НАЗАР­БАЕВ БИЛІГІНЕН СОҢ ҚАУІПТІ ЕКІ МӘСЕ­ЛЕ­ ҚАЛУЫ МҮМКІН…

0
160

Дос Көшім: “Назар­баев билігінен соң қауіпті екі мәсе­ле­ қалуы мүмкін”

Былтырғы жыл әділетсіз сот жүйесінің жылы болды

– Мерейімізді тасытқан жарқын жетістіктер де, жанарымызға жас ал­дырып, қаралы күн белгілеуге мәжбүр еткен қайғылы оқиғалар да өткен 2012 жылы орын алды. Саясаткер ре­тінде өткен жылға қандай сараптама жасар едіңіз…
– Өткен жылы, өкінішке орай, жар­қын жетістіктерімізге қарағанда, қара­лы күндеріміз көбірек болғанын мо­йын­дауымыз керек. Бұл оқиғалар (Жаңа­өзен, терроршылар, Арқанкер­ген, т.б.) саясаткерлер тарапына да, журна­лис­тер жағынан да жеткілікті түрде тал­данған сияқты. Бірақ мен бұл оқиға­ларға мүлдем басқа жағына көз салғым келеді. Әрине, қолмен ұстап көрсететін дәлелім жоқ, дегенмен осы оқиғалар­дың қозғаушы күші – билік басындағы топтар мен жеке адамдар­дың арасын­дағы талас – тартыс сияқ­ты көрінеді. Билікке келу қалай ауыр болса, оны ұс­тап тұру – одан да қиын мәселе. Би­лікқұмар, баққұмар жандар сол мақ­саттың жолында адам айтқысыз қаті­гез­дікке барып, ойға келмейтін қыл­мыстар жасайтыны белгілі. Қазақ же­ріндегі күтпеген оқиғалардың аста­рын­да осы билік басындағылардың тойымсыздығы мен бір-біріне деген кекшілдігі жатыр деп ойлаймын. Бұ­лардың ішкі күресінің азабын тартып жатқан – қарапайым халық. Сіз келі­сесіз бе, білмеймін, бірақ былтырғы қанды оқиғалардың барлығының да нүк­тесі қойылды, соттары өтті, бірақ қо­ғамның басым бөлігі билік пен заң орындарының берген бұл бағаларына келіспеген күйінде қалды деп білемін. Қысқасы, билік пен халықтың арасы ашыла түскен сияқты. Бұл оқиғалардың барлығы халықтың билікке деген се­німсіздігін күшейте түскен сияқты. Бір ғана мысал айтсақ жеткілікті болар; Жаңаөзендегі сот отырысында 60-тан аса адам жарақат алып, 17 адам оқ­тан қаза болғанда, әлі күнге дейін бей­біт халыққа оқ атуға бұйрық берген адам­ды да біле алмадық, сол бұйрықтың заң­ды не заңсыз болғанына да жауап ала алмадық. Бас прокурор бір айдан соң берген мәлімдемесінде «Олар атыс қаруын және суық қаруды, тас, таяқ және жанғыш қоспасы бар бөтел­ке­лерді қолданған топтың шабуылына тап болды» дегенді айтты. (Ал 17-жел­тоқсан күнгі ресми мәлімдемеде «атыс қаруы» туралы бір ауыз сөз болған жоқ). Алайда, бұл сөздердің нақты дә­лелін (қолдарына автомат, пистолет, мылтық ұстаған ереуілші топтың өкіл­дерін) сот үстінде сол күнгі түсірілген бейнетаспадан көре алмадық… Бас Прокурордың тағы бір сөзінде «Орын алған жағдайда полиция жасағы бір­неше рет алдын ала ескертіп, оқ атқан­нан кейін, тәртіпсіздіктердің белсенді қатысушыларына табельдік қару қол­данған». Егер телеарналардан сол қан­ды оқиғаның және адамдардың қаза болуының нақты дерегі көрсетілмесе, бұл сөздерге ешкім де көңіл бөлмес деп ойлаймын. Бірақ қашып бара жатқан қарусыз адамдарға пистолетті шірене көздеп, желкелерінен атып жатқан тәр­тіп сақшыларын барша қазақ көр­геннен соң, бұл жолдар – қарапайым жала болып табылады. Сот жүйесі мен прокуратура заң мен әділдікті емес, атқарушы биліктің іс-әрекеттерін (не­месе әрекетсіздіктерін) ақтап, со­лар­­ды ғана қорғады. Демек былтырғы жыл – әділетсіз сот жүйесінің де жылы болды.
– Ұлт тағдырына алаңдама­са­ңыз, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалы­сы­ның басы-қасында жүрмес едіңіз. Жал­пы қазақ ұлт ретінде ғаламда мәң­гі ғұмыр кешу үшін қан­дай нақты қадамдар жасауға тиісті?
– Американың «Тәуелсіздік декла­рациясының» авторларының бірі, ұлы демократ Томас Джефферсонның «Егер халық надандықта, қараңғы­лық­та отырып, демократиялық қоғам құра­мыз десе, оның ешқашан орын­далмай­тын мақсатқа қол созғаны» деген сөзі бар. Бұл жерде ол «қараңғылық пен надандық» дегенде – саяси көрсоқыр­лықты айтып тұр. Халықтың басым көпшілігі өздерінің құқықтарын, би­ліктің орнын, мемлекеттің міндетін айқын білгенде ғана өздері армандаған қоғамды құра алады. Сондықтан қа­заққа саяси сауаттылықты меңгеру қажет деп ойлаймын. Биліктің жақсы не жаман болуы мүмкін, басшының ақылды не ақымақ болуы да мүмкін, бірақ қоғамның көзі ашық болса, олар­ды ауыстыра да алады, жаңа билікті таң­дай да алады, өздеріне қажетті жүйе­ні орната да алады. Егер ондай сауаттылық жоқ болса, кез келген би­лік өзінің ойына келгенін жасайды да, қараңғы халыққа бұның бәрі сендер үшін жасалып жатқан жақсылық деп түсіндіреді. Не болмаса, қазір уақытша қиыншылық, кейін қатырамыз, тағы бір оншақты жыл шыдай тұрайық де­ген ертегіні тықпалайды. Соны са­ра­лай, талдай білетін қазақ қоғамы ке­рек.
Екіншіден, қазақтың өзінің ара­сын­да бірлік керек. Біз тәуелсіздікті жеңіп алғаннан бері бөлшектенуге кіріскен сияқтымыз; тілге байланысты – нағыз қазақ, шала қазақ, орыс тілді қазақ бо­лып бөлінеміз, дінге қарай – сала­фит­тер, сопылар болып топтанамыз, одан қалса, саяси көзқарасымызға қарай – биліктің жағындағылар, билікке қар­сы­лар болып жіктелеміз. Кез келген топтасу, бөлшектенудің белгілі бір ме­жесі болады, одан өткен соң, бұл топ­тар жауласауға көше бастауы да мүм­кін. Сондықтан халықтың басын қо­сатын идея, сол идеяны дайындайтын топ, сол идеяны ту етіп көтеретін бас­шы қажет. Қазақтың ұлт ретінде мәңгі ғұмыр кешуі білікті басшыны дұрыс таңдай алуымызбен де байланысты.
– Аға, өзіңіз бір сұхбатыңызда «Тәуелсіздіктің арқасында алғашқы жылдары қол жеткізген жетістік­тері­міздің барлығын қайтадан қайтарып бердік. Ештеңе қалған жоқ», – депсіз. Сонда сіздің ойыңызша Тәуелсіздік біздің елге ауыз толтырып айтарлық­тай ешнәрсе бермеді ме?
– Тәуелсіздік – сол халыққа тек қана мүмкіншілік береді деп ойлаймын. Әңгіме сол тәуелсіздік арқылы өз ұлтыңның, мемлекетіңнің бағытын анықтап, өз бетіңше шешім қабылдау және сол шешімді өзіңнің жүзеге асыруыңда жатыр. Қазіргі кезең мен Кеңес өкіметінің қол астындағы 80-90-жылдарды салыстырып қарап көріңізші. Қандай айырмашылық бар? Егер мәселе елтаңба мен әнұранда, туда болса, сол уақытта да әнұран да, ел­таңбамыз да болды. Егер мәселе атау­да болса, бұрын партия хатшысы дейтін едік, енді әкім дейміз. (Есіңізде болса, тәуелсіздіктен соң барлық об­лыстық партия ұйымдарының хатшы­лары әкім болып аталды) Одан ештеңе өзгерген жоқ. Алаштың арыстарының алдарына қойған мақсаттарынан тәуел­­сіздік орнаған қазақ жерінде тек біреуі ғана толық жүзеге асыпты.
Ол – қазақ елінің жеке мүфтиятының болуы. Ұлттық бағыттағы одан басқа бір де бір мәселе шешілген жоқ. Тәуел­сіздіктің 20-жылында Мәсімовтің кабинеті алғаш рет мемлекеттік тілде отырыс өткізіпті деп, соған мәз болып отырмыз. Павлодар мен Петропавл – құлдықтың таңбасы сияқты бадырайып әлі тұр. Зар заманда шет ел асқан қан­дастарымыздың оралу мәселесі де сиыр­құйымшақтанып, тоқтауға айнал­ды. Меніңше, дәл қазір көзі ашық қазақ қауымының ми қыртысында «Тәуелсіздік қазаққа не берді?» деген сұрақ жүр.
– «Ұлттық мемлекет» деген ұғым­ды қарапайым халықтың да, билік органдарының да терең түсіне бер­мейтіндігін жиі тілге тиек етесіз. Сіз­дің түсінігіңіздегі «Ұлттық мемлекет» қандай?
– Ұлттық мемлекеттің шарттарын ойдан шығарудың қажеті жоқ. Оны әлем­дік тәжірибеден анық көреміз. Израиль, Жапонияларды былай қой­ғанда, өркениетті, демократиясы да­мы­ған, сан ғасырлық тарихы бар мем­лекеттердің (Франция, Германия, Ита­лия, т.б.) барлығы дерлік – ұлттық мемлекеттер. Мемлекеттің ұлттық болуы да адамзат тарихынан, қоғамның даму заңынан шығады. Рулық кезең­нен – тайпа пайда болса, ол кейіннен тайпалық одаққа ұласады. Дамудың келесі бір сатысында тайпалық одақтар біртұтас халыққа айналады. Ал халық тарихи кезеңдерде тығыз араласа келе ұлтқа айналып, ұлттық дамудың ең жоғары кезеңінде өзінің мемлекетін құрады. Қазақ халқы да осы жолдарды жүріп өтті…бірақ «Қазақ елі» деген атауды алуға шамасы жетпей отыр. Ұлттық мемлекеттің көзге анық түсетін ең қарапайым шарттары мыналар: біріншіден, мемлекет құрған ұлттың тарихындағы ұлы күндер, тарихи дата­лар – ресми түрде мемлекеттік мей­рамға айналады. Оны мемлекеттік мей­рам (немесе сол ұлттың басына түс­кен азалы күн) ретінде сол елдегі барлық азаматтар атап өтеді. Қазақ хал­қы Ресейдің бодандығынан құты­лып, жеке ел болса да, қазақ халқының бір де бір атаулы күні мемлекеттік мей­рамға айналмапты. Біздің тойлайтын күндеріміз – қолдан жасалған, идео­ло­гиялық бағытта белгіленген (Консти­туция күні, Қазақстандағы ұлттардың тілі күні, т.б,) даталар. Тәуелсіздік үшін халқымыз үш ғасыр күресіпті, 300-ге жуық көтеріліс болыпты, ең болмаса сол күресте жандарын берген ерлерге арналған бір күн жоқ! Қасымыздағы қырғыз бауырларымыздың өздері 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте қаза тапқан ерлерін еске алып тұрады екен, бізде ол да жоқ. Екіншіден, өз тәуел­сіздігін ал­ған халық өздерінің ұлы тұлғалары­ның атындағы марапат бел­гілейді. Орыс­тарда Ушаков, Нахимов, Суворов сияқты ордендер бар, біздегі мара­пат­тың аттары – «Даңқ», «Па­расат», «Құр­мет», т.б. Аталары­мыздың аты­ның өшуі осылай баста­лады. Әлде әде­биет саласында «Абай» ордені, ғылым саласында «Шоқан Уәлиханов» ордені шығарылса немесе әскери са­лада «Кенесары хан» ордені берілсе, бір жеріміз қисайып қалады ма? Дәл осыған ұқсас, әскери бөлімдер мен оқу орындарына қазақтың батырларының аттары берілуі тиіс. Ұлттық мемлекет­тердің барлығында осындай дәстүр сақ­талған. Үшіншіден, мемлекеттің ақша­­сында да сол ұлттың ұлыларының бейнелері салынады. 1993 жылы ұлт­тық мемлекеттің бұл шарты бізде де болды, бірақ ұлттық мемлекетке ұқсап кетеміз бе деп қорқып кеткен билік қазақтың ұлыларының орнына кіш­кентай баланың қолын салуға көшті. Төртіншіден, ұлттық мемлекеттің мек­тептен бастап жоғарғы оқу орын­дары­на дейін бюджеттен қаржыландыратын барлық оқу орындары тек қана мемле­кеттің тілінде болады. Оның қажетті­лігін дәлелдеп жату артық болар деп ойлаймын. Бесіншіден, ұлттық мемле­кет өзінің сыртқы байланысын, басқа мемлекеттермен қарым-қатынасын тек қана өзінің мемлекеттік тілінде жүргізеді… Тізбектейтін болсақ, ұлт­тық мемлекет ретінде жасауға тиіс қа­дамдарымыз көп-ақ.

Өркениетті елдерде бай адамдар билікке аяқ баспайды

– Назарбаевтан кейінгі Қазақстан­ды қалай елестетесіз?
– Президенттер келеді, кетеді, ал мемлекет өзінің орнында қалады. Бі­реуі ұлттың қордаланып қалған мәселе­сін шешіп кетсе, енді бірі елдің эконо­ми­касын көтеріп, халықтың есінде қалады. Тағы біреуі биліктен байлық жасайтын жүйені құрып, жемқорлыққа жол ашып, корруп­ция­ның негізін салып кетеді. Әр басшының кезеңінде өзіндік бір есте қаларлық қоғамдық дәстүр қалыптасады. Ме­ніңше, Назар­баевтың билігінен соң, қоғамға да ұлтқа да қауіпті екі мәсе­ле­нің қалуы мүмкін. Біз бүгіннен бастап, осы екі қауіптің алдын алуымыз керек. Бірін­шісі – биліктің байлыққа жол ашуы. Өркениетті елдерде бай адамдар билік­ке аяқ баспайды. Кәсіпкерлерге билік­тің қажеті жоқ, тұрақтылық пен мемл­кеттің заңдарының қалтқысыз жүзеге асуы ғана керек. Олар өздерінің кәсіп­те­рін дамытып, тиынды теңгеге айнал­дырады, ал мемлекеттік шенеуі­нік­тер халыққа қызмет көрсетіп, жалақы­мен күн көреді. Мемлекеттік жұмыстан, айлық жалақыдан ешкім де байымайды. Ал біздің қоғамымызда билікке жа­қындамасаң – байлық та жоқ. Не ақ­шалы жерде (бұл жерде «ақшалы» деген сөз жалақыны біл­дірмейді…, майлы орынды білдіреді) жұмыс іс­теп байлыққа жету керек те, немесе жақын­дарының бірі үлкен бас­тық болуы шарт. Байлыққа баратын жол­дың аты – билік. Екіншісі – қа­зақ­тың табиғатында жоқ жарамсақтық пен жағымпаздық, ашығын айтсақ, жеке басқа табынушылықтың гүлде­нуі. Қысқасы, Назарбаевтың билігі тұсын­да біздің ұлтқа жағымпаздық деген дерт келді. Мен қазақ ұлтының бола­шағын осы бір індеттен тыс елестеткім келеді.
– Әлі де мемлекеттік тіл мәселе­сі­нің аясындағы түйіннің тарқатылар түрі көрінбейді. Қазақ тілінің тынысы сіздіңше қашан, қандай жолдармен кеңеюі мүмкін…
– Қажеттілік болмаса, тіл ешқашан дамымайды, аяғынан тұрмайды. Ал тілге деген қажеттілік екі жолмен ғана жасалынады. Біріншісі – заң арқылы қажеттілік жасау, бір сөзбен айтқанда азаматтардан қоғамдық өмірдің бар­лық саласында сол тілді қолдануды талап ету. Екіншісі – «Прибалтика тә­сілі». Бұл тәсіл Прибалтика елдері өте тиімді қолдана білді. Оның негі­зін­де адам құқығы мен еркіндігін мойын­дау жатыр. Олар орыс тілінде сөйлеген адамға не жауап бермейтін болды не­месе өздерінің мемлекеттік тілдерінде жауап береді. «Мен сенің сөйлеу тілін таңдау құқығыңды сыйлаймын, бірақ сен де менің қай тілді қолдану құқы­ғым­ды сыйлай біл». Орыс тілді азамат­тар ренжіді, айқай-шу көтерді, ха­лықара­лық ұйымдарға арыз берді, бірақ латыштар да, эстондықтар да өздерінің ұстанымын өзгерткен жоқ. Ең бастысы, Европадан келген Адам құқығын қорғау комиссиялары да олар­дың іс-әрекетінен ешқандай құ­қық бұзушылық таба алмады. Олар орыс тілділердің сөйлеу құқығын бұз­ған жоқ, тек өздерінің сөйлеу құқық­тарын пайдалана білді. Егер мемлекет өзінің мемлекеттік тіліне заң жүзінде қажеттілік туғыза алмаса, қазақ халқы екінші тәсілге көшуі керек деп ойлай­мын. Әрине, бұның барлығы халықтың бір кісідей жұмыс істеуінде ғана өзінің нәтижесін береді. Бұдан басқа жолды көре алмай тұрмын
– Бүгінде республикамыздың аймақ­­­тарындағы қазақ мектептерінің санын көбейтуге не кедергі болып тұр?
– Қазақтардың қазақ тілінің бола­шағына деген сенімдерінің жоқтығы бөгет болып тұр. Қазір қазақтың үш баласының біреуі орыс тіліндегі мек­теп­ке барады. Оның барлығын біреу­лер қолынан жетелеп алып барып жат­қан жоқ. Көрсоқыр ата-аналарының өздері апарып береді. Әрине, орыс тілді аймақтарда қазақ тіліндегі мек­тептерге деген көзқарас сын көтер­мейді, бірақ қазақ тіліндегі мектепке беремін деген азаматтың бетін ешкім қайтара алмайды. Теміртауда қазақ мектебін ашу үшін облыстық білім бас­қармасының бастығының соттасуы – жергілікті билікте де қазақ азамат­та­ры­ның жеткілікті екендігін көрсетеді. Екінші тосқауыл – сол аймақтардағы мемлекеттің тілдің жағдайы болар. Қа­зақ тілінде қозғалыс жоқ болса, қазақ тіліндегі мектептер де көбеймейді. Елді аралап, «Ел боламын десең – балала­рыңды қазақ тіліндегі мектепке берің­дер!» деп үгіт-насихат жүргізетін ұлт­тық ұйымдарды да көрмейсіз. (Олар Алматыдан шықпай, интернетке бірін бірін сынап мақала жазудан аса алмай отырған сияқты) Құдайға шүкір, әр ауылда «мен-қазақпын» деген аза­маттар бар, солардың жігер күшінің арқасында қазақ мектептері жыл сайын көбейіп келеді.
Қазақ мектебінің санын көбейтудің тағы бір жолы – аралас мектептерді жоспарлы түрде қазақ мектептеріне айналдыру болып табылады. Кейбір облыстарда бұл жұмыстың нақты қол­ға алынғаны қуантады.
– 2011 жылы қабылданған дін ту­ралы заң еліміздегі діни ахуалға қан­дай да бір оң ықпалын тигізді ме?
– Жоқ, менің ойымша діни ахуалға ықпал ететіндей заң қабылдай алмаған сияқтымыз. Оның басты себебі – біз уақытты жіберіп алдық. Ағылшындарда «аттар қашып кеткеннен кейін ат­қора­ның есігін жаптың не, жаппадың не?» деген мақал бар. Сол сияқты жиырма жыл бойы қараусыз кеткен діни салаға мүлдем басқа, нақты да, қатаң заң ке­рек болатын. Екіншіден, сасқан үйрек артымен жүзеді дегендей, біздің заң шығарушылар өзіміздің мұсылман дінін ұстанушыларды тежейтін баптар­ды кіргізуге күш салды. Меніңше, бұл заңдағы ең басты мәселе – қазақ же­рін­дегі миссионерлікті тоқтату болуы керек еді. Дінді білмейтін, пұтқа табы­нып жүрген Африка не Амазониядағы жабайы тайпалар үшін дін тарату­шы­лар керек те шығар, ал 75 пайызы мұ­сылман дінін ұстанатын қазақтың жері­не келген миссионер – дін тара­тушы емес (құдайға шүкір, дініміз бар ғой!) ата-бабалардың дінінен аздыру­шы ғана болып шығады.

Қазақ елінің түндігін жауып, есігін байлап қоюға болмайды

– EXPO – 2017-ні – Қазақстан­ның тарихи жеңісі деп, бөркімізді аспан­ға атқанымызбен, шығатын шығын да шаш етектен болғалы тұр. Сіз қалай ойлайсыз, EXPO – 2017 Қазақстанға не береді?
– Жаңа мемлекетке халықаралық бедел керек – бұған ешкім дау айта алмайтын болар. Қазақ елінің таныла берілуі – сыртқы саясатымыздың бір міндеті. Сондықтан Азиялық ойындар болсын, ОБСЕ саммиті болсын, ЭКСПО болсын қазақ туының көзге түсуі деп білемін. Егер ЭКСПО болмаса, жебір­лік тоқтап қалады, халықтың ақшасы шашау шықпай сақталады деп ешкімді сендіре алмайсың. Әрине, билік бұл жеңістерді дуылдатып, тойлатып көр­сетеді және ішкі қиыншылықтары­мыздың тігісін жатқызуға да пайда­ланады, өздерінің де беделін көтереді, бірақ оған қарап Қазақ елінің түндігін жауып, есігін байлап қоюға болмайды.
– Саясаттан басқа сізді қандай нәр­­селер қызықтырады?
– Бала жасымнан саяхатшы болу­ды армандадым. (Әлде екі сөздің де ал­ғашқы буындарының ұқсас болған­дығынан ба…) Әлі де болса, жаңа жер­лерді, жаңа елдерді көргім, аралағым ке­леді. Мылтығымды құшақтап, дала кезгенді ұнатамын. Меніңше, бұлар­дың барлығы қолымнан келетін қызық­тар, тек қана көңілің жай болып, ар­қаны кеңге сала білу керек.
– Сіздің байлыққа, лауазымға, атақ-даңққа қызықпайтыныңызды білеміз. Сіз үшін өмірдегі құнды нәрсе не?
– Шынымды айтсам, «өмірдің құн­дылығы» сияқты философиялық мәсе­леге ешқашан ой жүгіртіп көрмеппін…Мүмкін, мен үшін басты құндылық – менің еркіндігім шығар. Еркін адамның ғана өзінің ой-пікірін ашық айтуына, алға қойған мақсатын жүзеге асы­руы­на мүмкіндігі бар деп ойлаймын.
– Өмірде қандай нәрсеге өкінесіз?
– Мен өкініші жоқ адамдардың қа­тарына жататын шығармын. Оның се­бебі – менің қанағатшылдығым. Тағ­дырды – Алланың жазуы деп білетін фаталистерде өкініш болмауы керек. Бірақ әке-шешемнің ерте кеткеніне, оларға немерелерінің қызығын көр­сете алмағаныма қатты назаланамын.
– Біреудің көңілін қатты қалдыр­ған кезіңіз болды ма?
– Мүмкін, болған да шығар. Біз кейде өзіміздің сөзімізбен, іс-әрекеті­мізбен, басқалардың көңіліне қаяу салғанымызды білмей де қаламыз. Бірақ, өз басым, ешкімнің де көңілін қалдырмауға тырысамын. Кейбіреу­лер, «саясат дегеніміз – күрес. Ол жер­де ешкімнің көңілін қалдырмай жұмыс істеуге болады ма екен» деп таң­дануы да мүмкін. Егер саяси қарсы­ласыңды жау есебінде көрмей, өзіндік бағыты бар бәсекелесің ретінде қа­былдасаң, оның пікірінің сенің ойың­мен үйлеспеуінің – өмір заңдылығы деп түсінсең, саяси мәдениетті ұстана білсең болғаны. Бұл әлсіздікке жатпай­ды. Өзіңнің ұстанымыңды жүзеге асыру үшін, біреудің жағасынан алып, не біреуді боқтаудың қажеті жоқ деп білемін.
– Сіз отбасында қандай әкесіз? Жалпы отбасыңызға, ұл-қыздарыңыз бен немерелеріңізге көптеп көңіл бөлуге тырысасыз ба?
– Шамам келгенше жақсы әке бо­луға тырысамын, бірақ бағамды бала­ларымның бергені дұрыс шығар. От­басына көп көңіл бөлемін, бірақ бәрі де уақытқа тіреледі…
– «Болашақ – жастардың қолын­да» деп аға буын өкілдері жастарға үлкен үмітпен қарай­ды. Жастар осы сенімнің үдесінен шыға ала ма?
– «Болашақ – жастардың қолын­да» екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Бірақ сол жастардың қандай болып шығатыны – біздерге байла­нысты. Өзімізден әл-қуат кете бастаған сайын, үлгіре алмаған не жері­­не жет­кізе алмаған мақсат мүдде­лерімізді жас­­тар атқарады деп үмітте­неміз. Біз­дің қатарымыздың (90-жыл­дарда сая­си-қоғамдық жұмысқа ара­лас­қан­дар) ең үлкен кемшілігі, қате­лігі – өзі­міз­ден кейін саяси сахнаға шы­ғатын жастарды тәр­биелеуді қолға алмағаны­мыз.
– Тұщымды әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан
Гүлмира САДЫҚОВА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз