Күні кеше Еуразия ұлттық университетінің доценті отандық шоу-бизнестің бірқатар өкілдері грант сатып алатынын ашық түрде айтқан болатын. Мырзантай Жақыптың сынына Қайрат Нұртас, Мейрамбек Беспаев пен Жанар Дұғалова сияқты танымал жұлдыздар іліккен деп хабарлайды КТК арнасынасілтеме жасаған NUR.KZ.
«Грантта оқитындар арасында көпшіліктің сүйіктілері Мейрамбек Беспаев, Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалова бар. Олар менің дәрістерімде мүлде бой көрсеткен жоқ. Олардың басқа студенттер іспетті сабақта отырған кездерін мен өз басым көрмедім.
Оқу орнына келген күннің өзінде олар, топтастары қатарлы сабақ оқуға емес, басшылармен шай ішуге келеді. Содан кейін, бізге «жақсы баға қойыңдар» деген бұйрық келіп түсіп тұрады.» , – деп айтты Мырзантай Жақып.
Доценттің айтқанына сынға іліккендердің ішінен тек қана Мейрамбек Беспаев жауап берген. Әнші өзінің Instagram парақшасында арнайы жазба қалдырды.
«Қадірлі, достар! Өкінішке орай, біздің арамызда қуанышқа ортақтаса алмайтын, іштарлығы бар адамдар да кездеседі. Өзі ұстаз, өзі журналист-ғалым Мырзантай Жақып деген ағамыз фейсбукте мені ғалым болып біреудің орнын тартып алғалы жүрген адамдай сипаттапты. Менің өнерде өз жолым бар. Ешкімнің жолына да, қызметіне де таласқан емеспін.
Бала күнімнен музыка мектебінде оқыдым. Ұлттық консерваторияда білімімді жетілдіріп, Т.Жүргенов атындағы Театр және өнер академиясын бітірдім. Жаңа заман талабына сай сол оқыған білімімді дамыту үшін «Мәдениеттану» мамандығы бойынша магистратураны жалғастырдым. Экономика, заң, физика сияқты басқа саланы қуған жоқпын. Ел сөз қылмасын деп ашық диссертация қорғауға да келісім бердім. Келген адамдардың бәрі қорғаудың қалай өткенін көздерімен көрді.
Түркияның, Әзербайжанның елшілігінен де арнайы өкілдер қатысып отырды. Өз салам бойынша білімімді жетілдіруге менің де құқым бар деп ойлаймын. Кейде осындай сәттерде кімнің дос, кімнің дұшпан екені де белгілі болып қалады. Мен ешкімге жамандық тілемеймін. Баршаңызға тек қуаныш тілеймін!» , – деп жазды әнші.
Bnews.kz порталының мәлімдеуінше, Еуразия ұлттық университетінің ұстаздары мен Қайрат Нұртас қандай да бір мәлімдеме жасаудан бас тартты.
Жанар Дұғалованың өкілі болса танымал әншінің сабаққа ыңғайы келгенше барғанын және дипломды сатып алмағанын айтты. Алайда, әртістің сабаққа қаншалықты жиі барғаны жөніндегі сұрақ жауапсыз қалған.