Белсенді азамат қазақтың санын 100 млн-ға жеткізу үшін тез арада төрт әйел алуға шақырды

0
125

Қазақ интернет әлемінде «Жарқын Жеті» деген атпен 2009 жылдан бері жұртқа танылған Серікжан Біләшұлы көп әйел алып, қазақтың санын 100 миллионға жеткізу керектігін айтты деп хабарлайды Замана басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Серікжан Біләшұлы. Сурет: Замана

Серікжан Біләшұлы. Сурет: Замана

Оның сөзінше, еліміз аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орын алып, асты-үсті толған байлық болғандықтан, осының бәрі алпауыт мемлекеттерді қызықтырып, сырттан жау шақыртады екен. Ол тек адам санын көбейтсе ғана соның бәріне төтеп беруге болатындығын жеткізді.

«Сондықтан біз көбейейік. Санымыз 50 миллионға, 100 миллионға жетуі керек. Ол үшін бүгіннен бастап іске кірісу керек. Әрбір қазақ азаматы үштен, төрттен әйел алсын шариғат талабы бойынша. Қазақ қыздарын жатжұрттықтарға бермей, өзіміз алайық. Сондықтан осы іске бел шешіп кірісейік. Оған «анау», «мынау» деп сылтау айтпайық. Қарындастарымыз, келіндеріміз, жеңгелеріміз түсінсін. Біз көбеймесек мынау ұлан-ғайыр даланы ұстап тұра алмаймыз, тәуелсіздігімізді ұстап тұра алмаймыз», – дейді Серікжан.

Оның айтуынша, тек көбею арқылы болашақ ұрпақ жат қауымның тепкісінде кетпейді екен.

Серікжан Біләшұлы. Сурет: Мезгіл

Серікжан Біләшұлы. Сурет: Мезгіл

«Біз көбейейік, бауырлар! Ал көбеюге қандай амал бар? Көбеюдің жолы – көп әйел алайық. Алла дұрыс көріп тұр ма, шариғат 4 әйел алуға рұқсат беріп тұр ма – Алла дұрыс көрген нәрседе бір хикмет бар», – дейді белсенді азамат.

Серікжанның жасы 43-те екен. Оның сөзінше, Құдай оған ой мен бойды бере салған. Сондықтан да төрт әйелді бағуға шамасы жететін көрінеді.

«Мысалы, менің шариғат жолын ұстанатын, намаз оқитын және өте ұлтшыл, қазақ десе жүрегін жұлып беретін қыз алғым келеді. Мейлі ол ажырас­қан болсын, мейлі жесір болсын. Қазақтың бір емес, бірнеше қызын бақытты етуге шамамыз жетеді. Бір Алланың разылығы үшін және қазақтың қамы үшін», – деп қорытындылады өз сөзін Серікжан Біләшұлы.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз