Виктор Храпунов: Мен сiздерге көп нәрсе айтып беремiн…
Виктор Храпунов “К+” телеарнасына кезектi рет сұхбат бердi. Бұл жолғысы бұрынғысынан өзгеше. Өзгеше болатын себебi – бұған дейiн “бас жаққа барысқысы келмеп едi”, ендi саяси қастандықтарды сөз ете бастапты. Шекара қызметi басшылығы мiнген ұшақтың апатқа ұшырауы мен генерал Есетовтiң өзiне-өзi қол жұмсауы… Қоғам қайраткерлерi Заманбек Нұрқадiлов пен Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандық… Құй сен, құй сенбе Храпуновқа. Әркiмнiң өз ырқындағы шаруа бұл. Бiр анығы мынау: Храпунов бүгiнгi билiктiң қылмысының көпшiлiгiн бiледi, бiрақ оны өз пайдасына икемдеп айтуы мүмкiн. Саяси сауда үшiн. 8 ақпан күнi Храпуновтың “К+” телеарнасына берген сұхбатын ықшамдап аударып берудi жөн көрдiк.
“Арқанкергендегi” оқиғадан кейiн Қазақстанда көптеген қайғылы оқиға болды. Мұның кездейсоқтық екенiне ешкiм сенбейдi. Бұлардың iшiнде Виктор Храпунов та бар. Сұхбатына қарағанда, шекарашыларға қатысты қайғылы оқиғаның және Заманбек Нұрқадiлов пен Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандықтың артында кiм тұрғанын бiлетiн сияқты.
– Сiз – бұрынғы төтенше жағдайлар жөнiндегi министрсiз. “Шекарашылар мiнген ұшақ апатқа ұшырады” дедi. Бұлай болуы мүмкiн бе?
– Мен төтенше жағдайлар жөнiндегi министр болып тұрғанда министрлiктегi реформаның бағдарламасын жасадым. Министрлiкте бiр ғана ұшақ – АН-30 бар едi. Бiз жағдайды бағамдай келе, қандай ұшақ сатып аламыз деп бас қатырдық. Сонда мамандардың бәрi АН-72-нi “ең сенiмдi ұшақ” дедi бiрауыздан. Яғни, шекара қызметi басшылары мiнген ұшақ – ТМД-дағы ең сенiмдi ұшақ. Сондықтан да кесiр ұшақтан болды дегенге күмәнмен қараймын.
Мұны мен шекарадағы былық-шылықтың iзiн жасыру үшiн арнайы ұйымдастырылған iс-әрекет деп есептеймiн.
– Шекара қызметi академиясының директоры генерал-майор Талғат Есетовтiң денесi өз кабинетiнен табылды. Осы тұста Заманбек Нұрқадiловтiң “өзiн-өзi үш рет атып өлтiруi” еске түседi. Бұл жөнiнде сiз бiлесiз ғой.
– Мен бұл мәселенi бүге-шiгесiне дейiн айтып бере аламын. 2004 жылы наурыз айында Нұрқадiлов атышулы мәлiмдеме жасап, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты айыптады.
Дәл сол кезде мен тiземдi зақымдап алып, шетелге ота жасатуға кеткенмiн. Өйткенi бiздiң дәрiгерлер ота жасаудан бас тартты. Маған президенттiң iс басқарушысы телефон соғып, былай деп қысым жасады: “Сен не, оппозицияға өтiп кеттiң бе? Нұрқадiловтi қолдайсың ба? Не ойлағаның бар?”. Мен таңданып “мұны кiм айтты” дегенiмде ол: “Президент айтты”, – дедi. Президенттiң сөзi деп мынаны айтты: “Бұл не өзi?! Бәрi алматылықтардың iсi, не шықса да Алматыдан шығып жатыр…”.
Отадан кейiн Қазақстанға балдақпен келдiм. Алайда президент менi және аудан әкiмдерiн кабинетiне шақыртты. Жағдайды баяндадық. Бұл жолы бiз бейбiт тарқастық. Бұл сәуiр айы болатын.
Одан кейiн мен президент әкiмшiлiгiнен нұсқау алдым. “Президент 1 мамыр мерекесiн Алматыда өткiзедi” деген. Осы кезде Нұрқадiлов тiптi қатаң мәлiмдеме жасап, президент Назарбаевты саяси дебатқа шақырды. Назарбаевтың мазасы қашты. Алаңға келгiсi келмеген, бiрақ келдi.
Трибунаға шығып, Назарбаев сөз сөйлеп жатқанда алаңның бiр бұрышынан айқай-шу шықты. Нұрқадiлов: “Мiне, мен келдiм дебатқа, дайынмын!” – деп айқайлады. Оны жiбермей тұр екен.
Назарбаев мазасызданып сол жаққа қарағыштай бердi. Бiрнеше минуттан соң бiр генерал жүгiрiп келiп: “Президент мырза, бiз оның үнiн өшiрдiк”, – дедi. Тағы бiршама уақыттан кейiн екiншiсi жүгiрiп келiп былай деп жатты: “Президент мырза, менiң адамдарым оның үнiн өшiрдi”.
– “Үнiн өшiрдiк” деген не сөз?
– Күш қолдандық дегенi. Шын мәнiнде былай болыпты: арнайы жасақ жауынгерлерi Нұрқадiловтi емес, оққағарын сұлатып салған. Нұрқадiлов көлiгiне отырып, кетiп қалған. Кейiн өзi: “Мен олардың көзiнен ажал көрдiм”, – дедi.
– Одан кейiн не болды?
– Бұдан соң қарсылық күшейе түстi. Әрине, бұл президентке ұнаған жоқ. Маған Болат Өтемұратов телефон соғып, былай деп кесiп айтты: “Шеф тапсырма бердi. Нұрқадiловпен сөйлесiңiз, тыныштансын”. Түсiнгенiмше, шеф оған қызмет те, мәртебе де беруге дайын екен. “Егер тапсырма солай болса, сөйлесейiн”, – дедiм оған.
Нұрқадiловтiң үйiне келдiм. Әңгiмемiз ұзаққа созылды әрi ауыр болды. Келiсе алмадық. Тағы бiршама уақыт өткен соң Өтемұратов былай дедi: “Болды, ендi Нұрқадiловпен айналыспай-ақ қойыңыз, қажет емес. Шеф бұған нүкте қою керек дедi”.
Мен Өтемұратовтың сөзiн келтiрiп отырмын. “Бұған нүкте қоямыз” дедi. Мәселенi шешудiң жолын тапқан шығар деп ойлағанмын.
2004 жылы менi Шығыс Қазақстанға әкiм етiп жiбердi. Бiр күнi Алматыдағы Луганский көшесiндегi үйiнен Нұрқадiловтiң өлi денесi табылғаны туралы хабар жеттi. Өзiн-өзi үш рет атыпты… Адам қалай өзiн үш рет атады?
Бiршама уақыттан соң Дариға Назарбаева телефон шалды. “Сiз естiдiңiз бе, Нұрқадiловтiң өлi денесi өз үйiнен табылыпты. Мұны кiм iстеуi мүмкiн? Қалай ойлайсыз, мұны Мақпал iстеуi мүмкiн бе?” – дедi.
Мен оған Мақпалдың қолынан бұл келмейтiнiн айтып едiм, Дариға: “Сiз шолақ ойлайды екенсiз. Егер әйел бiрдеңе iстегiсi келсе, қайтсе де iстейдi”, – дедi. Осымен әңгiме бiттi.
– 2005 жылдың 12 қарашасында Заманбек Нұрқадiловтi өлтiрiп кеттi. Бiрнеше айдан кейiн Алтынбек Сәрсенбайұлына қастандық жасалды. Бұл оқиғалардың арасында байланыс болуы мүмкiн бе?
– Мен сiзге көп нәрсе айтып беремiн… Бiр күнi Алматыда Дариға Назарбаевамен кездестiк. Оның жанында Ресейден келген екi өкiл және қазақстандық мамандар болды. Бәрiмiз бiрге ас iшiп отырғанда Дариға Сәрсенбаев дегеннiң бар екенiн, оппозиционер екенiн, өзiне тиiсе беретiнiн айтты. Сөйттi де бәрiнiң көзiнше: “Сәрсенбаевты өлтiретiн адамның табылмай тұрғаны-ай?” – деп салды.
Менiң есiме Алтынбектiң парламентте Дариғаның телеарналарды қалай тиын-тебенге сатып алғаны туралы айтқаны түстi.
– Бұл кездесуде қанша адам отыр едi?
– Сегiз адам отырдық. Дариға: “Қазақстанда Сәрсенбаевтың тұмсығынан ұрған бiр адам ғана табылды. Ол – менiң кенже сiңiлiм Әлияның күйеуi”, – дедi. Байқайсыз ба, қалай-қалай айдақтағанын?! Министр, елшi болған адамды ұруға тек қана бiр-ақ бозөкпенiң шыққаны қалай. Ол оны Дариға Назарбаеваның абыройын қорғап ұрды демек қой.
Тағы бiршама уақыт өткен соң Сәрсенбаевқа оқ ататын адам да табылды…
Сұхбаттасқан – Алексей Тихонов.
“ХРАПУНОВ ӨТIРIКТI – ШЫНДАЙ, ШЫНДЫ – ҚҰДАЙ ҰРҒАНДАЙ СОҒУДА…”
Виктор Храпунов саясат жасаймын деп бiраз нәрсенi шатыстырып алыпты. Әдейi солай еткен шығар, бәлкiм.
Бiрiншiден, Храпунов төтенше жағдайлар жөнiндегi министр болып тұрған кезде өзi де былыққа батты. Оның жазасын орынбасары Абылай Сабдалин тартты. Сол себептi де Храпунов ұшақтың құлауын сөз еткенде өзiнiң iс-әрекетi есiне түсуi мүмкiн.
Екiншiден, “Нұрқадiлов пен Назарбаевтың арасында делдал болдым” дегенi де сенiмсiз. Зәкең Храпунов сияқты “пешкiлермен” сөйлеспейдi. Сөйлескен күнде де делдалдық жөнiнде емес. Және де Храпунов бұл жерде өзiн қызметте жүрiп-ақ оппозицияға көмектескiсi келген адам ретiнде көрсеткiсi келген.
Үшiншiден, Дариға Назарбаеваның Храпуновқа телефон соғып, пiкiр сұрауы да қисынсыз. Ол кезде Храпунов Алматының әкiмi емес. IIМ-ге де, ҰҚК-ге де қатысы жоқ. Дариға Храпуновқа бiр жағдайда телефон соғуы мүмкiн, құрбысы Лейланың халiн бiлу үшiн. Ал ендi телеканал басшысы мен облыс әкiмi арасында телефон арқылы әлгiндей әңгiменiң болуы…
Төртiншiден, “Дариға маған телефон соқты…”, “Дариғамен бiрге ас iшiп отырғанда…” деген сөздi Храпунов жиi айтады. Осыдан-ақ оның отбасының Дариға Назарбаеваға қаншалықты жақын болғаны байқалады. “Сәрсенбаевты өлтiретiн адам табылмай ма?” дегендi Дариға айтуы әбден мүмкiн. Өйткенi кезiнде Дариғаның телеарналарды қалай жекешелендiрiп алғанын, оларды мемлекет есебiнен қалай қаржыландырып келгенiн Алтынбек Сәрсенбайұлы әшкерелеп бердi. Дариғаның Алтекеңдi жек көретiндей себебi бар. Қылмысын әшкерелеген адамды кiм жақсы көрсiн…
Бесiншiден, президенттiң кiшi қызы Әлияның күйеуi Алтынбек Сәрсенбайұлына қол жұмсауы мүмкiн емес. Егер олай болған жағдайда Алтекең ондай боқмұрынды да, боқмұрынды жұмсаушыны да дер кезiнде орнына қояр едi. Және де қоғам бұдан мiндеттi түрде хабардар болар едi. Мәселен, Шымкентте демократиялық күштер өкiлдерiне тас лақтырғандағыдай.
Әлияның күйеуi бiлдей бiр мемлекеттiк қызметкердi – бiр кездердегi ҰҚК басшысын, қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысын соққыға жыққаны рас. Мұны жұрт бiледi. Бiрақ ол адам Алтынбек Сәрсенбайұлы емес.
Храпунов сияқтылардың мұнысына қазақ баяғыда-ақ баға берiп қойған: “өтiрiктi – шындай, шынды – Құдай ұрғандай” деп.
Қалай десек те, президент отбасының мүшесi – депутат Дариға Назарбаеваның және президенттiң жақын адамдарының бiрi Болат Өтемұратовтың атына ауыр айыптаулар айтылды. Егер Д.Назарбаева мен Б.Өтемұратов үндемей қалса, Храпунов ұпай алады. Божко сияқты “бред сивой кобылы” деп құтылудың да қисыны келмейдi. Бұлай деу президенттiң қызы үшiн ұят нәрсе. Сондықтан Дариға Назарбаеваға бiраз бас қатыруға тура келiп тұр. Егер екеуi де үндемей қалса, онда бар жауапкершiлiк президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мойнына артылады.
Е.Биеке.
zhasalash.kz сайтынан алынды.
*Тақырып өзгертілді
www.gu-gu.kz