Балғынбек Имашев аралас некені заңмен тыю үшін қоғамдық кеңес құруды ұсынды. Ол қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қызын қолдағандарды сынап, бұл жағдай тағы да қайталанбас үшін парламентке дейін баруға ниетті екенін жеткізді, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.
“Қытайға қыз беру туралы пост жазам ба деп едім, бүкіл әлеуметтік желілерде шу көтеріліп, біраз белсенділік байқалды. Әлxәмдулилләһ! Қазақтың біраз намысты қыз-жігіттері тойды тоқтату түгілі, тауды қопаруға дайын екендіктерін байқатты. Өкініштісі, “Онда тұрған не бар?”, “Қытайлар да адам ғой”, “Бақытты болса болды емес пе?” деген пікірлер де көрініп қалды. Міне, шіріген жұмыртқа деп осыларды айтады. Осындайлардың санасын сауықтырмай, миларын емдемей, емдеуге келмесе, ортадан аластамай біздің қазақ ел болмайды.
Ең жаманы: құдалықтағы апалардың сөзі. “Бәрі дұрыс” дейді. “Орамалды құрбыларына берейік, сендер де осындай жақсылыққа жетіңдер!” деп қояды беттері бүлк етпей! Масқара ғой. Жиіркенішпен, амалсыз жасаған әрекет емес, ризалықпен қуана айтып тұр. Масқараның бұдан зорын мен білмедім. Қытайға емес, соны жақсылық деп есептеген, қазақы камзолдағы әйелдерге (ана деуге аузым бармай тұр) қаным қарайды! Видеоны ешкімге таратпадым, басқалардан келген сайын өшіріп тастап отырдым, зығырданым қайнады! Не істейміз?
Мәселе қытайда емес, өзімізде ғой! Өлімнен күшті деген ұят қайда? Намыс қайда? Тектілік қайда? Иман қайда? Қытайға қыз бердің, діннен шықтың ғой, муртад болдың ғой! Жаназаң оқылмау керек қой! Үкіметке бәрібір ме? Парламент не себепті тым-тырыс? Каникулға тыныш кеткісі келе ме? Қоғам алдында құзыры төмен болса да, құдай алдындағы жауапкершілігі жоғары ҚМДБ қайда? Неге үнсіз?” – деп ашынды ақын.
Имашев айтылған сөз жерде қалып кетпес үшін аталған мәселені мемлекеттік деңгейге дейін жеткізуді ұсынды. Ол қазақ зиялыларының басын біріктіріп, қоғамдық кеңес құрғысы келетінін айтты.
“Құрметті, қоғам белсенділері, намысты Қазақ баласы! Дереу арада зиялы қауым өкілдері, Үкімет мүшелері, білімді имамдар, білікті заңгерлердің басын қосып қоғамдық Кеңес құрайық! Парламентке Заң жобасын ұсынайық! Аралас некені заңмен тыя алмасақ, қатаң шарттар мен шаралар қабылдайық. Қытайға қатын болған іштен шыққан шұбар жыландарды Қазақстанның азаматтығынан айырайық! Шетелдік күйеубалаларға азаматтық бермейік! Желіде шуламай, ел болып заң аясында қимылдайық. Ертең Алла алдында әрқайсымыз сұраламыз”, – деп жазды ол желіде.