“ҚОРАЗБАЕВТЫҢ ӨЗІМДІКІ ДЕЙТІНДЕЙ БІР ӘНІ БАР МА?..

3
211

Балнұр ҚЫДЫРБЕК, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы: «Қоразбаевтың өзімдікі дейтіндей бір әні қалды ма?..»


Заман өзгерді ме, жоқ, әлде, есіктен еніп, көзді ашып-жұмғанша төрге озған қатал нарықтың қағидасы солай ма, кезінде орыс ақсүйектерін тамсандырып, француздарды таңғалдырған қазақтың ән өнері қадым ға­сырлық қасиетінен айырылып барады. Есе­сіне, композитордың жан дүниесінен қай­нап шықпаған, бойында нәрі жоқ, ырғақсыз, күлді­бадам әндер көбейіп кетті
Кешегі Ақан мен Біржанның, Шәмші мен Әсеттің, Әбіла­хаттың әрбір ырғақ, иірімінде қазақтың қаны шымырлап ағып жататын ғажап әндерінің орнын сөздерінің ұйқасы шала, әуенінде от жоқ көкжасық дүниелер басып бара жат­са, оның да бір төркінін қазіргі ақша мен тұрмыс билеген қоғамымыздағы рухани құндылықтарымыздың арзандап, сана­мыз­ды тойымсыздық дертінің жайлап алға­нынан іздестіргеніміз жөн сияқты. Сұмдығы, кейбір композиторларымыздың өзгелердің жүректерінен қайнап шыққан әндерін ар-ұят, иманды жинастырып қойып, көпе-көрінеу ұрлауы, қала берді, жылына 300-400 ән шыға­ратын «автомат» «таланттардың» кө­беюі, күнкөріс үшін ұлттың обал-сауабын ұмытып, көрші қырғыз бен өзбектің, қара­қал­пақтың әуендерін қоржындап тасып, жат әуенді бүгінгі ұрпақтың бойына саналы түрде сіңіру көпшіліктің көзі үйрен­ген кеселге айналды. Осы жөнінде халқы­мыз­дың ән өнерінің мұңын мұңдап, жоғын жоқ­тай­тын Қазақстан Композиторлар одағы­ның төрағасы не ойлайды?

– Балнұр ханым, соңғы жылдары сапасыз әндер мен ұрлықы әуендер көбейіп кетті.
– Ақыл-пайымды ақша билеген мынандай заманда мұндай нәрселердің оқтын-оқтын төбе көрсетіп қалуын өз басым заңдылық деп санаймын. Арғы ата-бабаларымыз «ораза, намаз тоқтықта» деген емес пе, тоқсаныншы жылдары ала дорба арқалап базар кезіп кеткен түлкіқұрсақ халқымыздың көйлегінің бүтінделіп, қарнының тоғайғаны шығар, бұрындары келушілерін күтіп жетімсіреп тұратын мейрамханалардан қазір орын табу қиын. Ал, той-томалақ ән, әуенсіз өтпейді. Бұрынғы композиторларымыз жылдап жүріп, бір әнді зорға шығарса, қазіргілерге айына жүз ән жазып эфирден таратып жіберу түк те болмай қалды. Тек қаражат тапсаң жетіп жатыр. Өз басым жұрттың ән шығарғанына қарсы емеспін, жан дүниеңді жарып шыққан шығармаңды өзің орында, туған-туысқандарыңа шыр­қат, алайда, сен оны жалпы халыққа ұсын­ба. Мүмкін, ол әннің ырғақтары мен иірімдері басқа композиторлардың шығармаларында, тіпті, басқа елдерде бар шығар, ал, біздің қоғамымыздағы ең жаман нәрсе – екі нотаның басын қосуды ғана білетін адамдардың шалажансар дүниелерін қыруар ақша жұмсап, бейнебаян түсірткізіп, жұртқа күштеп тықпалайтындығы.
– Ендеше, мұндай әндерге неге шектеу қоймаймыз?
– Келмеске кеткен кеңес заманын аңсап отыр екен деп ағат түсініп қалма­ңыз, сол кезеңдегі тәртіп пен тазалықтан біз айырылып қалдық. Ол кезде кез келген адамның дүниесі белгілі бір саты­лар­дағы көркемдік кеңестердің қатаң сүзгілерінен өткізілетін. Егер Қазақ­стан композиторлар одағы өздеріне ұсы­ныл­ған әнді талапқа сай деп тапса, әрі қа­рай ол қазақ радиосындағы көркем­дік кеңеске жолданып, әуен әуелі форте­пианода ойналып тексеріліп, шығар­ма мамандардың көңілінен шықса, оркестр­дің сүйемелдеуімен орындалып, тек ком­позитордың қабілет-қарымы ғана емес, оны көпшілікке жеткізетін әншінің де шебер­лігі сарапқа салынатын.
– Қазір солай жасауға не кедергі?
– Тәртіп жоқ. Қалталы азаматтар шығарған дүниесін Қазақстан композиторлар одағының мамандарына әкеліп тексертіп алуды ар санайды. Керісінше, композиторлар Мұратхан Егінбаев, Марат Ілиясов және Алтынбек Қоразбаевтың арасындағы дау-дамайдан кейін «Қазақ­стан композиторлар одағы сөйтеді, бүй­теді» деген тәрізді әңгімелер көбейді. Әйтпесе, одақ ешкімнің көкірегінен итеріп, қолдарын қағып жатқан жоқ. Кезінде атақты композиторларымыз Шәм­ші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуов, Ес­кендір Хасанғалиевтердің өздері одаққа мүше болмай-ақ шығарған дүниелерін одақ мамандарының талқысына салып, тыңдатқан. Сонда оларды «сендер кімдер едіңдер» деп жолдарын ешкім кеспеген. Қайта Қазақстан композиторлар ода­ғы берген ұсыныстың негізінде сол ағаларымыздың қайталанбайтын ғажап әндері тыңдарманымен қауышты.
– Сондай бедел мен өкілеттілік қазір­гі Композиторлар одағында неге жоқ?
– Баяғы Кеңес одағы кезінде радио мен теледидар атаулы мемлекеттің меншігінде, соның қадағалауында болды. Ал, қазіргі жеке қолға өтіп кеткен теле-радио арналарында орындалатын ән үшін Қазақстан композиторлар одағы беретін ұсыныстың көк тиын да құны жоқ, ондағыларға қа­лаған ақшасын төлесең жетіп жатыр. Меніңше, өмірге жолда­ма алатын кез келген шығарманың жақсысы мен жа­сығын ажыратып отыратын көркемдік кеңестер тек мемлекет құзырындағы ра­­диолар мен телеарналардың жанында ғана болуы керек. Ондағылар Қазақстан композиторлар одағынан көмек сұрап, хат жазса, қол ұшымызды беруге біз әр­дайым дайынбыз. Бірақ, оны тыңдап жатқан кім бар? Одақтың қазіргі өкілеттігі кәсіподақтармен шамалас.
– Қазақ өнерінің алтын қорына қо­сылған Мұқан Төлебаевтың «Біржан Сара» операсының орнын Алмас Сер­кебаевтың бойында ұлттық рухы жоқ «Маугли» сияқты дүниелерінің бас­қа­нына қалай қарайсыз?
– Неге сіз Алмас Серкебаевты қазақ деп санайсыз? Оның аты мен осында дүниеге келгенінен басқа қазаққа жа­қын қандай қасиеті бар. Ол АҚШ-тың азаматы. Алмастың бойында қан-сөлі жоқ шығармасын қазақ топырағында дәріптеп, атағын аспандатып жүргендер шетел әншілеріне тәңіріндей табынатын билік басындағы шенеуніктеріміз.
– Бұл, сіздіңше, сауатсыздық па, жоқ, әл­де, өзге елдің өнеріне еліктеуші­лік пе?
– Қазақты менсінбеушілік.
– Ал, өзіңіз ақ пен қараны ажыра­тамын деп жүріп, басыңыз дауға қал­ған Мұратхан Егінбаев, Марат Ілия­сов және Алтынбек Қоразбаевтың арасын­дағы айтыс -тартыс жөнінде не айта­сыз?
– Алтынбек Қоразбаевты өзгелерге шекелетіп қаратып, көкірегіне нан пісіртіп жүргені Елбасының атын пайдаланып, ұпай жинап алғаны ғана. Парасатты адам қандай дәрежеге жетсе де, ең алдымен, өзі туралы өзгелердің пікірін тыңдап, тәу­бесін ұмытпағаны жөн ғой.
– Айтыңызшы, осы дау қалай бас­талып жүр?
– Шынын айтсам, соттасып жүрген үш композиторға да жақындығым жоқ, бөтен адаммын. Ұмытпасам, 2010 жылдың та­мыз айында Қазақстан композиторлар одағына А.Иманбаевадан «Неге бір әнді екі бөлек сөзбен, екі бөлек адамның аты­мен бересіңдер?» деп тыңдармандар ма­замызды алды, осының басын ашып беріңіздер» деген мазмұнда хат түсті. Қарап көрсек, анығында да солай. Дау көзіне айналып отырған «Аңсағаным–ауылым», «Қызым, саған айтамын» әнде­рінің авторлары да жат адамдар емес, өзіміздің одақтың мүшелері Мұратхан Егінбаев пен Алтынбек Қоразбаев. Мұ­ратхан Егінбаевқа телефон шалып едім, ол кісі «өзім де соны кімге айтарымды білмей жүр едім» деп жасқаншақтай сөйледі. Іле-шала Марат Ілиясовтан да Алтынбек Қоразбаевтың әнін сәл-пәл «мұр­тын басып» көшіріп алғаны туралы өтініш түсті. Әндері тапа тал түсте өзгенің қанжығасында кеткен екі композитор да ағайыншылап, дүниелерін еншілеп алған Алтекеңнің алдынан өтпей ме, бая­ғы. Мұратхан мен Маратқа қарағанда игі жақсылардың қасында көп жүріп, құранды ерге жайғасып алған Алтынбек Қоразбаев өз атына айтылған сынды естігенде ер-тоқымын бауырына алып тулап, «Сендер менің жанымда кімсіңдер, мен Алтынбек Қоразбаевпын, қажет десеңдер құдайларыңа барыңдар» деп дөңайбат көрсетіп, қуып шығады.
– Содан…
– Сараптау кеңесі деп бес маманның басын қосып, мән-жайды тексердік. Зерт­теу барысында дау қуып жүрген үшеу­дің де әндерінің нотаға дұрыс тү­сі­рілмегені анықталды. Әріптестеріне «сауатсыз» деп мұрнын шүйірген Алтынбек Қоразбаевтың өзгелерге жасаған «жиен­дігінің» сыры нақ осы жерде ашылды. Сараптау кеңесі «Ілиясов-Қоразбаев әнінің сәйкестігі 80 пайыз», «Егінбаев-Қоразбаев әнінің сәйкестігі 70 пайыз» деген қорытынды жасады. «Қазақстан композиторлар одағы басшыларының М.Егінбаев пен М.Ілиясовқа бүйректері бұрып отыр» деп ойласа керек, аттанға басқан Алтынбек Қоразбаев кеңестің қорытындысын мойындамай қойды. Ен­ді даулы әндердің аудиожазбалары мен ноталарын жақын шетелдерге жібе­ріп, Ресей композиторлар одағы мен Ук­раи­на Ұлттық композиторлар одағы маман­дарының төрелігіне жүгіндік. Олар әндердің өзара ұқсастығын 85 және 75 пайызға көтеріп, біздегі көрсеткіштен де асырып жіберді.
– Солай бола тұрса да, осы дау туралы жазылған материалдарда Қазақстан композиторлар одағы Мұратхан Егінбаев пен Марат Ілиясовқа жақтасты дегендей астарлы ойлар аңғарылып қалады…
– Қолданыстағы заңнамаларымызда кез келген мүлікке ол құзырлы органға тіркелген күннен бастап, меншік құқығы пайда болады. Мен үшін Мұратхан Егін­баев та, Марат Ілиясов та, Алтынбек Қо­раз­баев та одақ мүшелері, «бармақ бас­ты, көз қысты» жасап, бұра тартатындай жек­жат-жұрағаттығым жоқ. Мәселен, Мұ­рат­хан Егінбаевтың «Аңсағаным – ауылым» әні 1981 жылдың қараша айында Қазақ радиосының алтын қорынан алынып, 1983 жылдың қыркүйек айын­да Бүкілодақтық авторлық құқық жөнін­дегі агенттікте тіркелген. Алтынбек Қо­разбаевтың «Қызым, саған айтамын» әні араға аттай он жыл салып, 1992 жылдың шілде айында тіркеуге алынған. Марат Ілиясовтың «Сарыарқа сазы» әні 2005 жылы жазылып, 2007 жылы өткен «Елім менің» байқауында лауреат атанып, сол жылы Қазақ авторлар қоғамында тір­келген. Алтынбек Қоразбаевтың дау­лап жүрген әні күні бүгінге дейін тіркеліп, рә­сімделмеген. Сонда кімдікі дұ­рыс, кімдікі бұрыс? Бірақ, Алтынбек Қо­раз­баев әріптестерінің әндеріне жиендік жасағанын әлі күнге мойындап, тәубесіне келген емес. Сол баяғысынша ойдан құрастырған өтірігін судай сапырып, одақ мүшелерін қаралаумен келеді. Алтекеңнің дәлелдері де қызық, бірін-бірі жоққа шығарады. «Жұлдыздар отбасы» журналының 2011 жылғы 20 нөмірінде «Қызым, саған айтам» әнін 1977 жылы қызым Ақнәзікке арнап шығардым» десе, әнші Алма Аманжолова сол басылымның 28 бетінде Алтынбек Қоразбаевтың бұл әнді 1991 жылы ыңылдап, «толғатып» жүргенін айтады.
Алтынбек Қоразбаевтың Марат Ілия­совтың «Сарыарқа сазы» әніне жасап отырған қиянаты тіптен сорақы. Алайда, «ұялған тек тұрмас» деген, әйтеуір, жала жаба берсем жұрт менікін дұрыс деп ойлайды дейді ме екен, ұрлығының құпиясы ашылып, әшкере болғаннан кейін Қоразбаев Мұратхан Егінбаев пен Марат Ілиясовты былай қойып, менің соңыма шам алып түсті. «Жас Алаш» газетіне берген материалында «Егінбаев пен Ілиясовтың мұндайға миы жетпейді, оларды айтақтап жүрген Балнұр Қыдырбек, мен оның былықтарын жақсы білемін және тиісті орындарға жеткіземін, құртамын, жоямын» деп қыр көрсетіпті.
– Кейбір баспасөз беттерінде жа­рия­ланған материалдарда Алтынбек Қо­раз­баев негізгі даудың әннен емес, Қа­зақ­стан ком­позиторлар одағы төраға­лығы лауа­зымына таласу сияқты бақта­ластықтан басталғанын айтып, «Балнұр Қыдырбек содан бері өштесіп жүр» депті.
– Алтынбек Қоразбаев бұл одақтың төрағалығына сайланатындай кәсіби композитор емес, бар болғаны домбырашы. Ал, композитор мен орындаушының арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін кез келген адам біледі.
– Десе де, күні кешеге дейін Алтынбек Қоразбаев өзіңіз басқарып отырған одақтың бір мүшесі болды емес пе?
– Оныңыз рас, өткен ғасырдың тоқ­са­ныншы жылдарындағы аласапыран кезеңде қазақтың бір топ марқасқа ком­позиторларының көзі кеткеннен кейін солардың орнын толтыру үшін халыққа танымал авторлар мен орындаушылардың ішінен біраз адам іріктеліп, мүшелікке қабылданды. Мұратхан Егінбаев пен Марат Ілиясов, Алтынбек Қоразбаев сол кезде мүшелікке өткендер. Тағы да қадап айтамын, Алтынбек Қоразбаев кәсіби композитор емес, орындаушы. Одақтың жарғысының тәртібі бойынша мұндай әуесқой композитордың төраға лауазымына сайлануы мүмкін емес.
– Сырт естуімізше, осы дау-дамай­дан кейін Қазақстан композиторлар одағына мүшелікке қабылдау баяғы Кеңес одағы кезіндегі қалпына қайта­дан келтіріліпті деп естідік.
– Қателеспегенсіз. Сол тоқсаныншы жылдары одақ жарғысына консервато­риялық білімі бар танымал автор болса жарай береді деп бірқатар адамды мүшелікке қабылдап едік, оның соңы мынандай болды. Сондықтан да, кезекті съезде мүшелікке қабылдауды бастапқы жүйесіне түсіріп, композиторлық білімі болуы міндетті деп қайтадан өзгерттік.
– Апырмай, Сіз жұрт мойындаған Ал­тынбек Қоразбаевты кәсіби компо­зи­тор емес деп ол кісінің бүкіл еңбегін жоқ­қа шығарып, жерге қараттыңыз ғой.
– Өз басым Алтекеңнің маңдайы терлеп шығарған әнінің барлығына күмәнмен қараймын. «Қызым, саған айтамын» әні Мұратхан Егінбаевтың «Аңсағаным – ауылым», «Сарыарқа» – Марат Ілиясовтың «Сарыарқа сазы» әні екенін мына дау-дамайдан кейін жұрттың бәрі біледі. Атақты «Сағындым Алматымды» әнін күні кеше ғана дүниеден өткен Қажытай Ілиясовтың «Ынтызарым» әнінен кейбір жерлерін өз бетінше «өңдеп» түгел­дей көшіріп алған. «Үшқоңыр» әнінің Шә­кәрім Құдайбердіұлының «Еңлік – Кебек» әнімен ұқсастығы 70 пайыз. Осы кезге дейін Алтынбек Қоразбаевтың әні деп саналарға сіңіп қалған «Шашбаулым» әнін 1978 жылы өзінің жерлестері Тоқтас Төлендиев пен Әмзе Қалмырзаұлы шығарған. «Қара пима» әнінің авторы Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Тілеміс ауылының түлегі Түймебай Өмірзақов, «Қара кемпір» «Ана зары» атауымен 1960 жылдан бері түсірілген нотасы сарғайып Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының фольклор кабинетінің қорында жатқан дүние. Сонда Алтынбек Қоразбаевта өзімдікі деп меншіктеп белгі тағатындай бір дүниесі қалды ма? Бұл өз жанымнан шығарып отырған жаптым жала емес, құжат жүзінде бекітілген деректер.
– Былайғы жұрт КТК телеарнасы­на осы дауға қатысты берген сұхбаты­ңызда Алтынбек Қоразбаевты «идиот» деп сөгіпті деп жүр, сол рас па?
– Бұл отқа май құйып, айтқан сөзімді бұрмалап берген Нартай Аралбайұлы деген журналистің құйтырқы әрекеті. Әңгіме, шын мәнінде, былай болған еді. Журналист «Қоразбаев мені көре алмайды, қызғанады» деді. Мен «бір опера, үш балет жазған кәсіби композитормын, ол соншалықты көре алмайтындай кім еді» дедім. Әңгімесін әрі қарай сабақтаған Нар­тай Аралбайұлының кенет «Қоразбаев «Балнұрдың әкесімен арамыз өте нашар еді, соның кегін алып жүр» деген сөзін естігенде мелшиіп қалдым. Әкем Балғабек Қыдырбекұлының көпшілікке танымал жазушы, журналист, қоғам қайраткері екені рас. Ол кісі композиторлардың ішінен Мұқан Төлебаевты ерекше құр­меттеп, Алтынбек Қоразбаев дейтін ком­позитордың бұл дүниеде бар-жоғынан хабарсыз болатын. Қаным шапшып, басыма тепті. «Менің 20 жыл бұрын өлген әкемде қандай шаруасы бар?! Идиот» дегенім рас. КТК телеарнасы болса оны жұрт арасында дүрбелең тудыру үшін кейбір жерлерін күзеп, «Мен бір опера, үш балет жазған кәсіби композитормын, оны көре алмайтындай ол соншама кім еді? Идиот» деп бұрмалап көрсетіп, мені Алтынбек Қоразбаевпен араздастыруды көздеген.
– Жә, Сіз айтқандай, Алтынбек Қо­раз­баев өзіне тиесілі бір әні болмаса да өнердің қосын жегіп жүрген адам, ал, Пар­ламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, ел келешегі туралы әңгіме қоз­ғаған, белгілі әнші Бекболат Тілеухан не бүлдіріп жүр?
– Алтынбек Қоразбаев өзгелердің әнін ұрлап алып, кейбір жерлерін қырнап-сүргілеп өзінше дүние жасаса, Бекболат Тілеухандікі таза ұрлық. Ол танымал әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің «Елім менің» әнінің тазаланып көшірілген нұсқасын сол қалпында үтір, нүктесіне дейін өзгертпестен көшіріп алып, өз әнім деп жариялап жіберген. Бұл ұрлық атақты әншінің немересі Меруерт атасының әндерін жинақтап, баспадан шығарайын деп дүниелерін сұрыптамағанында ашыл­май қалар ма еді. Ол атасының соңында қалған дүниесінің арасынан кәдімгі қа­ламды фиолет түсті сияға матырып жа­зылған әннің бастапқы нотасын тауып алған. Бекболатқа әділдігін айтамын деп барған Меруерт те Алтынбек Қо­раз­баевтан ұрыс естіп, беті қайтқан М.Егін­баев пен М.Ілиясовтардың кебін киеді. Сол баяғы «сен кімсің, құртамын, жоямын» деген дөңайбат. Ал, баспасөзге берген өтіріктерінде «Елбасы тапсырыс бе­ріп, ән шығардым, ол әуенге өзі сөзін жазды; шалдың (Ғарифолланың) музыкалық сауаты жоқ болатын, ол кісімен тілдесіп көрген емеспін, Құрманғалиевтерді танымаймын… дейді. Қазақ ән өнерінің төрінен орын алатын Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық сауаты жоқ дегенге кім сенеді. Сірә да Бекболат Ғарифолла атамыздың үйінде жарты жыл тұрып, жезтаңдай әншінің өз қолынан алтын запонкасын сыйға алғанын білетін адам жоқ деп ой­лайтын болса керек шамасы. Бірақ, өті­ріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Ұрлығы әшкереленіп, жария болған Бекболат кінәсін мойындаудың орнына Алтынбек сияқты «Бұл мені көре алмайтындардың ісі», «Бұл орыстілді азаматтардың ісі» деп жұртты жаппай қаралауға көшті. Әрі қарай Құрманғалиевтер отбасы қыруар ақша төлеп, нота дәптерін Ресейдің сараптамасына жіберіп еді, ол жақтан іле-шала «ішіндегі жазулар 1973-1978 жыл аралығында жазылған» деген жауап келді. Осыдан кейін кімнің ісі ақ, кімнің ісі қара екендігін өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз.
Бекболат Тілеухан теңдесі жоқ талантты әнші. Өз басым оның шырқаған әндерін таңертеңнен кешке дейін тапжылмай отырып тыңдауға пейіл адаммын. Ал, жасап жүрген тірлігі әлгіндей. Бекболат та, оның ағасы Алтынбек те үстеріне үйіліп -төгілген мансап пен атақты көтере алмай қалған адамдар.
– «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген, бәлкім, қателесіп, пендешілік жасаған шығар…
– Алтынбек пен Бекболаттың әрекет­теріне қатысты мұндай жауырды жаба тоқитын сөздерді қабылдай алмаймын. Қазақ жастық албырттықпен қателік жі­беріп, кейін онысын мойындаған адам­ның әрекетін пендешілік деп атайды. Ал, кісіге жасаған қиянаттарын әлі күнге мо­йындамай жүрген Алтынбек Қоразбаев пен Бекболат Тілеухандікі пендешілік емес.
– Жақын маңайдағы мемлекеттердің сараптамасы Алтынбек Қоразбаевтың өзім шығардым деген дүниесінің Мұ­рат­хан Егінбаев пен Марат Ілиясовтікі екендігін ажыратып, анықтап берге­німен, әлі күнге бұл шығармалар радио мен теледидардан «Алтынбек Қораз­баев­тың әндері» деп орындалып жүр емес пе?
– Оны сол әндерді орындап жүрген­дерден сұраған жөн шығар. Сот әнге жасалынған сараптамалардың қорытын­дысын көре отырып, қай дөкейдің қаһа­рынан қорыққанын кім білсін, «екі ән екі бөлек» деп даулы дүниенің нақты кімге тиесілі екендігін ашып көрсетпей, былайғы жұртқа түсініксіздеу солқылдақ шешім шығарды.
– Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққан жастарға дем беріп, жігерлендірген Шәмшінің атақты «Ме­нің Қазақстаным» әні еліміздің Ән­ұра­нына айналды. Бұл иісі қазақ үшін мақ­таныш. Алайда, кейбір мамандар марш екпінімен орындалатын бұл ән­нің Әнұранның жүгін көтере алмай тұр­ған­дығын айтады. Сіздің пікіріңіз қалай?
– Мамандардың пікіріне толығымен қосыламын. Марш кез келген ортада шырқалатын көңілді әуен. «Менің Қа­зақстаным» әні Әнұранға айналғаннан кейін оны қарапайым отырыстарда орын­дауға біржолата тыйым салынды. Бұл, біріншіден, әнге обал. Екіншіден, қалыптасқан тәртіп бойынша азалы күн­дерде де, атақты қоғам қайраткерлерін жерлеу кезінде де еліміздің Әнұраны ойналуы керек. Сондай кезде асқақ сезіммен шырқалатын «Менің Қазақстаным» әні қалай орындалады? Әнұран қуанышқа да, қайғыға да ортақ әуен болуы керек. Менің қалауыма салсаңыз, еліміздің Әнұранына таяуда 100 жылдығы тойланатын Мұқан Төлебаев пен Евгений Брусиловский екеуінің бірігіп жазған «Біз Қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын шығармасынан қолайлысы жоқ.
– Айтпақшы, Мұқан Төлебаев аға­мыздың бүкіл ел болып атап өтетін 100 жылдық тойына дайындық жұмыста­ры қандай деңгейде жүргізілуде?
– Шынын айтсам, мәз емес. Әзірге Ал­маты облысынан басқа қозғалыс жасап жатқан өңірді көре алмай отырмын. Мұқан атамыздың тойы да атақты Дина апамыздың 150 жылдығына арналған шара сияқты азын-аулақ басқосумен бас­талып, соңы Алматы қаласының әкім­дігі сияқты сағыздай созып әкеліп, Желтоқсан айындағы Тәуелсіздік мерекесімен қабаттасып өткізсе, оған таң- ғалмаймын. Дайындықтың әзіргі тәлті­ректеген беталысына қарап отырып, ұлы композитордың 100 жылдығы жетім қыз­дың тойындай өте ме деп қауіп­тенемін.
– Әңгімеңізге рақмет.

Пікірлескен
Елеусіз МҰРАТОВ
Заң газеті
www.gu-gu.kz
*Тақырып өзгертілді

3 ПІКІРЛЕР

  1. Бір кездері телевизордан, радиодан Рашит Мұсабаевтың орындауында «Жас дәурен» деген ән жиі берілуші еді. Жақында со әнді Алтекеңнің иесдегенін көргенде жүрегім айныды. Бүгінгі ән тыңдаушыларда талғам жоқ па түсінбедім. Композиторлар одағы Алтынбек алдындадәрменсіздік танытып отыр.

  2. Алтынбек Қоразбаевтың «Менің дағы бір аққуым бар шығар» деген әнін тыңдадым да қайран қалдым. Бұл әнді Алтынбек 98 пайыз көшіріп алған . Қазақстан радиосы мен телевидениесінің «Алтын қорындағы»ән. Композиторлар одағы дәрменсіздік танытуда.
    Құрметті Балнұр ханым! Сіздің әніңізді түгел көшіріп алса қайтер едіңіз. Осылай одақ отыра бере ме? Қазақ радиосына хат жазып, Мәдениет министрлігі арқылы Қоразьаев әндерін фонетекадан алып тастап , оны атақтан жұрдай ету туралы шешім шығару керек емес пе?
    Шықшы тауға, қарашы кең далаңа,
    Мәз боласың, үқсайсың жас балаға.
    Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,
    Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?!
    Уа, дариға, алтын бесік – туған жер,
    Қадырыңды келсем білмей, кеше гөр!
    Шықшы тауға, қарашы кең далаңа,
    Мәз боласың, үқсайсың жас балаға.
    Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,
    Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?!
    Уа, дариға, алтын бесік – туған жер,
    Қадырыңды келсем білмей, кеше гөр!
    Шықшы тауға, қарашы кең далаңа,
    Мәз боласың, үқсайсың жас балаға.
    Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,
    Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?!
    Уа, дариға, алтын бесік – туған жер,
    Қадырыңды келсем білмей, кеше гөр!
    Міне осы әнді түгелдей көшіріп алған.Youtube сайтынан тыңдап көріңіздер.

  3. Композиторлар Одағында заң талаптары орындалмайды. Бұл жақсылыққа апармайды. Біреулері тірінікін, біреулері өлгендікін көшіруде. Мүмкіндік туып тұрғанда, заң талаптарына сай сотқа жүгіну қажет. Басқаларға сабақ болу үшін, нүкте қоймайсыздар ма?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз