ШАХАНОВҚА ШАБУЫЛ ҚАШАН ТЫЙЫЛАДЫ?!

0
35

Шахановты Біләштан кешірім сұрады деп жала жабу, бұл Мұхаңды ғана емес, қазақ халқын қорлағандық

Екі-үш күннен бері әлеуметтік желі бетін Мұхтар Шахановтың «Еркектерге көзқарас немесе әйелге сирек жолығатын бақ» деген өлеңін Серікжан Біләшқа арнапты деген қауесет жаулап алды. Ең қызығы, осыдан 30 жыл бұрын жазылған өлеңнің Серікжан Біләшқа арналды деген қисынсыз жаласында емес, осы өлеңнің соңында Мұхаң стилінде жазуға барынша тыраштанған бейтаныс «ақынның» М. Шаханов аузымен Серікжаннан кешірім сұратуында болып тұр. Әлгі өлеңсымақтағы өзге кедір-бұдырларды тілге тиек етпей-ақ қоялық. Әйтсе де әйелдер қауымына арналған өлең соңына Серікжанға қатысты күлдібадамды қосып жіберулері кімге де болсын еріксіз күлкі шақырады. Егер М. Шаханов стилінде шынымен-ақ өлең жазғылары келіп шабыттары қысып бара жатса, онда Мұхаңның басқа ерлерге қатысты, не өзге рухты өлеңдерінің бірін таңдауға болады ғой. Оның үстіне бұл жұрттың бәрі жатқа оқитын байырғы өлеңдерінің бірі. Қалай десек те бұл серікжаншылардың шектен тыс дандайсуы. Жалпы олар екі жылдан бері қазақтың біртуар ұлы ақынын ғайбаттап, ауыздарына келгенін айтумен келеді. Жүзден астан адам бірінен бірі озып, М. Шахановтың ұлт үшін атқарған жұмыстарын, күрескерлік қасиетін жоққа шығарып, ұлы тұлғаны тілдері жеткенше балағаттап, тіпті кейбіреуі: «Екі көзін шұқып аламын» деп қолдарын шошаңдатқанда бар ғой, жаның түршігеді. Енді ол аз болғандай, бүкіл әлем назар салып отырған әлеуметтік желі бетінде осыншалықты жала жабуы және оны М. Шахановтың ежелгі «достарының» сандарын шапаттай қолдауы, біздің осы мәлімдемені жасауымызға себеп болды.
Серікжаншыларға айтарымыз, Мұхтар Шаханов қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Ол барлық уақытта ұлттық мәселелердің басында болған. М. Шаханов Желтоқсан көтерілісінің шындығын ашып қана қоймай, сол көтерілісті аяусыз басып-жаншыған қандықол КСРО Президенті М. Горбачевқа қазақ халқынан кешірім сұратқан тұлға. Осылайша кезінде 300 миллион халқы бар КСРО сынды алып мемлекетті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған басшысын тізе бүктірген М. Шахановты С. Біләштан кешірім сұрады деп жала жабу, бұл Мұхаңды ғана емес, жалпы қазақ халқын қорлағандық. Оның үстіне қазір С. Біләштан кезінде онымен бірге болған, алайда оның жат ойларына көз жеткізген достарының өзі бойларын аулақ сала бастады. Тіпті Серікжанды Қазақстанның мемлекеттік рәмізі – Көк Туды көк дамбалға теңегені үшін сотқа бергендер де бар. Бұл орайда олардың пікірімен де санаспауға болмайды.
Соның бәрі әйгілі болса да серікжаншыларды бұлайша еркелетіп отырған кім? Өкінішке қарай осы ыңғайдағы сауалдар кезінде билікке сан рет қойылса да жоғарыдағылар әлі күнге дейін көзжұмбайлыққа салынып келеді. Соны білген серікжаншылар, әрине, еркінсиді. Еркінсігендері сонша, екі жылдан бері бір толастамай М. Шахановты тілдері жеткенше балағаттаумен келеді. Олар «М.Шаханов қазақ халқы үшін не істепті?» деген күлкі шақыратын сауалды әлеуметтік желі бетіне шығарудан да ұялмайды. Шынтуайтына келгенде М. Шаханов қазақ халқы үшін не істемеді? Кімдермен күреспеді? Кімдермен тіреспеді? Әуелі Колбинмен жағаласып жүріп, 62 жыл бойы тойланбаған Наурызды қайта әкелді; суы тартылып, шаң-тозаңы ғарышқа көтерілген Арал мәселесіне әлем назарын аударды; бәрінен бұрын, күні кеше ғана «Қазақстандық ұлт» құрамына кіріп кетудің алдында тұрғанда аштық жариялап, оны төрт мыңнан астам адам қолдап, әупірімдеп жүріп ұлт басына төнген қауіптің бетін қайтарғанының өзі не тұрады?! М. Шахановтың қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы мен оның қолданыс аясын кеңейту барысында ұзақ жылдардан бері жүргізіп келе жатқан күресі өз алдына бөлек әңгіме. Егер Мұхаңның бұл тұрғыдағы күресін шамалы тарқатыңқырап айтатын болсақ, 1989 жылдың 22 қыркүйегінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде екі тіл – орыс және қазақ тілі бірдей мемлекеттік мәртебе иеленіп кетеді. Ол кезде де «Орыс тілі мемлекеттік тіл болса екен» деп армандаған шалақазақ депутаттар жеткілікті болатын. Солардың бәрінің арманы орындалып, бір-бірімен сүйісіп, құшақтасып жатады. Сол кезде Мұхаң: «Мен өзімді-өзім мүлде ұстай алмай қалдым. Қаным басыма шапшыды. Орнымнан атып тұрып: «Бүкіл Кеңестер Одағындағы бізден басқа республикалардың бәрі өздерінің ана тілдеріне мемлекеттік мәртебе берді. Жалғыз біз тоқалдан тудық па? Бұл не масқара? Енді халық арасына барамыз, бүкіл елді көтереміз. Мұның соңы сөз жоқ екінші Желтоқсан оқиғасына ұласуы мүмкін» дегенімде депутаттар да, кейбір басшылар да тіксініп қалды. Содан не керек, қайта дауысқа салу мүлде заңсыз болса да бастық не айтса соны орындауға бейім халықпыз ғой, қайта дауыс беру кезінде депутаттардың бәрі біз жаққа ойысты… Кейде «үмітсіз жындылықтың» да ойламаған жерден пайдасы тиеді екен. Сол тұста мен үндемей қалғанымда орыс тілі де мемлекеттік мәртебе иеленіп, бүгінгі таңда ұлтымыздың 75-80 пайызға жуығы орыстанып кетер ме еді, кім білсін?» – деп еске алады.
Міне, осы мәселелерді ескере келе, біз серікжаншылардың М. Шахановқа шүйлігуінің астарында билік тарапынан С. Біләшті жасырын қолдаушылардың тапсырмасы жатыр деп ойлаймыз. Сондықтан Біләшшілердің еркінсуіне тосқауыл қоятын уақыт жетті деп білеміз. Сонымен қатар олардың әлеуметтік желі бетінде Мұхаңнан кешірім сұрауларын талап етеміз. Олай болмаған жағдайда М. Шахановты қорғауды халықтың өзі қолға алатынын ескертеміз.

Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, «Астана қалалық Мемлекеттік тіл» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры; Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, «Табиғат» ЕО төрағасы; Ислам ЖЕМЕНЕЙ, филология ғылымдарының докторы, профессор; Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, халықаралық «Қазақстан Дәуірі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі; Құдияр БІЛӘЛ, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері; Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын, «Алаш» сыйлығының лауреаты; Қазыбек Иса, «Қазақ үні» газетінің президенті, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, республикалық «Жыл – он екі ай» журналының Бас редакторы, Ұлт қайраткері; Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философия ғылымдарының кандидаты; Зікірия ЖАНДАРБЕК, яссауитанушы, тарих ғылымдарының кандидаты; Жарқынбек СЕЙТІНБЕТ, Демократиялық институттарды дамыту орталығының директоры; Талжан РАЙЫМБЕРДИЕВ, техника ғылымдарының докторы, профессор;; Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ, қоғам белсендісі; Ырысбек ТОҚТАСЫН, «Ел-Аманаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы; Қыдырәлі ОРАЗ, халықаралық «Атажұрт жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы; Өмірзақ АҚЖІГІТ, тәуелсіз журналист; Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ, қоғам белсендісі; Сәуле Әбілдаханқызы, «Ақжүніс-Аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы; Жұмаш КӨКБӨРІ, ақын, жазушы; Шаяхмет ИМАШЕВ, ҚР мәдениет қайраткері, өнер профессоры; Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты; Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы лауреаты; Талғат ҚАТАУОВ, «Тәуелсіз кәсіподақтар» төрағасы; Марғұлан БОРАНБАЙ, блогер, ұлт патриоты, қоғам белсендісі; Махамбет ЕРҒАЛИ, Гу-гу.кз порталының бас редакторы; Амангелді БАТЫРБЕКОВ, «С-информ» газетінің бас редакторы; Момбек ӘБДӘКІМ, жазушы, шежіреші, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты; Ахмет ӨМІРЗАҚ, ақын, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың лауераты; Нұржан ОШАНБЕКОВ, қоғам белсендісі; Құрал СЕЙІТХАНҰЛЫ, қоғам белсендісі; Рүстем ӘШЕТАЕВ, қоғам белсендісі; Қайрат АНАРБАЕВ, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент; Бегабат ҰЗАҚОВ, жазушы, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты; Арслан АСАНОВ, «Арыстанбаб» колледжінің директоры; Алмаз АҚЫЛБЕК, журналист, «Отырар» газетінің Бас редакторы; Серік ЖАНӘБІЛ, Шымкент қаласының құрметті азаматы; Сабырбек ОЛЖАБАЙ, жазушы, «Қазақстан журналистикасының қайраткері»; Мірболат МЫРЗАТАЙҰЛЫ, «Жастар» телеарнасының басшысы; Қанат БИЖІГІТОВ, «Домбыра» ұлттық телеарнасының басшысы; Ибрахим ӘЛСЕРКЕ, «Жеті Отау» қоғамдық бірлестегінің төрағасы; Жанысбек ӨТЕГЕН, «Дос Демеу» қоғамдық бірлестегінің төрағасы; Кеңесбай ӘБЕНОВ, композитор; Сарманбай ИСАК, фантаст-жазушы; Ажыхан СӘБИҰЛЫ, қоғам белсендісі, Серік МҰРАТХАН, қоғам белсендісі; Сәкен ІРГЕБАЕВ, қоғам белсендісі; Исматулла АҚТАЕВ, зейнеткер; Бақытбек ҚАЛМАҚБАЙҰЛЫ, қоғам белсендісі; Жарылқасын ЕРГЕШОВ, зейнеткер; Қарлығаш МҰТАЛОВА, қоғам белсендісі; Жазира ІЗБАСАРОВА, қоғам белсендісі; Гүлнұр ОРЫНТАЕВА, қоғам белсендісі; Нұрлыбек ҚУАҢБАЕВ, қоғам белсендісі; Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕН, қоғам белсендісі; Қарақат САУРЫҚТЕГІ, қоғам белсендісі; Нұржамал РЕМЕТОВА, қоғам белсендісі; Жансая ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, қоғам белсендісі; Оралбай БИГАЛИЕВ, қоғам белсендісі; Ержан ҚАЛДЫБАЕВ, қоғам белсендісі; Ерғали ҚҰЛЫБАЕВ, қоғам белсендісі; Әсия ЕРҒАЛИҚЫЗЫ, қоғам белсендісі; Гүлжан МҰСАХАНҚЫЗЫ, қоғам белсендісі.

ҚЫТАЙ ЕЛІНЕН КЕЛГЕН ҚАНДАСТАР:

Бақтияр Тоқтаубай, Төлеубай Дүйсенхан, Мүсілімхан Төлеухан, Әділхан Ержан, Нұрлан Ерған, Мырзағали Тоқтаубай, Қуаныш Шешәби, Нұрбек Мұтай, Маншүк Қаламбек, Нүбәрақ Нұрланбек, Тәжібай Ізбасар, Тұрсынәлі Тілеушеұлы, Тұрдыбек Құрметхан, Серік Мұратханұлы, Әлімажы Оралбекұлы, Нұртұрған Нурданбек, Жарқын Исахан, Сетер Жарқын.

Жалпы мәлімдемені қолдап қол қойғандар 2536 адам.
Қол қою әлі де жалғасуда…

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз