ДЕМОКРАТИЯ ҮРДІСІ – ДАУ-ДАМАЙДЫҢ ҮЛГІСІ ЕМЕС

1
69

«Ақ жол» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының жаңа басшысы сайланды.

Ақтөбе қаласында 8 маусым күні Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Ақтөбе облыстық филиалының конференциясы өтті. Оның жұмысына партия төрағасы Азат Перуашев, Орталық Кеңес хатшылары Әбдіразақ Сұлтанов пен Сәбит Байдалы, партияның Кеңесшілер алқасының төрағасы Амангелді Айталы, өңір аудандары мен Ақтөбе қалалық партия ұйымдарының өкілдерінен сайланған 50 делегат қатысты. Күн тәртібіндегі басты мәселе – «Ақ жол» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының сайлауы болды.

Соңғы жылдары партияның Ақтөбе облыстық ұйымында дау-дамай көбейіп, аудандық деңгейге дейін жікке бөлінді, тіпті, қатарлас құрылымдар пайда бола бастады. Бұл – сөз жоқ, партияның жұмысына өз салқынын тигізіп, партияның бірқатар мүшелерінің қай құрылымға сенерін білмей, өз ұйымынан қол үзуіне мәжбүр етті. Осыған байланысты партия жарғысына сәйкес, орталық кеңес президиумының шешімімен Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Ақтөбе облыстық филиалының басшысы З.Көбеновтің өкілеттілігі тоқтатылды.
Конференцияда сөз алған партия төрағасы Азат Перуашев, хатшы Әбдіразақ Сұлтанов, бірқатар аудандық партия өкілдері З.Көбеновтің 2007 жылға дейін белсенді еңбек еткенін атап айтып, өкінішке қарай, соңғы жылдары партияның облыстық бөлімшесіндегі түсінбестіктер мен бөлініп-жарылу – филиал төрағасының мардымсыз жұмысының салдары екендігіне тоқталды.
Конференцияда З.Көбеновтің «Невада-Семей» қозғалысының облыстық филиалының да төрағасы екендігі, ол жұмыстың да көп уақытты қажет ететіндігі айтылды. Экологиялық мәселелері мүшкіл 2-3 ауданның өкілдері З.Көбеновтің «Невада-Семей» қозғалысының облыстық филиалының төрағасы қызметінде қалуын қолдады.
«Даудың басы – Дайрабайдың ала сиыры» демекші, түсінісбес­тік­тің түп-тамыры – З.Көбеновтің біраз аудандармен тиісті байланыс жасай алмауында, партия органдарының жарғыға сәйкес сайланбауында, сайлау науқаны кезінде төрағаның белсенді жұмыс атқара алмауында, партияның аймақтағы мүшелерінің басым бөлгінің төрағаның қызметіне қатағаттанбауында» – дейді білетін бір топ. Бұл топтың ішінде «төраға» лауазымына таласушылар жоқ болғанымен, З.Көбеновтің жұмысына көңілдері толмайтындар көп.

Әсіресе, “Ақ жол” партиясы Ақылдастар алқасының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы Ізімғали Көбеновтың кемшіліктерін бетіне айтып, облыстағы филиал жұмысы жүрмей, атмосфералық ахуал нашарлап, жік-жікке бөліну белең алғанын әділ сынады. Ол Көбеновке жұмысты дұрыс жолға қоя алатын жастарға орын бергені дұрыс болатынын ескертті.
Бірінші ұстанымға қарсы аздаған адамдар да бар екен. Екінші топтың басында З.Көбеновтің өзі тұр. Ол өз атына айтылған жоғарыдағы әділ сын-ескертпелердің бірін де мойындағысы келмеді және қабылдағысы да жоқ. З.Көбеновтің жалғыз дәйегі: «Ақ жол» – Ақтөбе облысында беделді партия» дейді де, әріптестерінің наразылығына көңіл аудармайды.
Белгіленген тәртіп бойынша, «Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық филиалының басшысы конференциядағы делегаттардың басым дауысы арқылы шешіледі. Бірақ, дауыс берер алдында З.Көбенов партия билетін тастап, 50 делегаттың өзімен бірге 8-ін ертіп, конференцияны тастап шығып кетті. Қалған 41 делегат «Ақ жол» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының төрағалығына облысқа белгілі кәсіпкер Асқар Садықовты сайлады. Ол дау-дамайдан аулақ, бейтарап азамат. Жаңа басшы Асқар Садықовтың алдында облыстық партия ұйымын қайта құрып, партия мүшелерінің басын біріктіріп, жұмысын жандандыру мәселелері тұр.
Облыстық конференцияда сөйлеушілер партия жұмысын жандандыру қажеттігіне баса назар аударды. Қайсыбір баспасөз құралдарының «түймедейді –түйедей» етіп жазуының еш негізі жоқ. Қалыпты жұмыс жағдайында өткен партия конференциясындағы пікірлер алуандығы астарында ешбір өткір мәселе жоқ. Бұл – қо­ғамымыздағы демократиялық үрдістердің көрінісі ғана. Ал, «Ақ жолдың» әу бастан демократиялық партия екендігі белгілі.

Индира КЕРЕЙ
Ақтөбе облысы

1 Пікір

  1. Естуімізше, Ізімғали ағаға «төрағаға кеңесші болып қал» деген екен, «жоқ маған облыстық аурухананың бас дәрігері қызметін әпермесеңдер, кетпеймін» деп қиғылық ұйымдастырып жүр екен… Ақылы бар адам абыройымен кете білетін еді..

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз