«Бақа-шаянның қылығы»: Мәжіліс депутаты қос азаматтығы бар оралмандарды сынап тастады

0
233

 

Жауапкершілікті толығымен түсіне отырып, саналы түрде заң бұзған мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттерін су ішкен құдығына түкіру, Қазақстанды отаным деп сезінбеу, қосмекенді бақа-шаянның қылығы деп түсінеміз – бүгін Парламентте өткен Мәжілістің пленарлық отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Берік Дүйсембинов «қос азаматтықты қолдағандар жауапқа тартылуы тиіс» деп мәлімдеді.

– Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде қос азаматтық үшін жауапкершілік қарастырылған. Ал бұндай заң бұзушылықты мемлекеттік қызметтегі адамдар жасаса, жауапкершілік одан да қатаң. Егер шетел заңнамасына көз жүгіртсек, мысалы Әзірбайжанда қос азаматтық үшін қылмыстық жаза 2014 жылы енгізілген. Тіпті көршілес қырғыз елінде мемлекеттік қызметтегі адамдарды қос азаматтық үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесі талқылану үстінде. Қытай заңнамасы да қос азаматтыққа қатаң қарайтындығы баршамызға мәлім. Қытай азаматтығынан шықпай, Қазақстанға көшіп келмекші болған қандастарымыздың басынан өтіп жатқан жағдайлар оған куә. Сыртқы істер министрлігінің 12 қос азаматтығы бар қытай қазақтарын тұтқыннан босатып алу үшін қыруар күш жұмсағанын да өздеріңіз білесіздер. Естеріңізге сала кетейін, осы мәселені «Ақ жол» партиясының делегациясы былтыр Бейжінде ең жоғарғы деңгейде көтерген болатын. Мүмкіншілікті пайдалана отырып Сыртқы істер министрлігіне барынша қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқымыз келеді. Олар үшін керек болса, тіпті Қазақстан азаматтығын алуды жеңілдетуге болар, – деді депутат.

Оның сөзінше, оралмандар бір шешімге келетін уақыт болды.

– Қарапайым азаматтардың белгілі бір материалдық мүддеге қызығып, мәселен, пенсия, әлеуметтік төлемдер, сол аздаған дүние үшін қос азаматтық алып, заң бұзғаны бір әңгіме. Ал, осы жауапкершілікті толығымен түсіне отырып, саналы түрде заң бұзған мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттерін су ішкен құдығына түкіру, Қазақстанды отаным деп сезінбеу, қосмекенді бақа-шаянның қылығы деп түсінеміз, – деді Дүйсембинов.

Осы мәселелерді көтере отырып мәжіліс депутаты «Ақ жол» фракциясы атынан бес ұсыныс жасады:

1. Мемлекеттік қызметкерлердің, билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын адамдардың (адвокаттардың, нотариустардың, сот орындаушылардың және т.б ), қос азаматтығы бар-жоқтығына тиісті тексеру жүргізуді;

2. Жоғарыда аталған тұлғалардың қос азаматтығы үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу мүмкіндігін қарастыруды;

3. Қазақстан паспортын алған кезде Қазақстан азаматының антының мәтіні мен рәсімін заңмен бекітуді;

4. Жоғарыда көрсетілген өрескел заң бұзушылыққа жол беріп қана қоймай, оған тікелей қатысқан Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымын лауазымынан айырып, жауапкершілікке тартуды сұраймыз.

gu-gu.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз