Шамамен бір апта бұрын ҚР Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы мен Әкімшілік департаментінің директоры тұтқындалған еді. Бүгін Астанада олардың не үшін тұтқындалғаны айтылды. Белгілі болғандай, олар пара алған, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы мен Әкімшілік департаментінің директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Олар мердігерлік ұйымның басшысынан мемлекеттік сатып алу шартын жасасқан және жалпы қамқорлығы үшін пара алды деп күдіктелуде», – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова.
Сонымен қата агенттіктегілер шенеуніктердің тұтқындалған сәтінің видеосын жариялады.
Министрліктегі шенеуніктер елордадағы мейрамханалардың бірінде тұтқындалған. Мұнан кейін олардың бірі қалтасындағы бір бума долларды көрсетті.
Қазіргі уақытта шенеуніктерге қатысты тергеу жалғастырылуда.