдігі ішкі жағдайды одан сайын ушықтырады. Осы мәселе биыл терроризмнен де қауіптірек болады. Басты себептері, әлеуметтік қақтығыстарға халықтың үлкен бөлігі қатысады. Бұл қақтығыстың ауқымын көрсетеді. Әлеуметтік қақтығыстардың ең қауіпті тұсы, бұның соңы жалпыхалықтық көтеріліске ұласып кетуі мүмкін.
Әрине, аталған проблемалар төңірегінде мемлекеттік органдар қызу жұмыс істеп жатыр, республикалық бюджеттен миллиардтап қаржылар бөліп деп, өзімізді жұбатуға болады. Бірақ нәтижесі жоқтың қасы. Менің ойымша, жоғарыда аталған барлық ішкі-сыртқы қауіп-қатерлердің түбірінде коррупция жатыр. Осы коррупцияның кесірінен аталған қауіп қатерлердің барлығы Қазақстанға едәуір зиянын тигізуде…
Фазылбек Әбсаттарұлы
www.gu-gu.kz

2 ПІКІРЛЕР

  1. СОҒЫСТЫ БОЛДЫРМАУ ҮШІН ДЕ СОҒЫСУ КЕРЕК… Ішкі-сыртқы қауіп-қатерлердің түбірінде жатқан коррупцияның кесірі Қазақстанға зиянын тигізуде…

  2. .Егер шетел сарапшыларының айтқаны дәл келіп жатса,демек олар сондай істің жоспарынан хабары бар адамдар.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз