Шахановқа ғұмыр тілейік

2
227

Ықылас

Соңғы жылдары баспасөз беттерінде сын айтып, Мұхтар Шахановтың қоғамдық қызметіне, қазақ халқының алдында арының тазалығына, ұлтшылдығына шүбә келтіретіндер табылып жүр. Жақында бір азамат баспасөзде «Шаханов ұлтшыл болса фамилиясындағы «ов-ты» неге алып тастамайды» деп те сынапты…

Мұхтар Шаханов туралы мақала жазу ойымда жоқ еді. Оны «құдай артық жаратқан адам» дейтінмін де қоятынмын. «Ит үреді, керуен көшеді» дейді қазақ. Бірақ, әлгіндей шу көбегесін, оның өзі қорғауды қажетсінбесе де, қолыма еріксіз қалам алдым. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?

Мұхтардың 1966 жылы шыққан «Бақыт» атты алғашқы кітабының өзі оны болмысы бөлек ақын екенін танытты. «Тастар неге тілсізсіңдер?», «Бақтар неге үнсізсіңдер?» деген өлеңдері философиялық ой-тұжырымымен, теңдесі жоқ әдеби көркемдігімен жұртты өзіне жалт қаратқан. Бұрынғы ақындардың бірде-бірі «Тастар неге тілсізсіңдер?» демеген екен.

1972 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығын, 1982 жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын алғаннан кейін оның аты Қазақстан аумағынан шығып кетті. Ол орыстың сол кездегі керемет ақындары Евгений Евтушенеоның, Андрей Вознесенскийдің, Роберт Рождественскийдің қатарына барып отырды. Ұлы ақындар Р. Ғамзатов,Қ.Құлиев, Д.Кугултинов Мұхтарды аса құрмет тұтты.

Оның Евтушенконың аудармасындағы «12-3» поэмасын Политбюро мүшелері Яковлев, Горбачев, Ельциндер оқып таң-тамаша болған. Мұхтардың аты Еуропаны, Азияны аралап кетті. Бүкіл әлем таныды.

Бұрын орысша білмейтін ауылдың қарапайым тракторисі 30 жыл ішінде өзі де орыс тілінде поэма жаза алатын ұлы ақын дәрежесіне көтерілді.

«Өркениеттің адасуы» атты орыс тілінде жазылған поэмасы жеке кітап болып шықты. Оқып шықтым. Бүгінгі өмірді Шыңғысхан әрекеттерімен байланыстырған. Орысша жазылғанымен қазақ ақыны жазғаны көрініп тұр. Ақ өлең тәрізді. Тілге жеңіл, мазмұнға бай шығарма.

Мұхтардың әдемі әндері құлағымызда тұр. Бұл оның құдай артық жаратқан саңқырлылығының көрінісі.

«Желтоқсан эпопеясы» – қазақ тірі тұрса өлмейтін шығарма. Романның басты кейіпкерлері Горбачев, Лукьянов, Қонаев, Колбин, Назарбаев, Ельцин, Сахаров, т.б. болғандықтан да – аса үлкен тарихи маңызға ие.

Желтоқсан көтерілісін әлемге әйгілеген Шаханов емес пе еді?! Қайрат Рысқұлбеков өміріне ара түскен Америка президенті үлкен Буш, Еуропа мемлекет басшылары мен парламенттері оны ату жазасынан алып қалған. Желтоқсан көтерілісі СССР-дың шаңырағын шайқалтып, Тәуелсіздікке жол ашты.

«Желтоқсан эпопеясынан» біз Мұхтардың «мыңмен жалғыз алысқан» көзсіз батырлығын көреміз. Халық батыры. Қаулымен берілетін «Халық қаһарманынан» жоғары, халықтық атақ.

Шаханов депутаттығымен қатар СССР Жоғарғы Кеңесінің мүшесі еді. Жоғарғы Кеңес мүшелігіне оны Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ұсынған жоқ. Оны Горбачевқа қарсы Ельцин, Сахаров бастаған топ ұсынып өткізді. Ал, Жоғарғы Кеңестің мүшесі кез келген министрді, бас прокурорды өзіне шақырып сөйлесуге құқылы болатын.

Желтоқсан көтерілісіне әділ баға бергізу үшін Мұхтар өмір мен өлімнің арасында жүріп алысты. ЦК- мен, КГБ-мен, бас прокуратурамен алысу оңай шаруа ма еді?

Горбачев, Чебриков, Колбиндер «Әй, бала, байқа! Сенің үніңді өшіру бізге қиын шаруа емес» деп қорқытқанына қарамай алыса берді. Шахановтың бақыты шығар, Горбачев адам өлтіруге барған жоқ. Өйткені, ол ақымақ болса да, жоғары білімді, бойында гуманизмнің ұшқыны бар азамат еді. Ол тарихтың талқысынан қорықты. «Ұлтшыл» деген сөз «Халық жауы» сөзіне синоним болып тұрған кезде ЦК-ның «қазақ ұлтшылдығы» деген өз қаулысын өзіне кешірім сұратып бұздыртқан да Шаханов екенін ұмыттық па?!

62 жыл ұмыт болған Наурызды тойлату Шахановтың ғана қолынан келді. Колбин Мұхтардың «бұл – ұлтшыл да, діни де мейрам емес, бұл – көктем мейрамы, халық мейрамы» деген сөзіне құлақ асты. Ол Мұхтардың қазақтың бүгінгі ұлы перзенті екенін түсінді. Онымен санаспауға қаймықты.

Қазақ тойлағасын келесі жылы Наурызды тойлауға басқа түркі тектестердің де қолы жетті. Тіпті Ресейдегі татар, башқұрт, қарашай, балқар, авар, құмық және тағы басқа халықтар да тойлауға мүмкіндік алды. Бұл Шахановтың арқасы еді.

Шаханов қашан да қазақтың ұлт мүддесі үшін күрестің басында. Қостілділіктің, үштілділіктің қазақтың ұлт болып қалуына қауіпті іс екенін жанын салып дәлелдеді. «Қазақстандық ұлт» қазақтың атын жою үшін жасалып жатқан қастандық екенін пайымдап, бірінші болып дауыс көтерген де, оны тоқтатқандардың басында тұрған да Мұхтар екенін айтпауға болмайды.

Шаханов – Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы сынды қазақтың рухани көсемдерінің бірі. Ол – бүгінгі Махамбет, бүгінгі Абай.

Қазақ әйелі Мұхтардай 10 ұл туғанда қазақ бүгінгідей жетімдік күй кешпес еді.

Атаққа, ақшаға, ұлтын, жұртын отанын сатып кететіндер өріп жүргенде оның дүниеге қызықпайтыны да ұлылығы. Ұлылардың ұлылығын көзі тірісінде ұлықтау керек. Шәмші Қалдаяқовты, Мұқағали Мақатаевты көзі тірісінде ұлы болса да, ұлы демедік. Қазір ұлы композитор, ұлы ақын деп жүрміз ғой. «Қалдырмай ірі ісін де, бір ісін де, талантты құрметтеңдер тірісінде» деген ұлы ақын Қадыр да өтті дүниеден.

Қырғыз халқы Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановты қатар қойып, екеуін «Шығыстың қос Эверест шыңы» деп атады.

Бізде Мұхтарды өзіне теңеп сөйлейтіндер бар. Тіпті өзінен төмен санап ақыл айтатындар да жеткілікті. Өзім жазушы болсам да, Мұхтарды өзіме теңеп сөйлейтіндей көргенсіздікке барған емеспін. Ал, қолынан ештеңе келмейтіндер Мұхтарды күндеуді қояр емес.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқтың» кебіне келтірмей, Мұхтардан мін іздемей, оның ұлылығын мойындайық.

Төрежан МӘНДІБАЙ

www.qazaquni.kz

2 ПІКІРЛЕР

  1. КҮЗ САРҒАЙЫП .
    Кеттің бе күзім сарғайып .
    Барамыз біздер қартайып ?
    Жасыма дейсің ой салып
    Жатыр –ау өмір ортайып !

    Жап – жасыл тұрған тал еді ,
    Жарасқан күнім «бал» еді .
    Өзіңмен тұрған сөйлесіп
    Қартайған жігіт шал еді .

    Енді жоқ жаздың ыстығы ,
    Басталар қыстың суығы .
    Әніңе салма жылауық
    Долы жел соққан былтырғы ?

    Көңілсіз неге жасыл бақ ? ,
    Бояуын қайда жасырмақ .
    Шашылды қоқыс күл болып
    Өртеніп жатыр жапырақ !

    Дүркіреп бұлттар өтеді ,
    Жаңбыр мен құйын кезеді .
    Құлазып дала абыржып
    Алыстан сәуле өшеді .

    Табиғат көзі тіршілік .
    Тағдырға еттім шүкірлік .
    Мезгілмен есік ашылды
    Тек қана ұқпас бір шірік .*

    Қартайма көңіл қартайма,
    Өтті деп өмір мұңайма ?
    Сарғайған күзде өлең көп
    Шабытым әсте ортайма ? !

    КҮН СЫРЫ .
    Сыйғыздырып құшағына аспанды ,
    Орап алып , кім жұбатар адамды ?
    Күннің көзі көк жүзінен тік қарап
    Бар әлемді жылытады , бар маңды

    Қара жерге қадағанда кірпігін ,
    Мұңға батып толғанасың Күн бүгін .
    Көк — көгілдір кеңістікке жайғасып
    Адамдардың байқайсың ба тірлігін ?

    Күн айтасың ызғарымды төккенім ,
    Жер – Ананың арызына жетпедің ?!
    Мезгілімен жердің көркін өзгертіп
    Тіршілікке сәуле шашып өткердің !

    Шуағымнан тыныс алса жүрегің ,
    Барлық елге мен боламын тірегің .
    Ардан безіп Алла атын жамылып
    Жүргендердің жек көремін қорегін !

    Деп осылай сілкінгенде Күн көзі ,
    Парыз тұтып , тәуіп етпес кім өзі ?
    Айналайын жарығыңды төге түс
    Арман етіп күтудеміз Күн сені !

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз