ВУНДЕРКИНД БАЛАНЫҢ ТАҒДЫРЫ

1
235

Аршат Оразовты біраздан бері білемін. Тым-тырс, өз ісін ғана біліп, өзімен-өзі жүретін қараторы, томаға тұйық, нұр жүзді, қой көзді жас жігітті бір көрмеге бұйығы жан ба деп қаласың. Сөйтсек, ол бойында үлкен сыр ұшығы жатқан жігіт болып шықты. Кезінде біраз елдің құлағына ілінген Ақтөбе облысынан шыққан вундеркинд бала осы екен. Оның кейінгі тағдыры қалай болғанын өзінен сұрап көрелік.

–Мен Ақтөбенің Ойыл ауданындағы Сарыбие деген ауылда өмірге келдім. Алдымен, менің зеректігімді, үйренуге талпынысымды көрген соң ауылдық кеңесте істеген, көзі қарақты атам 2-3 жасымда әріптерді үйретпек болса, мен бәрін де бірден қағып алыппын. Содан төрт жасымда кез келген кітапты зуылдатып оқи бастаған екенмін. Оны өзім білмеймін, кейін айтқан әңгімелерден естідім. Менің әкем атамның үлкені. Атамның өзі майдангер еді, үлкен немересі болған соң мені бауырына басып, еркелетіп өсірді. Бетімнен қақпай, талап еткен нәрсемнің бәрін де орындай беріпті.

Бірде, мектеп директорының орынбасары болып істейтін біздің көршіміздің үйіне қаладан қонақтар келеді. Әлгілер мектепті тексеруге келген облыстық оқу бөлімінің адамдары екен. Сөзден сөз шығып, көршіміз мен туралы айтады. Қонақтар қызығушылық танытып, мені алдырады. Сырты қоңыр шүберекпен қапталған «Бозінген» атты жинағым бар-тын, соны арқалап, қонақтардың үстіне томпаңдап кіріп барыппын. Алдымен меймандар етегін енді жапқан қарапайым қарадомалақтың бірі болып тұрған менің кітап оқи алатыныма шүбә келтіреді, бірақ «Бозінгеннің» кез келген жерін зуылдатып оқып бергенде, шалқаларынан түсе жаздайды. Бәрі де мұғалімдер емес пе, есеп шығартып, басқа «білігімді» де тексереді. Сөйтіп, қатты таң қалып, мені қаладағы Мақсат Құсайынов атындағы дарынды балалар мектеп-интернатына алдырмақ болып шешеді. Бірақ мен ол жылы бармай, келесі жылы, бес жасымда 1 сыныптың төртінші тоқсанына бір-ақ бардым. Сөйтіп, мен ешқашан әліппенің бетін ашпаған бала болдым. Сондықтан әлі күнге әріптерді жазба түрімен емес, баспа түрінде ғана және бөлек-бөлек жазамын. Сол кезден барлық газет-журналдар мен туралы жаза бастады.

Төртінші тоқсанда оқып жүргенде зерігіп, басқа шаруалармен айналысып кететінмін, өйткені маған оқу өте оңай болды. Келесі жылы 2 сыныпқа барған едім, бұл жерде де маған сабақ өте жеңіл болып, ешнәрсеге қызықпай, тыңдамай отыратынмын. Сондықтан, мектептің педагогикалық кеңесі мені бірден 3 сыныпқа ауыстырды. Сөйтіп, алты жасымнан үшінші сыныпта оқи бастадым. Менің сыныптастарым 1978 жылғы, ал мен 1981 жылғы едім.

–Өзіңнен үлкен балалармен оқу қиын болған жоқ па?

–Әрине, өзіндік қиындықтары болды. Мәселен, олардың оп-оңай білетін кейбір дүниелерін мен ұға алмай тұрып қалатын кездерім жиі болатын. Оның үстіне бәрі де менен үлкен, бәрі де менен күшті. Ал бала болған соң алысып-жұлысып ойнамай қоймайсың, сондайда бәрі де маған әлімжеттік жасап кететін. Бірақ, бәрібір, сол интернат маған әлі күнге ыстық. Осы жерде мен жетінші сыныпқа дейін оқыдым. Алатын бағаларым тек қана бестік болды.

Біраз уақыттан кейін менің әке-шешем де қалаға көшіп келді.

–Айтқандай, олар мамандықтары бар, оқыған жандар ма еді?

–Жоқ, екеуі де қарапайым жұмысшылар. Әкем темір жолға орналасты, ал шешем бір асханаға жұмысқа кірді. Жергілікті билік вундеркинд баланың ата-анасы деп менен басқа үш баласы бар оларға бес бөлмелі үй бермек болды, бірақ әкем одан бас тартты. Ендеше екі және үш бөлмелі екі үй алыңдар деген ұсыныс жасалған еді, одан да бас тартып, үш бөлмеге қанағат тұтты. Әлі күнге сол үйде тұрып жатыр.

1991 жылы жетінші оқып жүрген мен Ақтөбеде тұңғыш рет ашылған №32-ші қазақ мектеп-гимназиясына ауыстым. Мұнда бізді профильдерге бөлді, мен химия-биологияны ұнаттым. Сол жылы Қазақстанда ең соңғылардың бірі болып Бүкілодақтық пионерлер лагері «Артекке» де барып, бір ай оқып келдім. Ондағылар менің 10 жаста болып жетіншіге қалай өткеніме ұзақ уақыт сенбеді. Артектегі оқу орысша, соған қарамай мен жақсы оқып кеттім. Сонымен бірге спорттық жарыстардан бірнеше грамота, мақтау қағаздар алып қайттым.

–Бұл уақытта сен елімізге әбден танымал бала болған шығарсың?

–Әрине, мен туралы барлық қазақ-орыс газеттері жарыса жазып жатты. Одақтық «Труд» және т.б. газеттер де үлкен мақалалар берді. Кейін «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі болған Әмір Оралбаев ағамыз марқұм да «Пионер» (қазіргі «Ұлан») газетіне жазған еді. Мен ол кездерде суретті де жақсы салатынмын. Бірде, сәби кезімде, теледидардан келген бір орыс операторы шынашақтай бала мынадай суреттерді қалай салады деп бізге сенбей, менің суреттерімді түсірмей қойғаны есімде. Сол кезде мен жылап, жатып алған едім. Сурет салғанда мен көрген картиналарымның көшірмесін аудырмай түсіріп жүрдім.

–Мектепті қалай және қанша жасыңда бітірдің?

–Мен тоғызыншы сынып бітірген жылы қайта шегініп, 8-ші сынып бітіргендермен бірге Ақтөбеде ашылған қазақ-түрік лицейіне түстім. Бұл оқу орны бір жыл бойы тек ағылшын және түрік тілдерін үйретумен айналысады. Осыларды есептегенде мен лицейді 16 жасымда бітірдім. Ал алғашқы сыныптастарыммен оқығанда 14 жасымда мектеп бітірген болар едім. Лицейді кілең беске аяқтаған жоқпын, бір мектептен бір мектепке ауысу оқу сапасына кері әскерін тигізді. Еркелік те, мардымсу да киліккен шығар, әйтеуір оқуға соншалықты зауқым болмай қалды. Сөйтіп, лицейді 1997 жылы тек жақсы бағалармен ғана бітірдім. Одан кейін Түркияның Эскишеһир деген қаласының университетіне Туризм және қонақүй менеджменті мамандығы бойынша оқуға түстім. Мұндағы оқу да мен үшін оңай болды. Сол жақта жеті жыл оқыдым. Футбол, волейбол, шахматпен қатты айналыстым. Сөзжұмбақ, криптограмма сияқты дүниелер жасауға бала кезімнен құмар болдым. Мектепте жүргенде ондайларымды «Егемендегі» Жанат Елшібек ағайға арнайы жіберетін едім, бәрі де газет-журналдар бетіне шығып, қаламақысы келіп тұратын. Бала кезімде ол менің кумирім еді. Мен журналистикаға да құмар болдым, әлі де қолым қалт еткенде Интернеттегі өзімнің блогымда мақалаларым шығарып тұрамын. «Біз білмейтін қазақтар» деген өзімнің айдарым бар, соған шетелде бір нәрсеге қолы жеткен қазақтарды тауып, жазып жүремін. Қазір жұрттың бәрі жақсы көріп кеткен «Қара жорға» биін қазақтар алғаш рет түріктің 1965 жылы түсірілген «Қара оғлан» деген бір киносында дүниежүзіне көрсеткен екен. Сол киноға Мұстафа Өзтүріктің әкесі де түсіпті.

Түркияда магистратураны бітіруге де мүмкіндігім болған еді, бірақ түрлі сылтаумен оны да оқымадым. Өз билігім өзімде болған соң тым еркінсіп кеттім. Сол оқу орнында жүріп Интернетпен қатты әуестеніп, сайттар жасаумен айналыстым. Маған басқа тілде сайттар болғанда қазақша неге жоқ, ендеше қазақша сайт ашар ма еді деген қызығушылық қамшы болды. Содан кейін бірнеше ақпараттық сайттар, порталдар жасадым. Өзім бос уақытымда сол жақта жұмыс та істедім. Бірақ өз мамандығым бойынша бір күн де жұмыс істеген емеспін.

–Одан кейінгі өмірің қалай жалғасты?

–Түркиядан келген соң Ақтөбе облыстық әкімдігіне жұмысқа қабылдандым. Ол кезде «электронды өкімет» бағдарламасы жаңа басталып жатқан. Соны жасау үшін жаңа бөлім ашылған екен, мені соған шақырды. Деректерімді Интернеттен тауып алыпты. Сөйтіп, ақпараттар және технологиялар жүйесі орталығының бас инженері болдым. Біздің бірінші жылы жасаған бағдарламамыз Астанада 2-ші орын, ал келесі жылғысы 1-ші орын алды. Осы жерде 4 жыл қызмет істедім. Одан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің сайтына қызметке шақырылып, қазір сонда істеп жатырмын.

Қазір «Егеменнің» сайты қазақша сайттардың ішінде алдыңғы орынға шыққанын ел біледі. Шетелдегі қазақтар үшін басшылықтың тапсырмасымен латын, төте жазу әліпбиіндегі нұсқаларын да шығарып жүрміз, сондай-ақ ұялы телефон арқылы кіруге болатын қылдық. Қазір көптеген қазақ сайттары бізден үлгі алып жатыр.

–Бойымдағы Алла берген айрықша дарынымды, құдіретті әлеуетімді толық аша алмай қалдым-ау, үлкен атаққа, зор табысқа, тіпті биік мансапқа да жете алмадым-ау деп өкінген кезің жоқ па?

–Жоқ, ондай ой келген емес. Мен өзімнің орнымды Интернеттен тапқаныма өкінбеймін. Ал көп білім алып, бірнеше дипломды қаттап қойғаннан көп пайда көруге болады дегенге сенбеймін. Мен тіпті өзімнің алған мамандығыммен де бір күн еңбек еткен адам емеспін, дипломым үйде текке жатыр. Интернетпен айналысатын мамандар мені қазір жақсы біледі, осы салада әжептәуір табысқа жеттім деп ойлаймын, соны қанағат тұтамын. Ештеңеден құр қалдым деп ойламаймын. Интернеттің ресурстары өте шексіз, мен әлі де оның тереңіне бойлай түсуді алдыма мақсат етіп қойдым. Оның қазақ тіліне қызмет етуін жетілдіре түсуге үлесімді қоса түссем деген арманым бар. Қазір кез келген шетелдерде Қазақстан туралы жазылған материалдарды қазақша аударып оқи беруге болады. Әрине, аударма сапасы бәлендей жақсы емес, бірақ негізгі мазмұнын түсіне аласың. Алматыда «Мінбер» атты журналистерді қолдау қоры бар. Сол қордың аясында жыл сайын жас журналистерге Интернет ресурстарын аша түсуді мақсат еткен тақырыптарда семинар өткізіп тұрамыз. Соның жұмысына да белсене қатысамын. Былтыр өз министрлігіміздің «БАҚ kz» деген жобасына қатыстым. Сол кездегі министріміз Асқар Жұмағалиевтің өзі Интернеттен «Егеменнің» сайтын көріп қызығып, соны жасаған адамды тауып алыңдар, порталды соған жасатқызайық деп тапсырма берген екен. Мен шама-шарқымша министрдің сенімін ақтап, 3 ай солармен бірігіп жұмыс істедім. Қазір аяғынан тұрғаннан кейін өздері істеп жатыр.

–Отбасың туралы да айта кетсең…

–2007 жылы 26 жасымда үйлендім, әзірше екі кішкентайым бар. Үлкен ұлым бесте, ол да сурет салады, әріптерді таниды. Бірақ мен оның вундеркинд болғанын қаламаймын. Оның өзіндік қиындықтары болады, мәселен үнемі үлкен балалардың арасында жүру оңай емес, одан да өз құрдастарымен қатар өскені жақсы. Үлкен балалармен ақыл-ойың тең болса да, дененің дамуы жағынан көп артта қалушылықтың толып жатқан қиындықтары болатынын өз басымнан көрдім. Екінші ұлым әлі сегіз айлық.

–Әңгімеңе рахмет, еңбегің жана берсін.

Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз