Актриса Айгүл Иманбаева Talk Like бағдарламасына берген сұхбатында жеке өмірі мен баласының әкесімен қарым-қатынасы жайлы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Өзімде болмаған балалық шақты ұлыма бере алдым. Асылжанның әкесімен екі жаққа кеткеніме биыл 22 жыл болады. Сол кезде кішкентай баламды жаттың қолына жалтақтатпаймын деген шешім қабылдадым, біреудің балама қатты сөйлегенін көтере алмаймын. Қазір де солай. Одан кейін баламның біреуді «әке» дегенін де көтере алмаймын. Ол менің табиғатыма жат дүние», – дейді әнші.
Ел танитын актрисаға үкімет басында отырған шенеуніктің бірі тоқал болуды да ұсынған екен.
«Жоқ дедім. «Сенде барлығы болады: басшылық қызмет, үй-жай алып беремін, бірақ ешкім білмейді» деп айтты. Бірақ бұл табиғатыма жат дүние», – деп қысқа қайырды ол.
Әлеуметтік желіге ұлымен түскен суретін жарияласа, оқырманның бәрі Сәбит Әбдіхалықов туралы негатив пікір жазатыны жайлы да айтты. Кейде бәріне «Сәбит ондай азамат емес» деп айтқым келеді дейді ол.
«Асылжанның әкесі жайлы қызық әңгіме көп. Желіге ұлыммен түскен суретімді салсам, маған да, балама да қатысы жоқ, бірақ әкесіне қатысты негативті ойларын жазып жатады. Неге ол адам туралы сондай пікір қалыптасқанын білмеймін. Кейде «Сәбит ондай азамат емес» деп айтқым келіп кетеді. Соны ұлыма айтсам, «Мама, менің әкеме қатысты дүниенің барлығы, жауапкершілік сенің мойныңнан баяғыда түсті емес пе? Сен оған жауапты емессің ғой» деген соң менің де жауап бергім келмей қалады. Ұлым «жауапты мен беремін. Мен әркімге сөзімді қор қылып отырмаймын. Адам болып, тұлға болып, азамат болып қалыптасқаным – халыққа берген жауабым» деді», – дейді Иманбаева.