20 жылда Қазақтың көбеймеуі – мемлекеттің әлсіздігі. Ал Өзбекстан 10 миллионға өсіп, 30 миллион болды.

1
129

Мемлекеттің ең басты байлығы адам десек, Қазақстанның қаншалықты бай екендігіне біраз тоқтала кетейік.
Құдай қаласа, табиғи өсіміміз кемімесе 2013 жылдың ортасына қарай 17 млн.ға жетеді екенбіз. 1991 жылғы санымызды дөңгелетіп айтқанда 17 (16.9) млн. екенін ескерсек, сол деңгейге 22 жылдан кейін жетейін деп тұрмыз. Ал шын мәнінде табиғи өсімге, сырттан келген 1 млн. қандастарымызды қосқанда санымыз бұдан да көп болуы керек емес пе еді деген сұрақ туындайды.
Қазақстан өзінің дамуын Өзбекстан сияқты елдермен салыстырып қарқынды дамып жатқанын жиі айтады. Енді сол биліктің әдетіне салып халық санағын да Өзбекстанмен салыстырып көрсек. Өзбекстанның халық саны 1991 жылы 20 млн. 708 мыңды құраса, 2012 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша 29 млн. 874 мың болған екен. Биылғы жылдың соңына қарай 30 млн.ға жететінін ескерсек 22 жылда Өзбекстан 10 млн.ға көбейеді. Ал Қазақстан 22 жылда бұрынғы 17 млн.на жетеді. Халық саны ең басты саясат екенін, елдің даму көрсеткіші екенін ескерсек, біздің осы күнге дейінгі әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімізге күдіктер ұялайды.
Өзге диаспоралардың жаппай көшіп кетуін сылтау етудің керегі жоқ. Себебі кеткендердің көпшілігінің қайта келгенін, оған 1 млн. қандастардың келгенін қосқанда керісінше халық санымыз көбеюі керек еді, қалай болғанда да. Өзбекстан біз сияқты сырттан қандастарын әкелген жоқ. Керісінше көшіп кетушілері көп болды. Соның өзінде бала туудан алдына жан салмай 10 млн.ға көбейіп отыр. Өзбекстан біз сияқты балаларын шетелге сатып жатқан жоқ. Егер жағдайымыз жақсы болса біз неге балаларымызды шетелге сатамыз деген заңды сұрақ туындайды?
Осы проблемалар төңірегінде екі мәселеге тоқталғым келеді. Біріншісі, халық санағы төңірегіндегі күмәндар. Екіншісі халық санының көбеймеуінің себеп салдарлары.
Алдымен биліктің халық санына қатысты күмәндарымызды жасырмай айта кеткен дұрыс. Мысалыға, 2007 жылы халық саны 15 млн. 394 мың болса, 2012 жылы 1 қазанда 16 млн 856 мыңға жетіпті. Егер де осы жылдардағы жылдық табиғи өсімнің шамамен 130 мың екенін ескерсек, 5 жылда 650 мыңға көбеюіміз керек. Ал мына санақта 5 жылда шамамен 1.5 млн.ға (1 млн. 462 мың) көбейген екенбіз. Ылайым осылай болғай дегенімізбен, демографияның заңдылықтарына үйлеспейді. Көшіп кеткендер мен көшіп келушілердің ара салмағының көп еместігін және соңғы жылдағы шетелден келетін қазақтар көшінің тоқтағанын қоссақ, Статистика агенттігінің есебіне күмәніміз тіпті күшейе түседі. Бәлкім Елбасының «2015 жылы халық саны 20 миллионға жетуі керек» деген тапсырмасын орындау үшін жылдам көбейтіп жатқан шығар деген ой да бар. «Қазақстан-2030» стратегиясында халық санын 25 млн.ға жеткізу көзделген болса, бұл бағдарламаның мерзімінен бұрын «орындалғанына» да куә болдық. Расын айтқанда билік халықтың сенімінен айрылғаны сонша қазір ресми мәліметтерге күмәнмен қарайтын, тіпті сенбейтін болды. Себебі Елбасыдан бастап жалған мәлімет береді немесе Елбасыға айналасындағылар жалған мәлімет береді. Қалай болғанда да соңғы халық санағының төңірегінде үш түрлі, яғни 2009 жылғы халық санағында қазақтардың үлес салмағын Премьер-министр 67 пайыз десе, Елбасы 65 пайыз, соңында Статистика агенттігі 63 пайыз деп шығарды. Қаптаған қате сандарды шұбыртпай әдейі қысқа ғана пайыздық көрсеткішпен беріп отырмын. Санымыз да көп емес еді билікті ақтап алайын десек, айналасы 16 млн. ғана халықпыз. Ең басты күдік туғызатыны, осы әрбір өзгертуде қазақтардың ғана санын азайтумен шектелгендігі. Егер де халық санағы кезінде ұлттық белгілеріне қарай бөлек санамайтынын, яғни қазақтарды бөлек санамағанын ескерсек қазақтардың ғана санын азайтумен шұғылданғандары үлкен күдік тудырады. Себебі неге тек қазақтардың санын азайтты? Қазақтарды санауда қате кетті дейін десек, барлығын бірге санады. Онда барлығының санын шегеруі керек емес пе?
Халық санағы бойынша әлемдік ортақ тәжірибе бар. Ол бойынша халық санағында қателіктер кеткеннің өзінде ол 3 пайыздан аспауы тиіс екен. Ал бізде алғашқы мәліметпен жаңа мәліметтің арасында 1 млн. адам кеміді, яғни 6.2 пайыз қатені құрайды. Оған соңғы ресми мәліметте айтылған, «халық санағына кірмей қалғандар 1 пайызды құрайды» деген ресми қатені қоссақ 7.2 пайыз. Одан қалды халық санын ұзақ есептеу жағынан Гиннестің рекордын жаңартқан болуымыз мүмкін. Қорыта айтқанда, жасанды жолмен көбейтіп жатқандай көрінетін қазіргі халық санының дәлдігіне күмән басым. Айтпағым бәлкім санымыз бұдан да аз болуы мүмкін деген қорқыныш…
Келесі мәселе, халық санының көбеймеуінің себеп салдарлары. Бұның ең басты факторы әлеуметтік жағдайдың нашарлығы. Бұл ғылыми еңбек болмаған соң, көтеріп отырған мәселенің шынайылығын көрсету үшін, халықтың санын көбейтуші – жастардың ортасында жүрген соң, өз бетіммен жүргізген қарапайым зерттеулермен-ақ көп жайттан хабар бергім келіп отыр. Бір жағынан халқымыздың саны аз болған соң, кішкентай ғана қоғамдағы жағдай бәрімізге белгілі. Әрі қоғамдағы жағдайды көзбен көріп көңілге түйген, түрлі әдістермен, мысалыға әлеуметтік желілер арқылы зерттеп сараптаған дерек жағдайдың әлдеқайда шынайылығын ашады деп ойлаймын.
Қай дерекке сүйенсек те, орташа есеппен отбасыларда бір екі ғана баладан аспайтындығы анықталды. Демек екі баладан деп томпайтып алғанның өзінде демографияның қарапайым заңдылығына сәйкес, бізде өсім жоқ деген сөз. Себебі отбасыда бір бала болса азаю, екі бала болса өсімнің тоқтауы, үш бала болса көбею екенін жақсы білесіздер. Бұл өлшем тек отбасылылар арасындағы емес, барлық халыққа шаққандағы ортақ жағдай. Енді осы ортақ санды, яғни көп балалы отбасылардың санын азайтуға үлес қосып жүрген кімдер? Көпшілігі бойдақтар мен отбасында бала жоқ немесе бір бала құрайтын отбасылар. Әрине жастар үйленгісі келмейді, көп бала сүйгісі келмейді деп ешкім айта алмайды. Сенім, түсінігімізге, менталитетімізге қарай бәрінің ертерек үйленіп, көп ұрпақ сүйгісі келеді. Проблемаға үңіліп қарасақ, қол байлау болып отырған тек әлеуметтік жағдай ғана. Ауылға барса жұмыс жоқ, қалаға келсе пәтер жоқ. Сосын «қалай күн көреміз?» деп пәтерден пәтерге тентіреп жүргенде бала түгілі бас қайғы болып кетеді.Барлығының шағымданатыны екі-ақ мәселе: тұрғын үй мен әлеуметтік жағдай. Осы екі мәселе жастарды әбден діңкелетіп, ішкілікке, өз өздерін қол жұмсауға, түсік жасатуға апаруда. Ресми дерек те жастар арасындағы суицидтің көбейгенін және жас отбасылардың түсік жасатуының көбейгенін растап отыр. Түсік жасату адам өлтірумен тең екенін ескерсек, жағдайдың қиындығы осындай қылмысқа дейін мәжбүрлеуде. Басқасын айтпағанда осы ең ауыр қылмыспен-ақ жағдайдың қандай деңгейде екенін білуге болады. Әйтпесе өмірге келгісі келген баланы өлтіру еш ақылға симайтынын бір сәт болса да ойлансақ жан түршігеді. Мейлі ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамып жатқан шығармыз. Бірақ оның халыққа пайдасы болмаса не керегі бар ондай дамудың. Содан болар халық арасында мынадай әңгіменің кең тарағаны, Үкімет: «Осы күнге дейін жақсы өмір сүрдік. Шүкір. Бәрі жақсы. Енді ары қарай да жақсы өмір сүре беретін боламыз». Халық: «Біз ше?» деген екен. Біз сияқты мұнай өндіріп жатқан елдердің әлеуметтік жағдайы кісі қызығарлықтай. Ал біз тек мұнай ғана емес әлемнің бар байлығын өндірcек те жағдайымыз түзелмей, санымыз көбеймей отыр.
Қысқасы үйленудің азаюына, сүр бойдақтар мен отырып қалған қыздардың көбеюіне, ажырасулардың артуына, отбасылардағы балалар санының азаюына бірден бір себеп болып отырған әлеуметтік жағдайдың нашарлығы екендігіне әбден көз жетті.
Халықтың санын көбейтуші жастар болғандықтан, кезінде жастардың, жас отбасылардың аталған проблемаларын заңмен реттеген «Жастар саясаты туралы» заң бойынша біраз мемлекеттік органдарға жүгінгенім бар еді. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Парламенттен бастап жергілікті атқарушы органдар бұл заңның орындалмайтын заң екеніндігіне көзімді жеткізді. Халықаралық қауымдастыққа көрсету үшін шығарылған жай заң екенін ашық айтқандары да болды. Бұдан шығатын қорытынды, жастар құқықтық, әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Сондықтан да жоғарыда аталған келеңсіздіктер қоғамымызда белең алып кетті. Мемлекеттік органдардан көмек сұрап барған жас отбасылардың «асырай алмасаңдар, балалар үйіне өткізіңдер» деген сөзіне құлақ үйренді. Тек қоғамдық пікір туғызып, мәселе көтергендері ғана ептеп мәселелерін шешіп жатыр. Сонда әрбір жас отбасылардың проблемаларын осылай жеке-жеке қоғамдық айқай шу тудырып шешіп отыруы керек пе? Әрине, осы аталған мәселелер төңірегінде биліктің жауабы дайын, заң бар, млрд-тап қаржылар бөлініп, бағдарламалар жүзеге асып жатыр, тағысын тағы. Ал мен осы ертегілердің нәтижесі туралы, көз көріп бастан өткеріп жатқан шынайы өмір туралы айтып отырмын. Халықтың санын көбейтеді деген жастардың жағдайы осындай болған соң, халықтың санын көбейтуге үлес қоса алмайтын халықтың бөлігі туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Егер де біз халықтың санын көбейтуді қолға алмасақ, еліміз үлкен әлеуметтік дағдарысқа ұшырайтыны анық. Яғни соңғы мәліметтер бойынша халқымыз қартайып барады екен. БҰҰ-ның есебі бойынша да Қазақстан халқы қартайып бара жатқан елдердің қатарына жатады. Кәрі азаматтардың көбеюі бұл дағдарыстың басы ғана…
Біздің жағдайда халық санын көбейтудің екі жолы бар.
Біріншісі, әлемдік тәжірибедегідей баланың тууына жағдай жасап, ынталандырып, баланың тууын жылдам көбейту. Яғни жауыр болса да айтайын әлеуметтік жағдай болмаса баланың тууы өспейді.
Екіншісі, шетелдегі қазақтарды көшіріп әкелу. Билік райынан қайтпай көшті жүргізбесе, онда біз азамат ретінде шетелдегі қандастарымызды шақырту құқымызды пайдалануымыз керекпіз. Құдайға шүкір шетелдегі 5 млн. қазақты шақыртуға Қазақстандағы қазақтардың саны жетеді.

Қысқасы халық санының ұзақ жылдардан бері көбеймеуі, мемлекеттің барлық саладағы әлсіздігін көрсетеді. Осы халық саны арқылы Қазақстанның шын бет бейнесін көруге болады. Былайша айтқанда елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының көрсеткіші. Халықтың өсімі тоқтап жатқан кейбір дамыған елдерде қордаланған әлеуметтік экономикалық жағдайдан екенін ашық түрде қоғамның алдында мойындап және оған қарсы күресіп, себеп-салдарларын жойып жатыр. Бізде жалған мәліметтермен өз өзімізді алдай бермей, дертті ашып айтып, қоғам болып, билік болып бәріміз жұмыла күресейік. «Ауруын жасырған өледі». Осы кезге дейін жыртығымызды жамаған, өтірігімізді жауып келген оралмандар көші тоқтады. Егер де дерттің алдын алмасақ, проблемалардың үлкені енді басталады.
Сол үлкен проблема дегеннің бір шетін ғана айтайын. Кәрі қыздар туралы. Неге олардың саны өсіп келеді? Себебі жігіттер үйленбейді. Ал жігіттер жағдайдың жоқтығынан үйленбей жүргені – аксиома. Әйтпесе біздің жігіттердің жігіттігіне ешкімнің күмәні жоқ шығар. Қаптаған кәрі қыздарымыздың шетелдіктерге тұрмысқа шыға бастағанын әділет органдары да мойындап отыр. Бұл шетелдік мигранттардың көптеп келуіне, әсіресе қытайлықтардың қаптауына жол ашуда. Жарты миллионға жуық қытайдың елімізде жүргені белгілі. Солардың қыз таңдамай үйлене беретінін ескерсек, 300 мыңға жуық кәрі қыздарымызға үйленіп, минимум есеппен кемінде екі баладан тудырғанда 600 мың қытай қаптап шыға келеді. Оған елімізде жүрген жарты миллион қытайды қоссаңыз, кемінде бір миллион қытай пайда болды деген сөз. Қытайлар осы бағытынан жаңылмай әрекет ете берсе, жақын жылдары миллиондап қытай диаспорасы пайда болады. Себебі баланың пайда болуы көп жылдарды емес тоғыз айды ғана қажет етеді. Жүріп жатқан осы қауіпті процесті биліктің жасырып жатқаны еш ақылға симайды. Қанша жерден мәліметті жасырып ұстаса да, ертең миллиондаған қытай диаспорасы пайда болғанда айтуына тура келеді. Бірақ ол кезде бәрі кеш…

Фазылбек Әбсаттарұлы

1 Пікір

  1. 20 ЖЫЛДА ҚАЗАҚТЫҢ КӨБЕЙМЕУІ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ӘЛСІЗДІГІ. АЛ ӨЗБЕКСТАН 10 МИЛЛИОНҒА ӨСІП, 30 МИЛЛИОН БОЛДЫ.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз