Шымкент әкімі жастарға: Instagram-да отырғанша жұмыс істеңдер

0
531

Бүгін Шымкентте белсенді жастар форумы өтті. Форум аясында Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мемлекет тарапынан жастар қауымына көрсетілетін қолдауды атай келе, оларды жұмысқа бейім болуға шақырды. Соның ішінде әлеуметтік желіге бейім жастарды сынның астына алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қазіргі заманда бұрынғымен салыстырғанда мүмкіншіліктер әлдеқашан жоғары. Сондықтан да жастарға айтқым келетіні, Instagram-да «комментарий» жазудың орнына барып жұмыс істеңдер. Базарға барып жүк тасыңдар немесе сауда нүктесін жалдап, көтерме саудагерлерден көкөніс алып сатыңдар.  Тігін шеберханасын, шаштараз ашыңдар. Істеймін дегенге жұмыс көп»,-деді Шымкент әкімі.

Ғабидолла Әбдірахымов «Болашақ» бағдарламасымен Германияда оқыған кездерін еске түсірді. Оның айтуынша, қалталы отбасыдан шыққандар «баймын» деп балқып-шалқымай, керісінше, дәмханаларда даяшы болып нәпақа тауып, жатақханада тұрған екен. Шетелдік жастардың түсінігі бойынша әкенің байлығы балаға мал болмайды.

«Сондықтан студент, жас кезде барлық жұмыс жарасады. Сіздерге ешкім ешнәрсе деп айта алмайды. Жұмыстан ешқашан ұялмау керек. «Жұмыс істеймін, мына жерден осынша ақша тауып жатырмын. Мен тәуелсізбін, ата-анама көмектесіп жатырмын» деңіздер. Тамаша емес пе?», — деді әкім.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз