М.Ерімбетов. ӨЗ СӨЗІҢ – ӨЗІҢДІКІ. Пародиялар

0
1051

1.

«Мен ұра берген соң, сыныптастарым мектепке келмей, менен бір жыл кейін бітірді» Есенқұл Жақыпбековтің «Айқын» газетіне берген сұхбатынан.

Есенқұл Жақыпбековке

Ерлігіңіз газеттің бетінде өріп,
Есенқұлжан, сөйлепсіз не түрге еніп,
Тірі пенде қоймапсыз жер бетінде,
Адам жегіш диюлер секілденіп.

Сіз соққанның барлығы сұлап қалып,
Сіз сүйгеннің барлығы жылап қалып.
Мектеп көрмей безіпті құрдастарың,
Ақын болған кезіңде бір-ақ танып.

Сұрап жатқан тілші жоқ неге десіп,
Сыныптасты қуыпсың ерегесіп.
Құдай мені сақтапты, құрдасым-ау,
Мырзашөлде алыстау, бөлек өсіп.

Жарнама да ақынға керек қылық,
Тілші қыз да шыбықты терек қылып.
Ой, жазыпты-ау!
(Бәріміз бала болдық)
Сөйлеу керек ауызды елек қылып.

Баспасөздің «бұзыққа» құрметін-ай,
Сұхбат жасап, өсекті гулетуі-ай.
Аққан судай еш болған уақытым-ай,
«Айқын» деген газеттің бір бетін-ай!

Десем бе екен…
«Бала кезде кітапты отқа атып ем,
Мұғалімге әкемді боқтатып ем.
Шапқан атты құйрықтан ұстап тұрып,
Бір қолыммен пойызды тоқтатып ем…»

Дейін десем,
Жаныңда біз деген не?
Құрбандарың жетіпті жүзге кейде.
Бізден де сұхбат алсын Н.Жүсібің,
Сұрағаны табылар іздегенде.

Резюме: Көбелектің кәрісі жоқ,
Кәріліктің дәрісі жоқ.
Сағыз –сұхбат кімге керек,
Мағынасы, мәнісі жоқ!

2.

«Менің «қара адам» деген өлеңім бар.
Ол Есенинде де бар». 60 жасқа толған мерейтойында Аманхан Әлімнің айтқаны.

Аманхан Әлімге

Өлім туралы жазасың,
Өз сөзіңе қожасың.
Ажалды айтып тойыңда,
«Төгіліп» кетті көз жасың.

Сен өзің «қызық» баласың,
Толстоймен жоқ жарасым.
Жерден ап жерге саласың,
Орыстың мүсілім данасын.

Мұхаммедке жақындап,
Хадис те айта саласың.

Шегі де бар ғой шыдамның,
Досыңның есін шығардың.
Өлеңмен өлім шақырған,
Сырыңды қалай ұғармын…

Пайғамбар жасы-кемел ғой,
(Аманхан да оған келер ғой…)
«Өлімнен қорқу (Яссауи)
Өлгеннен де ұят» деген ғой.

3.

…тура ұратын адам секілді маған төне қарап.
-Иә, – дедім мен де сол қолымды тосқауылға қоюға ыңғайлай беріп «ҚӘ» 15.06.12 «Кентавр»

«…ал, ананы «сою» керек.
«ҚӘ» 17.08.12 «Батош – Батырболат»

«…тұмсықтан перер ме еді?»
Ә.Ботпанов «Өмірзая» «Қазығұрт» баспасы, 2012

Бауыржан Бабажанұлына

«Жұдырықпен» өлшеген кездескеннің шамасын,
Уа, неғылған баласың?!
Жырларыңа қарасам- жастан гөрі данасың,
Суретіңе қарасам – әлі «бойдақ» баласың.
Ойыңа да, бойыңа жоқ зәредей таласым.

Кеше көрдім тағы да,
Аспан, жердің арасын,
Ойға батып оңаша өлең етіп барасың.
Танысайын деп едім «жұдырығыңнан» қорықтым.
Уа, неғылған баласың?!

«Өмірзая-Естелік» – Новелладай керемет,
«Ей» дегенді қай қазақ «бей!» деп біздер елеп ек…
«Қиян-кескі «шайқасты» көрген сенің сөздерің:
Тіпті тиді «нервіме», тұмсығынан перер ме ед?!

Қой, одан да кітапты бітірейін тезірек,
Деген едім «ҚӘ-нің» бай жұмада кезі кеп:
«Ой, мынау тым кішкентай, ұрмай-ақ қой,
Ананы «сою» керек тезірек»-
Деп Бауыржан Батошқа жаны ашып езілед…

Қапа болма, ақыным,
Ағаң боқты қырып па?!
Әдеби Һәм мәдени дәстүрлерді ұмытпа!
Сырық жалғай бермеңдер онсыз да ұзын құрыққа,
«Кешегі «әнші балапан», келдіңдер ғой қырыққа!»

4.
«Алматы маңындағы бір ауылда балалар қарғаны сөйлетіп жүр». «Жас алаш». «Қарға» атты мақаладан.

Есенғали Раушановқа

Пенде мас бола ма екен ішпегесін?
Мен көрдім қарға деген құс төресін.
Қарғаға ғашық болған Есен ақын,
Ағартқанша қоймапты ештеңесін.

Қарғаға құлақ десең бас дейді екен,
«По» десеңіз, парсыша ол «даст» дейді екен.
Адамнан асып туған асыл қарға,
Парламентке апарса не істейді екен?!

Өлең жаз, әңгіме жаз, мақала жаз!
Аққу сирек, торғай көп, жапалақ аз,
Жоқшылықта қарасқан қайырымды қол,
Тоқшылыққа жарасқан – бата, намаз!

Ақын тілмен көтерсе биіктерге,
Таспақа озып кетер киіктен де.
Крыловтан қалғанды қаузай бермей,
Жақсы өлең берсеңдерші, сүйікті елге…

5.
Пайғамбардың анасының есімін білмеді… (телехабардан)
«Мұзарт» әншілеріне

Әлхамдилилла!
Мұсылман баласымын!
Теледидар үшін ғой бар ашуым.
«Мұхамед пайғамбардың анасы кім?»
Сұрақ осы. Тауып тұр жарасымын.
«Миллион кімге бұйырар» хабарында,
Екеу отыр, «білгіштің- таласуын!»

Екеуіміз – «Мұзарттың» екі әншісі,
Шашу еткен халыққа ән асылын.
«Фатима-Пайғамбардың анасы!» деп,
Қойып қалды келтіріп жан ашуын.

Резюме:
Бар қазақты бір көрге тыққаныңша,
Мұны білмей, ойынға шыққаныңша,
Қой бағып кетпейсің бе, қарашығым?!

6.
Қайнар Олжай туындыларының аттары «Президент пырағы», «Есенғалидың төрт есебі», «Қолтырауын неге қалтырайды», «Есек шығарған есеп», «Мысық неге пысық» болып келеді…Әлі біздің қолға түспеген мақұлықтар болуы мүмкін.

Қайнар Олжайға

Өкпелеме,
Ақын да досын сынар,
Сынап тұрып әзілін қоса ұсынар.
«Президент пырағына» мінген Қайнар,
Жерге түсті дегені, осы шығар.

Есенғали ақынның «Есебіне»
Таң қалып ем,
Кез болдым «Есегіңе»,
«Қолтырауыннан» қашып ем,
«Мысықтарың»,
Жолымды тағы кесті, кеше міне?!

Сынады деп мейлі сен жазалағын,
Тоқтатайын, звандап, қажамағын.
Ғылыми еңбегіңмен құттықтаймын,
Танымымның саңылауын тазаладың!

Сиыр бақтым, қой жайдым, етті жедім,
«Халал-газет» шықса екен деп тіледім.
Енді қандай хайуанды мақтайды деп,
Ойбай-ау, зәрем ұшып кетті менің!

Әзіл ғой, бұл,
Оқырман, көп тілегін,
Қайтарма, дос, ақылыңмен көк тіредің.
Қалың жұртың оқыған қазынаңды,
Қайнар Олжай олжасы деп білемін!

7.

«…Сегіз ай болды, намаз оқи бастадым». «Жас Алаш» газетінен. Неге екенін, маған бұл сөздер жарнама сияқты сезілді… Бұрынғы біз көрген дуагөй қариялар, нағыз намазхандар намаз оқығанын, ораза ұстағанын, қайыр бергенін жариялай бермеуші еді.

Маралтай Райымбекұлына

Бүгінгі жарнама басқаша,
Жария етуде «Жас алаш».
Ақындар намаз оқи бастаса,
Бәйтерек болатын шығар жас ағаш.

Төрт өлең жазған соң қағазға,
Көбейді «классик» дегендер…
Жығылып сегіз ай намазға,
Туылды… діни кемеңгер.

Қаламын әр іске мен-ақ таң,
Қалайын мен ғана «бұзық» боп.
Алласын іздейтін Сенаттан,
Кей ақын сөзінде қызық көп.

Өтіп кетті ме, Маралжан, оқу тым,
Аллаһым өзі білер есебін.
Шалдар (жарнамасыз-ақ) намаз оқитын,
Тұсап қойып есегін…

8.
Капиталистік әзіл

Жазушылар патшасы,
Қалтада жоқ ақшасы.
Қашан барсаң шығатын,
Қалдарбектің ақ шашы.

Бір жолдасы – оралман,
Бір жолдасы – мақташы.

Оразалин ағайды,
Сайлап алдық, жарайды.
Қаламақы сұрасаң,
Қара шашын тарайды.

Аспантауға қарайды,
Астанаға қарайды.

Атан түйе сойылса,
Одақ менің ойымша,
Жөнделер ед, шашы жоқ,
Тақырбас Е. қойылса.

Әрі бастық,
Әрі – ПЕН,
Қызмет, өлең – бәрі тең.

Мылтықбай Ерімбетов, Жазушылар одағының мүшесі

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз