«Сәкен әншінің жүрегінен айналдым!»

1
50

«Музарттағы» Сәкен аға Майғазиевті білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Ол кісінің әсем дауысына, бұрынғының серілеріне тән сырбаз кейпіне қарап-ақ ерекше сүйсінетінбіз, құрмет тұтатынбыз. Сондай-ақ Сәкен ағаны «интеллектісі жоғары әнші» деп бағалаушылар да жеткілікті. Журналымызға талай рет сұхбат та берді, бірнеше рет концерттерімізге қатысты. Сондай сәттерде адамдығына да тәнті болып жүрдік. Бірақ… Бірақ дәл мынандай жағдай орын алуы мүмкін деп ешқашан ойламаппын.
Осыдан бірер күн бұрын әріптесім Мәдина Серікқызына Түрксіб ауданына қарасты№162 Сапар Байжанов атындағы мектеп-гимназияда ұстаздық ететін құрбысы Нұргүл хабарласып, Сәкеннің нөмірін сұрайды….
Ары қарай сөзді Мәдина апайдың өзіне берсек: «Құрбымнан әншінің нөмірі не үшін қажет еткенін сұрап едім, мектептеріндегі бір ұстаздың жақында 50-ге келгелі жатқанын, өмірдің тауқыметін көп көрген сол апайдың соңғы уақытта өте көңілсіз жүргенін айтты. Мерейтой иесі Сәкен әндерін сүйіп тыңдайды екен. Менің құрбым мен ұжымы осы бір жақсы кісінің жабырқаған жанын бір сәтке болса да жадыратпақ оймен сүйікті әншісін шақырып, тосынсый жасамақ екен. Шыны керек, Сәкеннің нөмірін беріп тұрып, оны қанша құрметтесем де «тойғақомақты қаржыға шығып жүрген әнші танымайтын мұғалімді құттықтауға уақытын бөліп барады дейсің бе?» деген ойыма сенімді едім. Кейін оның жан дүниесін терең білмей тұрып, осылайша теріс ойлағаным үшін қатты ұялдым. Оқиға қалай болған дейсіздер ғой?
Нұргүл Сәкенге хабарласып, жағдайды түсіндірген, ұстаз апайдың жайын айтқан. Ал Сәкен бір сөзге келместен келісімін берген. Туған күн күні таңертең апайдың сыныбындағы оқушылар тәрбие сағатын бастап жатады. Сынып ішінде бірнеше мұғалімдер де болады. Апай құттықтау сөздерді ризашылықпен тыңдап отырады. Кенет… есік ашылып, қолында бір құшақ гүлі бар, әндетіп… Сәкен, Сәкен Майғазиев кіріп келе жатады. Мұндай тосынсыйды күтпеген апай не айтарын білмей тосылып қалады. Тіпті орнынан тұра да алмай қалыпты. Бар болғаны, көзіне ыстық жас үйіріледі. Туған күнмен құттықтап, сыйлығын берген әнші сол жерде бірер әнін де орындап береді… Тәрбие сағаты аяқталған соң мектептің ішін аралап, жай-күйімен танысады, оқушылармен тілдеседі. Ең бастысы, талай жүректерде қуаныш отын маздатады. Ал апай туған күн иесі ретінде қоштасарда дауысы дірілдеп, «бақыттымын, бақыттымын» дей беріпті», – деп сөзін аяқтады.
Бұл оқиғаны тыңдап отырып, менің де жүрегім ерекше тебіреніске бөленді. Көңілі жарым ұстаз апайдың қуанышты сәті көз алдыма елестеп, жақсы адамның қуанғаны үшін мен де қатты қуандым.
Тіл ұшыма «Сәкен ағаның қарапайым болмысы мен жақсылыққа ұмтылған жүрегінен айналдым» деген сөздер орала берді.
Иә, осындай жақсы адамдардың арамызда қатар өмір сүріп жүргені қандай бақыт! «Жақсы көрем сендерді, жақсы адамдар!»

Марфуға Шапиян

Facebok парақшасынан алынды
*Тақырып қойылды

1 Пікір

  1. «Музарттағы» Сәкен аға Майғазиевті білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Ол кісінің әсем дауысына, бұрынғының серілеріне тән сырбаз кейпіне қарап-ақ ерекше сүйсінетінбіз, құрмет тұтатынбыз. Бірақ… Бірақ дәл мынандай жағдай орын алуы мүмкін деп ешқашан ойламаппын.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз