НҰРТІЛЕУ МЕН ЗАМАНБЕК ЖӘНЕ НЕСІПБЕК ПЕН ЖҰМАШ КӨКБӨРІ ТУРАЛЫ

0
176

НҰРТІЛЕУ ИМАНҒАЛИҰЛЫ мен ЗАМАНБЕК НҰРҚАДІЛОВ

және НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ мен ЖҰМАШ КӨКБӨРІ туралы

ХИКАЯ

…Жаз-келіншек назданады бұлықсып,

Шашылғандай жүрген ізден ырыс, құт.

29-мамыр, 2 мың

13-ші жылдың жазы, күн ыстық.

Езуінде күлкі бардай бір керім,

Өз-өзінен көтерілген бұл көңіл.

Теледидар ғимараты ішіне

Көп жылдан соң бір іспенен кіргемін.

Әдетімен ғашық болған кездегі,

Сыр бүккендей жаз-келіншек көздері.

Осы арада менің жастық шағымның

Өткен еді ең жалынды кездері.

Бұл не сезім, түсінбестен таңданам,

Өз-өзімнен шалқып, тасып, паңданам.

Осы арада мен жүргізген көп жылдар

Туған еді телехабар сандаған…

Сол уақыттар менің үшін ай ма екен,

Буырқанған жастық шаққа сай ма екен?

«Түрік даналары» атты авторлық

Менің телебағдарламам қайда екен?

Қалтамда ма, сұлу қыздан шыт – мұра,

Жанарыма тұнғандай ма, шық мына.

Хабарларым бұдан басқа қанша ма,

Көрерменнің көңілінен шықты ма?

Қиялымда қызық, думан түндерім,

Сол заматта бәйшешектей гүлдедім…

Көз алдымнан өтіп жатты зымырап,

Менің сол бір ертегідей күндерім…

Тұрып қалдым, ой-сезіммен алысып,

Шығатындай аузымды ашсам, жан ұшып…

Теледидар магниты – жуысаң,

Кім болсаң да, тартып алар жабысып…

«Тулармысың, баурыңа алып еріңді?

Тұншықтың ба, әзер алып деміңді?..»

Тұрған едім: Доқтырханмен, Боранмен

Анадайдан Нұртілеу де көрінді.

«Осы қазір қайтер екен бұл адам?

Ол сөзіме қандай момын шыдаған…»

Салқындық бар арамызда біраздан,

Нұртілеуді бір кезде мен сынағам.

Мені көрді, «қайтер екен Нұртілеу?..»

Арамызда жібермейтін тұр тіреу.

Адам болса осы арада түсінер,

Екеумізде: бір өкпе мен бір тілеу.

Осы қазір өкпе, реніш – бір ұғым,

Дей алмаймыз ешқаймыз «ұлымын!»

Шамалы еді, оның да оңар қылығы,

Шамалы еді, менің де оңар қылығым.

Кім айырар: парықсыз бен парықты?

Кім айырар: семіз бенен арықты?

Таң қалғаным, осы жолы Нұртілеу

Күтпеген ем, азаматтық танытты.

-Әй, Көкбөрі, сынауыңды қоймадың,

Шынымды айтсам, тым арыға бойладың.

«Шындық бар-ау, айтқанында осының…»

деп өзім де тек соңынан ойладым.

Намыс барда6 кім кеудесін бастырған?

Қайран өкпе, көңілдерді тас қылған.

Ашуланып, ана досың Несіпбек

Маған сені «сабап ал» деп тапсырған.

Сабар едім, жолың үлкен Көкбөрім,

Сенде де бар, ағаттығым – көп менің.

Тазалайық екеуміз де көңілді,

Қазбаламай өткен істің өткенін.

Бұл арада өкпе, реніш орынды,

Пайда болды «болымсыздан» – «болымды»,-

Сол Нұртілеу қолын берді, мен де – оған,

Ұсынған ем шын көңілмен қолымды.

Бұл жағдайды дос та көрді, жат көрді,

Көңіл-бұлақ сылдыр қағып, ақты енді.

Екі қолдың жылуымен осы сәт

Барлық өкпе еріп, кетіп, жатты енді.

Бұл өмірдің: мәнсізі не, мәнді не?

Көңілдердің: сәнсізі не, сәнді не?

Осы арада түскен менің есіме,

Зәкең ермен болған сол бір әңгіме.

…Бітпес тірлік, содан пенде шаршай ма?

Отырғамыз кезек беріп бал шайға.

Ағамыздың сәтін ұстап көңілді,

Сұрақ қойғам, қарамастан ай-шайға.

-Әлде Сізді шаршатты ма, құр кеуде,

Оралыңыз, биліктегі күндерге?..

Таң қаламын, қалай тақтан түсесіз,

Қарапайым жан боласыз бір демде.

Ол күндерді сезем, сіз де білесіз,

Түсінемін, бұл сөзіме күлесіз.

Бір кездегі қол жетпейтін асқар тау,

Арқа-жарқа елмен бірге жүресіз.

Онда сізде қызметте жүр едім,

Мансап қуған мен де сіздей «ірі» едім.

Бір пендені көзіңізге ілмейтін

Кезіңізді өзім жақсы білемін.

Пендеміз ғой, соры қалың, бағынан,

Бүгін елес, сол күндерді сағынам…»,-

Маған сосын, Зәкең, марқұм Заманбек!

Ағыл-тегіл ақтарылған ағынан.

-Делдиіп ап ана қалқан құлағың,

Әй, Жұмаш-ай, қызық екен сұрағың,

Алқымға алып, мынау қиын сұрақпен

Өткен күнге «шегін дейсің бір адым».

Мойындаймын, сұрағыңның жаны бар,

Түсінгенге бұл сұрақтың мәні бар.

Пенделік пен адамдықтан сыр шертер

Бұл сұрақта соныменен бәрі бар.

Біз расы Көктегіден өңгеміз,

Бәріміз де қыбырлаған пендеміз.

«Көтереді семіздікті қой ғана»,

Біле білсек, Көкте емес, Жердеміз.

Мен ғана емес, сен, бәрінен сұрашы,

Бұл сұрақпен бар мықтыны сынашы.

Көзім – соқыр, тас керең де – құлағым,

Мен билікте жүрген кезде расы.

Осындайда бәрі де ойға келеді,

Соған төзген Аллам қандай кең еді.

Ал, биліктен қалай кетем, құлағым –

Ашылады, көзім – қайта көреді.

Билеп тұрған бір мемлекет, бір елді,

Сынар түбі, қандай жан да жігерлі.

Мені қойшы, ал тақтағы ана адам

Мүлдем соқыр, мүлдем керең, ұқ енді!..»-

Зәкең марқұм ойлы көзбен қараған,

Дәл осылай түсінсе ғой әр адам?

Қаншама жыл өтсе дағы арада

Өшер емес осы сөздер санадан.

Айта алмаймын, жауап солма, мен күткен?

Айта алмаймын, тарлық қандай кеңдікпен?

Қайтпас қайсар, сол азамат Заманбек,

Пенделігін мойындаған ерлікпен.

Өмір бейне қайыны мен жеңеше,

Жағалау мен алып мұхит немесе.

Не айтса да, ана досым Несіпбек,

Алар ма екен, Нұртілеумен теңесе?..

Бұл әншейін қоя салған сұрақ қой,

Маңдайдағы екі көзің шырақ қой.

Ей, адамдар, жетпейтіні біздерге

Көңілдегі жарқыраған шуақ қй.

Бүлінбейтін жерде талай бүліндік,

Талай рет сабақ жіпке іліндік.

Нұртілеу мен мына мен де сан рет

Ол ақиқат, түзу жерде сүріндік.

Адал ниет және көңіл хошымен,

Көп достардың ортасында өсіп ем.

Нұртілеу мен Заманбектей ер жайлы

Аяқтаймын хикаямды осымен…

Сәлеммен,

Жұмаш КӨКБӨРІ (КЕНЕБАЙ),

Алматы, 30.05.2013 жыл,

www.qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз