Қазақстандық спортшыға Олимпиада ойындарының алтын жүлдесі 10 жылдан кейін берілді

0
200

Халықаралық Олимпиада комитеті қазақстандық үш спортшыға Олимпиада медалін табыстайтын болды. Атап айтар болсақ, зілтемірші Алла Важенина мен Анна Нұрмұхамбетова және жеңіл атлет Ольга Рыпаковаға бірнеше жылға созылған тексерістен кейін медальдар қайтарылады, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан 75 келі салмақта бірінші орын иеленген қытайлық Лей Цао спорттан шеттетілді. Сонымен қатар халықаралық ауыр атлетика бойынша федерацияның қайта жүргізген тексерісінен кейін, қазақстандық спортшы Алла Важенина Бейжің Олимпиадасының алтын жүлдегері ретінде мойындалды.

Сондай-ақ, 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада үш қарғып секіруден 4-орынды иеленген Ольга Рыпакова спортшылар допинг-сынамасын қайта тексергеннен кейін, Олимпиаданың күміс жүлдегері ретінде танылды. ХОК пен CAS Тәртіптік комиссиясы ресейлік Татьяна Лебедева мен грекиялық Крисопиги Деветциді спорттан шеттетті.

2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада ауыр атлетика бойынша 69 келі салмақ дәрежесінде 5-ші орынға ие болған қазақстандық Анна Нұрмұхамбетова Олимпиаданың қола жүлдегері деп танылды. Мұндай шешімге Тәртіптік комиссия Олимпиада ойындарында тиісінше екінші және үшінші орын иеленген Марина Шкерманкова мен Дзина Сазанавецті спорттан шеттеткен соң қабылдады.

Осылайша, Алла Важенина 2008 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Ольга Рыпакова Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері және Анна Нұрмұхамбетова Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері атанып отыр.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз