Ұлттық экономика министрлігі алдағы бес жылда теңге бағамы қалай өзгеретінін айтты

0
777

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Қазақстанның 2022–2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сыртқы және ішкі жағдайларға байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған базалық, оптимистік және пессимистік сценарийлері әзірленді.

Базалық сценарий кезінде мұнай бағасы барреліне 60 долларды, ал доллар бағамы 425 теңгені құрайды.

2022–2026 жылдар аралығында ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 4,8% деңгейінде күтілуде. 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,9% деңгейінде, 2026 жылы 5,2 пайызға дейін жеделдейді.

«Барлық базалық салада оң өсім күтілуде. Негіз ретінде бюджетті жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады», – деді ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев үкімет отырысында.

Оптимистік сценарий кезінде мұнай бағасы барреліне 70 доллар болса, доллар бағамы – 415 теңге.

2022-2026 жылдар аралығында елдің жалпы ішкі өнімінің орташа жылдық өсімі 5% деңгейінде болжанып отыр. 2022 жылы экономиканың нақты өсімі –  4,1%, 2026 жылы 5,3%-ке дейін үдейді.

Пессимистік сценарий орындалса, мұнай бағасы барреліне 50 доллар, ал доллар бағамы 435 теңгеге жетеді.

Алдағы бес жылда елдің ЖІӨ орташа өсімі 4,6% деңгейінде болжануда. 2022 жылы экономиканың нақты өсімі 3,7%, ал 2026 жылы 4,9%-ке дейін жеделдейді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз