QAZKOM қызметкерлері қазақ тілінде қызмет көрсетуді өтінген клиентті итеріп, банктен қуып шықты (ВИДЕО)

0
543

Бүгін қоғам белсендісі Оғыз Доған Qazkom банкінің Астана қаласындағы Сарыарқа филиалына барып, мемлекеттік тілде есепшот аштыра алмай, біраз қиындыққа тап болды. Бұл туралы Оғыз Доған өзінің Фейсбуктегі парақшасында видео жариялаған, – деп хабарлайды matritca.kz.

Видеоға көз салсақ, банк менеджерінің қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқанын көруге болады. Сөйлемегенімен қоймай, клиенттің талабына мән берместен күзетшінің жанына барды (қуып шығыңыздар деп өтінгісі келді ме екен, не айтқаны естілмеді – авт.).

Сосын өзін осы филиалдың басшысы деп таныстырған Әлия есімді әйел келді. Клиент оған қызметкердің қазақша сөйлеуден бас тартқанын айтып шағымданып еді, ол құлақ аспады.

Керісінше Оғыз Доғанға орысша «уберите камеру» деп зекіді. Оның бұл сөзін түсінбеген Оғыз Доған қазақша сөйлеңіз деп өтінді, бірақ Әлия есімді әйел оны жақтырмаған сыңай танытып, өз қызмет орнына кетіп қалды. Ол тек камераны өшірген жағдайда ғана клиентпен сөйлесетінін айтты.

Қазақша білетін бір қызметкер клиентке қызмет көрсеткісі келгенімен, ол камераны өшіруді талап етті.

«Не үшін видеоға түсіруге болмайды?» деген сұраққа банк қызметкерлері бір ауыздан «болмайды» деп қана жауап беріп жатты. Алайда қай заңның шеңберінде түсіруге болмайтынын түсіндіріп бере алмады.

Ақыр соңында қазақша сөйлегісі келмеген банктің күзетшілері клиентті, яғни Оғыз Доғанды итеріп-итеріп, банктен қуып шықты. Күзетші де не үшін түсіруге болмайтынын айта алмады.

7 минут бойы клиентке камера алдында қазақша қызмет көрсетуге ынта танытқан жан болмады. Барлығы да әуелі камераны өшіруді талап етті.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз