Судья әдебі жөніндегі комиссия Алматы облысы Кербұлақ аудандық сотының төрағасы Сейітовтің судья этикасын бұзғанын растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облыстық сотының судья әдебі жөніндегі комиссиясы төтенше жағдай кезінде Кербұлақ аудандық сотының төрағасы Д.З.Сейітовтің саунада демалу фактісіне қатысты тексеріс жүргізді.
«Комиссия Кербұлақ аудандық сотының төрағасы Судья этикасы кодексін бұзғанын растады. Қазіргі таңда Сейітовке қатысты материал Алматы облыстық сотының пленарлы отырысының қарауында жатыр», – делінген хабарламада.
Жоғарғы сот судьяларды жұмыстан шығару бірнеше кезеңнен тұратынын атап өтті.
Біріншіден, Судья әдебі жөніндегі комиссия нақты жағдайға тексеріс жүргізіп, судьяның сот этикасын бұзып-бұзбағанын анықтап, қорытынды жасайды.
Егер заңбұзушылық анықталса, облыстық соттың барлық судьясы қатысатын жалпы отырыста жасырын дауыс беру арқылы тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы істі Жоғарғы сот кеңесі жанындағы Сот жюриіне жолдау мәселесін шешеді.
Бұл ретте судья Жоғарғы сот кеңесіне Сот жюриінің оны тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешіміне шағым түсіруге құқылы. Тек осыдан кейін ғана Жоғарғы сот кеңесі түпкілікті шешім қабылдай алады.