Айқайлап жылап, есімнен танып қалдым: Мемлекеттік қызметкер басшысының өзін ұрып-соққанын жайып салды

0
197

Ақтөбеде мемлекеттік қызметкер басшысының өзін ұрып тастағанын айтып шағымданды. Гүлмира Жидебаеваның сөзінше, ол Ақтөбедегі аумақтық инспекция басшысының орынбасарының құрбаны болған. Ол басшысы өзіне қол көтергеннен кейін есінен танып қалып, әлі күнге дейін емделіп жүргенін айтты, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Гүлмира Жидебаеваның аумақтық инспекцияда жұмыс істеп жүргеніне 10 жыл болған. Алайда басшының орынбасарымен ұрысып қалғаннан кейін, қорқа бастапты. Айтуынша, ол жұмыста жылу қоспағаны үшін сантехникке шағымданған. Дәл осы жайт басшының орынбасарына ұнамай қалған көрінеді.

«Ол мені кабинетке итеріп кіргізіп, өзі артымнан кірді. Басымды қабырғаға ұрды. Қабырғаға итеріп, қысып ұстап: «Аузыңды жап, өлтіремін!» – деді. Мұнан кейін мен оның жұдырығынан сытылып шығып, дәлізге атып шығып, айқайлап, жыладым», – дейді Гүлмира Жидебаева.

Мұнан кейін Гүлмира есінен танып қалып, әріптестері жедел жәрдем шақыртыпты. Ол денесіндегі соққының іздерін суретке түсіріп алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне шағымданған. Артынша басшының орынбасарына қатысты іс қозғалыпты. Алайда бұл Ерлан Орынбаевтың жұмысына кедергі болмай тұр.

«Бұл әйелдің сөзі көп. Қазір неше түрліні айтуы мүмкін. Мен оны ұрған жоқпын», – дейді басшының орынбасары.

Тергеу істің мән-жайын жарияламады. Алайда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктегілер таяуда дауды кім бастағанын анықтауы тиіс.

Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік қызметтер саласын бақылау басқармасының басшысы Руслан Мәжитовтің сөзінше, тергеу шараларының барысында инспекцияның қызметкерлерінен жауап алынған. Кейбірі Орынбаевтың дөрекілік танытқанын айтыпты. Ендігі оған ескертуден бастап, қатаң сөгіс, қызметінен босату тәрізді жаза түрлері қарастырылып отыр, дейді ол.

Анықталғандай, Ерлан Орынбаев бұл дауға дейін ұлттық бюрода сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс бойынша өтіп жатқан екен. Ол  көтерме базардағы саудагерлерге қамқорлық танытқаны үшін пара алған деп күдіктеліп отыр.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз