«Түбінде жауап береді»: Шет тіліне аударылатын шығармалар төңірегінде дау туды

0
1799

Шет тіліне аударылатын шығармалар төңірегінде дау туындады. Жуырда Астана қаласында қазақ қаламгерлерінің шығармаларын әлемнің алты тіліне тәржімалау бойынша арнайы жиын өткен болатын.

«Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілі – ағылшын, қытай, орыс, француз, испан және араб тілдерінде 70-тен астам ел сөйлейді. Осы елдердің бәрінде 2,5 миллиард xалық тұрады. Қазақ әдебиетінің антологиясы екі жинақтан тұрады. Әрбіреуіне 30 автордың шығармасы енді. Екі жинақтың әрқайсысы 30 табақты құрайды. Әр баспатабақ бір-бір авторға беріледі. Сонда әрқайсысының құрамында 30 адам болмақ. Оның өзі 450-500 бет көлемінде болмақ. Яғни, бұл өте үлкен, ауқымды жұмыс», – деген еді жиын барысында Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан КЕНЖЕXАНҰЛЫ.

Алайда, қазақтың танымал қаламгерлері шет ел тілдеріне тәржімаланатын жазушылар тізімі жасырын жасалып, тамыр-таныстықпен әзірленді деп өз ойларын ашық айтуда.

Мәселен, белгілі ақын Қасымхан Бегманов «Осы тізімді кім неге сүйеніп жасады екен. Әдебиетке еңбегі сіңген классиктерге дау жоқ, ал әлі әдебиетке келіп «үлгермегендерді» қандай негізге сүйеніп осы тізімге кім кіргізіп жүр. Бұл тізім неге жасырын жасалады. Тізімді ел болып неге талқыламаймыз. Жауап беретін адам бар ма? Бұл жерге де тамыр-таныстық керек болғаны ғой. Түгел классиктер енген болса ол тізімді неге жасырады. Түбі біреу жауап береді ғой…» – деп жазды әлеуметтік желіде.

Ал, қазақ әдебиетінің көректі өкілі Байбота Қошым-Ноғай «Ол тізімде мен өзімнің жоқ екенімді біліп отырмын. Мүмкін мен басқа тізімде шығармын… Жарайды, мен әзірге тірімін ғой… Бірақ менімен бірге Сағи Жиенбаев, Төлеген Айбергенов, Өтежан Нұрғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Есенбай Дүйсенбайұлы, Жұматай Жақыпбаев т.б. ақындар да болмауы мүмкін. Егер солай болып шықса, онда әлем оқырмандары ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНА қарық болады екен!» – деп аталмыш жұмысқа наразылығын білдірді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз