Жеті күн бұрын мен танымал әнші Мейрамбек Бесбаевтың (және тағы басқа жұлдызды-әншілердің) «магистрант» атанғандығы туралы ақбар естігенімді және оның артынша Еуразия ұлттық университетін доценті, филолог-ғалым Мырзантай Жақып әншілікпен байыған «жұлдыздардың» мемлекеттік гранттарды алып, жастардың несібесін тартып алатындығын ашына айтқанын жазып едім…
Сол әңгіменің ұшқыны – от болып лаулап, алып жалынға ұласып бара жатқандықтан, аталған жазбама қосымша кейбір деректер мен мәселелерді нақты айтқым келеді….
Мырзантай ЖАҚЫП ағамыз, әсіресе, соңғы уақыттарда өзінің тура сөз, ұтымды ұсыныстарымен қазақ қоғамында қызу қолдауға ие бола бастаған тұлғалы азамат.
Әнші-бишілер танымалдылығын салып, тегін иемденіп жатқан мемлекеттік білім гранттары хақында Мырзантай ЖАҚЫП былайша ашына айтты: «…Қара халықтың есебінен әбден байып алған «әнші-журналист-жұлдыздар» мемлекеттік білім гранттары арқылы тегін «оқып», «әнші-магистр-докторларға» айнала бастағаны туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбам туралы кейбір азаматтар «қызғанып, көре алмай жатыр», «қуанышқа ортақтаса алмайтын, іштарлығы бар адам» деп, менің атыма біраз ауыр-ауыр сөздер жазыпты… Турасы, кейбір «тележұлдыздардың» сахнадағы атақтарын пайдаланып, өнер саласына мүлдем қатысы жоқ ұлттық жоғары оқу орындарының магистратуралары мен PhD докторантураларына қарай жаппай лап қойып, мемлекеттік білім гранттары есебінен «оқу бітіріп», диссертациялар «қорғауға» кірісуі – жалпы сипат ала бастады…
Кейбір ректорлардың «жұлдыздардың» алдында құрдай жорғалап, жас балаша жүгіруін де – ұға алмаймын. Байлардың астатөк той-томалақтарынан көп қаржы табатын әншілер мен «тележұлдыздар» – егер академиялық және ғылыми атақ-дәрежелер алғысы келіп жатса, жоғары оқу орындарының магистратуралары мен PhD докторантураларының ақылы бөлімдеріне өздерінің жеке ақшаларын төлеп оқығаны, шын дарынды жастарға арналған мемлекеттік білім гранттарына жармаспағандары жөн…»
…Біреулердің талағы тарс айырылатандай басы артық сөз болмаса да, қазақ атам айтпақшы «сезіктілер – секіріп…», дөп айтылған шыңғырған шындыққа қарсы тас атып, «Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылығы туралы» ғылыми еңбек жазған әнші-«магистрант» Мейрамбек Бесбаевты жандарын жалдап қорғап-қолпаштап, ең сорақысы, мәселенің байыбына бармай, табиғатын түсінбей, даурығып жатыр…
Тіпті, басқа-басқа, Жазушылар Одағы деп аталатын (бұрнағы заманда «киелі» саналынған) ұйымның басшыларына дейін Мейрамбек Бесбаев пен басқа да әнші-бишілердің адвокаттығына «жалданып» алып, құрдай жорғалай жөнеліпті…
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезектің Бесбаевты мақтап-жақтап, әлекке түскені сонша езіліп-еңіретіп, күңіреніп кеткендей күйге түсіпті, Facebook парақшасында:
«Мейрамбек өзін ешқашан «әншімін» деген емес. Биік өнерді түйсігімен терең таныған соң, ол өзін «музыкантпын» деп есептейді. Ол оның берік позициясы. Бұл – бір. Ал, эстрада майданында қазақ әніне тәуелсіздік алып берген бірден бір музыкант болса, ол тағы да – Мейрамбек.
«Музарт» тобы құрылып, ел бұларды жаппай тыңдай бастаған кезден бастап, жұрт Ресейден келетін әншілердің концерттеріне баруды доғарды. Соның бастауында кім тұрды? Мейрамбек!
Халықты ескі-жаңа термелермен сусындатқан кім? Мейрамбек!
Қазір жас әншілерге аға боп, бас-көз боп жүрген де осы маңдайы жарқыраған нағыз қазақ. Бала кезден «бозторғайша» шырылдап, қазақ өнерін аспандатқан оғланыңа бір жапырақ дипломыңды қимадың ба, ағайын?
Сол дипломды қалтасына салған қай өнерлің Мейрамбектей қазаққа еңбек етті?.. Қойсаңдаршы болды, сырт көзден ұят емес пе…»
Ақберен ақынның «қазақ әніне тәуелсіздік алып берген…» деген сөзін қалай түсінеміз? Қазақ Тәуелсіздігінің ыстық-суығы мен ащы-тұщысын тағдыры мен тұла бойынан өткізген мемлекет қайраткерлерінің бекем беделінің алдында мұндай мағынасыз мәлімдеме жасау – саяси мүгедектікті былай қойғанда, інілік әдепсіздік емес пе?!. Елгезектің елеп-ескертуінше, қазақ халқы Тәуелсіздігіміздің төрбасы Мейрамбек Бесбаев деп білуі керек пе?!.
Ал, Ақбереннің арындата келіп, «қай өнерлің Мейрамбектей қазаққа еңбек етті?» деуі – тіптен таза адасушылық (һәм әділетсіздік). Елгезекше ежіктесек, қазақ әнінің аңызы марқұм Роза БАҒЛАНОВА, жезтаңдай ағамыз Ескендір Хасанғалиев, бұлбұлымыз Бибігүл Төлегенова (т.б.) «қазаққа Мейрамбек құрлы «еңбек етпеген»» болып шыға ма?!.
Алаштанушы Заңғар Кәкім (Кәрімхан – ред) де «мейрамбек-мания зікіріне» ұшырап, селебе-сөзін аяусыз сілтепті:
«Несі бар, жанына жақын тақырып. Бала кезінен жақсы білетін, жақсы танитын дүниені жазу керек қой, жазған соң. «Ғылымға пайда әкелмейді» деп ойлайсыз ба? Қателесесіз. Қазіргі қазақ қоғамы Қоразбаевтануға мұқтаж ғой. «Анаутану, мына тану»-ларға қарағанда. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, өнер жолына, үлкен өнерге қаршадай Мейрамбекті әкелгеніне не тұрады. Ауыл сахнасының озық әншісі «қалайша «Қазақстанның халық әртісі» атануының сыры кімге керек болмасын?! Мысалы, маған – қызық. Қалай жоғары атақ алуға болады? Жетудің қандай жолдары бар? Нені үйреніп, нені меңгеру керек, дегендей. Бұл диплом жұмысы эстрада саласына қосылғалы тұрған «үлкен еңбек» емес пе? Ал, сіздер – бағалай алмай жатырсыздар! Ешбір сабаққа қатыспаса да, дипломын өзі жазып шыққан. Қайта уақыт тауып, дипломды өзі жазып шыққанына рақмет айтуымыз керек. Абай атамыз айтқандай «көгалды қуып гөлайттап, қызықпен жүріп жазды алса» не болар еді? Сондай-ақ оны өзі ашық түрде қорғаған екен…»
Қазіргі ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМЫна «үміткерлер»-дің сиқы осы! Халыққа жала жауып «Қазіргі қазақ қоғамы Қоразбаевтануға мұқтаж» деген жалаң жалау-ұранын тықпалып, «Ешбір сабаққа қатыспаса да, дипломын өзі жазып шыққан» әншіге жұрты басын иіп, «…уақыт тауып, дипломды өзі жазып шыққанына рақмет айтуымыз керек» екен…
Қайда бет алдық, ағайын?!. «Тәуелсіздігімізді алып берген» әрі «Ешбір сабаққа қатыспаса да, дипломын өзі жазып шыққан» әншіге бас иген қоғамның дамуының деңгейі қай тұста?..
Қазақтың ілім-ғылымына шынайы құмар жастарына жаны ашып, жүрегі сыздаған, қаймықпай қара қылды қақ жарып ақиқатты айта алған қатардағы доцент Мырзантай ЖАҚЫПтың қолына имандылық, адамгершілік, тазалық, талант, кісілік, азаматтық, білім-ілім жағынан су құюға жарамайтын қайдағы біреулер қалайша елдің негізгі мекемелерінде басшылық қызметтерде отыр?!.
Өткенде мен айтқанмын: Алла Тағалам жұрттың бәріне елдің алдына шығып, құйқылжыта ән шырқайтын, мың бұрала билейтін қабілет бере бермейді. біреулердің қабілет-қарымы миы мен ақылында, түсінігі мен түйсігінде, ғылым мен ілімде!
Мырзантай ЖАҚЫПтың жағы талып, дауысы қарлығып, қазағына жеткізгісі келеген жанайқайы, сайып келгенде, ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ!
Біраз уақыт бұрын жорналшы ағамыз Қали Сәрсенбай мен ақын Бақыт Беделханұлы да Мираштың шашбауын көтеріп, арамтерге түсіп еді. Тағы қайталап атайын: Мейрамбектің «Мен ешкімге жамандық тілемеймін» деген сөзі рас болса, ол ӨЗІ ТУРАЛЫ АРЗАН ЖАРНАМАЛАРды доғаруы керек!
Арзан жарнама, меніңше, Мирашқа мүлдем қажет емес. Талабы мен таланты, беделі мен белгілілігі – бір басына жетеді.
«Баршаңызға тек қуаныш тілеймін!» – деген әнші ініміз әрі мен нәрі жоқ әлем әңгіменің тізгінін тартуы керек. Пенденің нәпсісін жеңе алған мықтылығы – «маталап-байланған, үздіксіз-үзілмейтін байланыстарды, сығысып-сыбайласып жатқан ластау қатынастарды…» – түбінен үзіп, түбірімен ажыратып, тастай алуында жатса керек.
…Өкінішке қарай, қазақ жұртының басым бөлігі жұмыссыз. Қолы бос адам – бос сөз, өсек-аяңға құмарлау келеді, Абай «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» дейді. Әлеуметтік желілерде құр ғибаны сорпаша сапырған кейбіреулер «Шаш ал десе, бас алып…», аз қазақтың арасына сынға қағып қана қоймай, асыл дініміздің түсіндіруінше, үлкен күнәларға итермелеп отыр, бәрімізді…
Қасиетті Құранның Хужурат сүресіндегі 12-аятта Шексіз Пәк Алла Тағала былай деді: «Әй, иман келтіргендер! Көптеген ойлардан аулақ болыңдар, өйткені, кейбір ойлар – күнә болып табылады. Бір-біріңді аңдымаңдар әрі арқаларыңда бір-біріңе ғиба жасамаңдар. Әлде өлген бауырларыңның етін жеген сендерден біреуге ұнай ма, одан жеркенбейсіңдер ме? Аллаһтаң қорқыңдар! Расында, Аллаһ – тәубені қабыл етуші, ерекше Мейірімді!»
Нағыз таза мұсылман адамға өліксені жеуден аулақ жүру міндетті болғанындай, ғибадан аулақ жүру де міндетті. Себебі, адамдарды сыртынан жамандау, яғни, ғиба – адамдардың етін жеумен бірдей жиіркенішті қадет.
Әнәс ибн Мәліктен жеткен хадисте, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі болсын) былай деген: «Мені көкке көтергенде, мен жез тырнақты адамдардың қасынан өттім. Олар тырнақтарымен өз беттері мен кеуделерін тырнап жатты. Мен: «Жәбрил, бұлар кімдер?» деп сұрадым. Ол: «Бұлар адамдардың етін жеп, ғайбат айтатындар» – деп жауап берді» (Ахмад 3/224).
Ислам ғылымының тұжырымы бойынша, ғиба (ғайбат айту) – харам, екіжүзділіктің белгісі. Ал, мәзxаб құрған имам Суфьян әс-Саури: «Азырақ адам таныған сайын, азырақ ғиба жасайсың!» – деп те айтқан.
Танымалдылықтың өзі – жақсылық пен ізгілікке апаратын даңғыл соқпақ болмайды.
Мәселе – Мейрамбекте емес, мәселе – әділдікте!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
Коллаж: Нұр.кз сайтынан алынды