АУТ СӨЙЛЕГІШ АУЫТ қандастарды қолдап жүр ме, ҚОРЛАП жүр ме?

0
496

КЕЗІНДЕ ТІЛДІ САТҚАН АУЫТ ЕНДІ ТІЛГЕ ҚАМҚОР БОЛА АЛА МА?

ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОРҒАУШЫ ДЕПУТАТ НЕГЕ ПАРЛАМЕНТТЕН КЕТУІ КЕРЕК?

Ауыт Мұқибек деген “қатырамын” деп қандастарының қанын ішіп жүрген, атын естісе ағайындары әлі зар қағатын бір “қайраткер” “Ақ жол” партиясына тас лақтырыпты. Бірақ үйшігін жауып алып үріпті. Сыртқа шықса сыбағасын беретіндер көп болғасын солай еткен болуы керек, фейсбук парақшасы өзін жақтайтындарға ғана ашып қойған, сыртқа көрінбейді…

Кешегі Көрнекі ақпаратқа байланысты заң жобасына кәсіптік нысандарда Тіл заңын қадағалау функциясын ұсынған Қазыбек Иса оған қарсы Үкіметтің қооытындысын дауысқа салғанда жалғыз өзі қарсы шығып, қазақ тілін қолдаған еді. Соны естіп алған Ауекең есегінен ауып жатқанына қарамай есіп-есіп әңгіме айтыпты…

“Ақ жолдың” басқа депутаттары қайда дейді алдымен жағдайды біліп алмай. Кеше дауыс берілген заң жобасының жұмыс тобында «Ақ жол» фракциясынан тек Қазыбек Иса ғана болғанымен шаруасы жоқ.

Қазыбек Исаның айтуынша: “Жалпы, Көрнекі ақпарат туралы заң жобасында көптеген жетістіктер бар.

Сауда нүктелері мен мейрамхана-кафелерде, кәсіпкерлік нысандарда мемлекеттік тілде жазуды міндеттеу, мемлекеттік емес ұйымдарда маңдайшалар мен бланкілерде атауын мемлекеттік тілде, қажет болса ғана өзге тілде жазу, көше мен жол атауларында тек қазақша жазу және тб ұтымды баптар бар”-дейді.

Соған қарамай, “Бұл бір ұсынысы өтпегеннен кейін Қазыбек Иса, тіпті, “Ақ жол” фракциясы түгел өздері парламентті тастап кетуі керек. Әйтпесе олардың оппозиция екеніне сенбейміз”-деген мағынада соғ-е-е-п отыр Ауекең.

Оған Қазыбек Исаның:

“Рахмет Ауыт Мұқибек бауырым! Бірақ үкімет үміттенбей-ақ қойсын! Мен депутаттық бастамашылық құқымды пайдаланып, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдатпай ешқайда кетпеймін. Өйткені, қазақ тілі туралы заң қабылдату- қазақтың маған артқан аманаты! Қазіргі осы Көрнекі ақпарат туралы заңның өзіне негізгі бапты енгізе алмасақ та, қазақ тілінің ұпайын арттыратын қаншама жетістігі бар баптар енгіздік. Сұлтан Бек бауырым дұрыс жазғандай, мен кетсем қазақ тілінің жаулары қатты қуанады. Ал мен қазақтың жауларын қуандырғым келмейді, қуардырғым келеді!”-деген жауабы шыққанына да қарайтын түрі жоқ.

Бірақ қанша үйшігінің аузын таныстарына ғана ашып қойса да, солардың өзі Ауыттың сазайын беріп жатыр екен…

Gulnar Anasheva деген қыз: “Тілге жанашырлығыңыздан ба, әлде озғанға көреалмаушылығыңыздан ба білмеймін, шешіліп болмай жатқан жағдайға өз кеңесіңізді беріпсіз. «Ақыл айтсаң, мақұл айт» дегені тағы бар. «Ақ Жолдың» батыл қадамдарын атап тұрып, «лайық емессің, кет» дегеніңіз үйлеспей қалды. Иттің аузы тиді екен деп, дарияның суы арамданбас. «Ақ Жолдың» да, Қазыбек ағамыздың да осы кезге дейін істеген жақсылықтары, оппозициялық ұстанымы — ол факт. Оны теріске шығаратындай сөйлем түгіл, жалпы ойды кездестірмедім жазбадан”-деп сілейтіп салыпты.

Ал Томирис Нұртазина : “Тақырып пен пост бір-біріне үйлеспейді. Негізі былжыраған жазба. Тақырып айқайлап тұрғанға соңына дейін оқып едім. Уақытым текке кетіпті. Негізі Қазыбек Исаны депутаттықтан кетіруді көздеген топтың сойылы деп білемін. Ұлт сөзін сөйлеп жүрген ұлды бұлай жарға итергенше, қолдау көрсету керек”-деп ағасына ақыл айтыпты. Онда оны түсінетін ми болса деңіз.

Иә,оған тек бір сәттік хайп болса болды!

Хайп қуамын деп майып боп кететінімен шаруасы жоқ…

Мемлекеттік тілді қолдап дауыс берген жалғыз депутат Қазыбек Исаны Мәжілістен кетуі керек деп жазған адам да бар екені туралы таңертең ғана пост жазып ем, Мемлекеттік сыйлық алған марғасқалар, елге танымал зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары барлығы бір ауыздан өре түрегеліп, сазайын беріп, бір сағаттың ішінде әлгі постымыз хит боп кетті. Халықтың қолдауы ғой! «Бұның шын мәнінде кім екенін әшкерелеп жазамыз» деп сол постқа комент жазып ем, Ауекеңнің жаны шығып кеткен секілді. Осыған дейін өмірі іздемеген, пікір жазбаған Ауыт қасқа аяқ астынан маған әлеуметтік желіде достық ұсынып, жекеме «Телефон нөміріңізді беріңізші» деп сызылып хат жазып, сіз-біз емес, шыж-быж болды. Тіпті баяғыда мемлекеттік тіл мен Қазыбек Исаның Ұлттық кеңестегі әйгілі сөзін қолдап айтқан пікірін коммент етіп салып, өзін ақтағысы келді. Ол пікірін де біз «қуалап» жүріп алған едік. «Мемлекеттік тілге қолдау көрсетіңіз» деп «Қазақ үніне» сұрап жүріп жариялап ек. Сөйтіп сұраумен ғана «тіл жанашыры» болған Аукеңнің түрі мынау.

“НҰР ОТАНҒА” АРАНДАТУШЫ КЕРЕК ПЕ?

Өзінше “оралмандардың құқын қорғаушы” атын иеленіп жүрген бұл немең құқықтан құқ етпейді екен ғой. “Ақ жол” партиясы алаяқ па” деп тақыр жерге тақырып қойғанын қайтерсің сауатсыздың. Өзі тағы партияның батыл істерін салбыраған аузының суы құрып мақтап отыр. “Алаяқ” деп жеке адамға айтылатынын, тұтас заңды тұлғаға, партияға ондай айыптау айту -нағыз сауатсыздық екенін мектеп баласы да біледі.

Айтпақшы, бұл Ауекең “Нұр отан” партиясы қоғамдық қабылдау бөлімінде консультант болып істейді. Ал енді партия басшылары бір бірімен пікір таластыруы бола береді. Ал бір партияның кеңсесісінің есігінде отырған кеңесші екінші бір тұтас парламенттік партия туралы ешқандай негізсіз “алаяқ” деп ауыр айып тағып, жала жабу – қылмыстық іс болғаны былай тұрсын, ешқандай партиялық этикаға жатпайды. “Нұр отан” партиясының төрағасы Елбасымыз, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев. “Ақ жол” партиясы өзіне жабылған жаланы жауапсыз қалдырмайтыны, асырып жауап беретіні белгілі. Сонда саяси сауатсыз Ауыт Елбасының партиясын ұятқа қалдырып, арандатып отырған жоқ па?!. Бұған “Нұр отан” партиясы басшылары “таң атқаннан кешке дейін бізді мақтап, жағымпазданып жүр ғой” деп, Ауыттың “қатырдым, риза болуда” деп елге айтып жүргеніндей мәз болып қоя салмай, тиісті шара қолдануы қажет.

Парламентте он жылдай фракциясы дүрілдеп тұрған, бірер ұсынысы өтпесе, жүздеген ұсынысы өтіп, ел игілігіне пайдаланып (Ауыт мырза да пайдалануда) жүрген “Ақ жол” партиясына парламентті тастап кетіңдер деп “ақыл” айтады “саясаткер” Ауыт. Кез келген саяси партияның негізгі мақсаты билікке жету екенін, бір ұсынысы өтпесе, халық берген мандатты тастап кету – “битке өкпелеп тонын жағып жіберетін” саяси сауатсыз әңгүдіктің ісі екені айтпаса да түсінікті.

Қайтіп “Нұротан” мұны депутаттыққа кандидаттар қатарында праймеризге кіргізіп жүр?!. Сондықтан екен ғой ең аз дауыспен ең алдымен сайыстан шығып қалғаны…

“АУЫТТЫҢ КАСТЮМІ” – қандастарға салынар салық

 Интернетке, фейсбукке “Ауыт Мұқибек” деп жаза қалсаң, алаяқтың көкесін көресің. “Ауыт кастюмі” аталып кеткен оралмандарға салатан салығынан бастап, “балаңды оқуға түсірем” деп талайды зар қақтырғаны шыға келеді.

«Нұр отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбекке жазылған арыз интернетте жүр. Қысқа ғана үзінді келтірейік:

“Ауыт Мұқибектің 2018- жылы жазда, өзінің көп жылғы танысы Қарағанды облысы, Балқаш қаласының тұрғыны Мукажанова Аманкуль Тлеукадировнамен тіл біріктіріп, Алматы қаласының тұрғыны Нургазиева Гулнара Тлеуовнаның жоғарғы оқу бітірген қызын Алматы мемлекеттік университетінің магистратурасына түсіріп беремін деп алаяқтық жолмен 500000 теңгесін алдап алады. Аталған алаяқтық іс бойынша қылмысты болған, бірақ екі жақ келісімі бойынша ісі тоқтатылған . Бұл екеуінің 2019 жылы 5 маусым күні, Алматы қаласы Медеу ауданының ІІБ-ның ТБ-ң тергеушісіне күдікті ретінде берген жауаптары да әлеуметтік желіні шарлап жүр. Төменде куәдан жауап алу хаттамасының скриншоттары тіркелген (фотода).

Әсіресе , шетелден оралған қандас кәсіпкерлер арасында » Ауыттың костюмы» – деген әңгіме жыр болып тарап жүр . Оның мәні ол кісі өз жерлес кәсіпкерді көрсе бірден костюмға ақша сұрайды екен. “-деп жазады.

Осы арыздан оқығанымыздай,

“Ауыт кастюмы” салығын ол тіпті бір топ Ұлттық кеңес мүшелерімен бірге Президент қабылдауына кірерде де пайдаланыпты.

“Соның қарсаңында Ауыт Мұқибек кәсіпкер Қадилет Нәбиұлына телефон соғып өзінің жақын күндері Презденттің қабылдауына кіретіндігін айтып костюмға ақша сұрайды және бізнесіне қарайласып тұратындығын айтып уәдені үйіп төгеді . Және аз ақша емес 500 мың теңгеден кем болмауын қадағалайды . Кәсіпкер Қадилет Нәбиұлы пайдасы болмаса да зияны тимесін деген оймен Ауыт Мұқибекке сол жерде бес жүз мың теңге аударып бергендігін айтады . Бұл әңгіме де қандастар арасында кең тарап жүр . Бірақ кәсіпкер содан кейін ол кісіні мүлде кездестіре алмапты.”-деп жазады.

ЖАЛАҚОРДЫҢ ЖАЗАСЫ

Оралман мен көші-қон полициясының арасына делдал болып жан бағып, өзі атамекенге зорға келген оралманның ақшасын алып қашып жүргені, көзіне көрінген көрнектіге көпе-көрінеу жала жабатыны бір төбе. Жазып жатқандар Ауыттың ондай қылықтарын беске білетін қандастарымыз. “Қытайдағы ұйғырларды түгел Қазақстанға шақырып азаматтық берейік” деген таза арандатушылық көрсоқырлығы тағы бар.

“Ақ жолға” ақыл айтқыш Ауыттың сөзі Крыловтың әйгілі мысалындағы бұлбұлға “қарға секілді ән айта алмайсың” деген есекті елестетеді екен. Есек демекші, Фейсбуктағы парақшасында Арғынбек Ғұсыман деген Ауыттың жерлесі “Есек емген екеу” деген масқара мақала жариялапты. “Есек емген екеудің” бірі Серікжан Біләш, бірі 400 мың ұйғыр тұратын жерде өскен Ауыт ахун Мұқибекті де терілерін тірідей сыпырып, әшкерелепті. Міне сілтемесі: https://www.facebook.com/100039922479536/posts/411437463530333/?d=n

Ауыт байғұстың елге келсе де баяғы әдетіне басып, жұртқа жала жабумен келе жатқанын, танымал оралмандардың соңына шам алып түскенін баяндайды. “Жарқын Жаншуақ деген бүркеншік есімімен әйгілі «Көк тудың желбірегені» әнінің мәтінін жазған ақын Алмас Ахметбекті қаралап «Жас алашта» желілес мақалалар жазды. А.Ахметбек пен Р.Айыпұлының үстінен жазған домалақ арыздары сотқа дейін жетіп, тиісті тексерістен кейін іс жабылды.

Атынан ат үркетін Сұлтан Жанболат, марқұм Жұмәділ Маман, марқұм Оразанбай Егеубаев, Шәміс Құмар, Тұрсынәлі Рыскелді, Қайролла Баянбай сияқты елге келіп, пәтер алған ақын-жазушыларды «қос мекенділер» деп өсек таратып, қысым жасады” деп жазады.

Жабылған жалаға күйіп жүрген Алмас Ахметбек бір жиында Ауытты көре сала бір-ақ ұрып, аут жіберіпті. Аунап тұрған Ауыт қандастардан алған кастюмының шаңын да қақпастан тайып тұрыпты…

Сөйтіп, Ауыттың аярлығынан азап шеккен қандастардың ақысын Алмас ағамыз бір жұдырықпен алып беріпті…

Аут сөйлегіш Ауыт сонда қандастарды қолдап жүр ме, қорлап жүр ме?

Қандастардың қамын жеп жүр ме, қанын ішіп нанын жеп жүр ме?

КЕЗІНДЕ ТІЛДІ САТҚАН АУЫТ ЕНДІ ТІЛГЕ ҚАМҚОР БОЛА АЛА МА?

Қазақ тіліне “жанашыр” бола қалып, шуы шұбатылып жүрген артын тазалай алмай жатып, “Ақ жолға” ақыл айтқыш жалақор, ауып сөйлеп отыратын Ауыттың парақшасына жауап жазған Қазыбек Исаның: “Кезінде қазақ тіліне қарсы шығып, енді аяқ астынан өзінің жеке мақсаты үшін қазақ тіліне қамқор болып қалған алаяқтар кімдер екенін анықтаймыз әлі…”- дегенін оқып, ойланып қалдық.

“Бақсақ, бақа екен” дегендей, 2017 жылы ұлт зиялылары Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек” деп, Президентке Ашық хат жазғанда бұл хатқа қол жинағанда Ауытқа да айтылған екен. Дәл сол кезде астанадағы “Нұр отан” партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне кеңесші ме, күзетші ме, әйтеуір бір жұмысқа аяғы ілінген Ауыт қасқаң: “Мен қазақ тілін қолдайтын Президентке жазылған хатқа қол қоймаймын”-депті ғой…. “Оу, арғы беттен келген сендер үшін керек емес пе қазақ тілі?”-десе де “Жоқ, қол қоймаймын” деп бет бақтырмапты. Шамасы, кергіген кеңсе малайы “керемет қызметке тұрдым, енді содан айрылып қалмасам болды, қазақ тілін қайтейін” деген болса керек көлеңкесінен үркіп. Бұған “Қазақ үні” сайтындағы “Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек” деген Ашық хатқа сол кездегі, 2017 жылы жазылған мыңдаған пікірлердің ішінде Ауытқа байланысты жазылған комменттер айғақ бола алады. Онда: “Біз секілді орысша білмейтін оралмандар үшін қазақ тілі туралы заң қабылдау өте маңызды. Арғы беттен келген зиялылар да қол қоямыз. Әшейінде айқайлап жүретін Ауыт Мұқибек неге жоқ қазақ тілін қолдаған хатта?”, “Ауытқа айтылған екен, “мен Нұротанның қызметкерімін” деп қазақ тілін қолдауға қарсы шығып, қол қоймапты. Жетісіп қалған екен!”, “Ауыт қазақ тілін қайтсін, оралмандарды алдап алған ақшасын қайтармай, үйіне қонбай қашып жүр ғой ол” – деген неше түрлі пікірлерді оқып та көз жеткіздік.

Естуімізше, былтыр осы Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен Ашық хатқа қол қоюшылар саны 125 мыңнан асып кеткенде, Қазыбек Иса: “Ауыт бауырым, Ұлттық кеңесте жүрсің, енді Ашық хатқа қол қоймасаң болмайды. Кезінде қазақ тілін қолдау хатқа қарсы болып, қол қоймап едің, енді айыбыңды жуып, Қазақ тілін жүз мыңнан аса қолдап жатқан азаматтарға қосылсайшы”-деп, қайта-қайта айтып, құлағына құйып, қуалап жүріп, келісімін алып, оның аты-жөнін зорлағандай етіп, өзі жазыпты…

Сөйтіп, Қазақ тілін қолдау хатқа қарсы болған, төрт жылдан соң ғана төбелеп жүргесін қолын “қойған” Ауытбай енді “Қазақ тілінің қамқоршысы” бола қапты. Кезінде тілді сатқан Ауыт енді тілге жанашыр бола ала ма? Жоқ, жеке мақсаты, жымысқы есебі бойынша тілді пайдаланып отыр.

Сол кезінде Қазақ тілін қолдауға қарсы болған Ауыт сол сатқындық теріс пиғылымен Қазақ тілін қолдап Парламентте Үкіметке қарсы шыққан жалғыз депутат, “Ақ жол” фракциясының мүшесі, қайсар ақын Қазыбек Исаны “парламенттен кетсін” деп отырғаны. Бәлкім, қаншама жала жауып, арандату жасап жүргеннен түк шықпағасын, қайта жала жабылып, қастандық жасалған сайын Қазыбек Исаны халықтың қолдауы қатты күшейіп кеткесін, осындай “Ауыттық маймыл әдіспен” “өзі кетуі керек” деген үгіт таратып жатқаны…

Ауыттың бұл күлкілі тірлігі де 2011 жылы Мұқтар Шаханов бастаған Мемлекеттік тілді талап еткен әйгілі 138-дің ашық хатына қарсы болып, орыс тілін қолдап телеарнаға сұқбат берген Жанболат Мамайдың енді 10 жылдан кейін билікпен келісіп алатын митингісіне оншақты адамнан артық ешкім келмегесін “Қазақ тілін қолдағыш” болып, митингі өткізуі секілді ғой. Бірақ бәрібір сол оншақты адамнан аспапты келушілер. Мамайдың тілді сатқан сатқындығын кешірсін бе, белгілі тіл жанашырларынан бір адам да бармапты митингіге. Сол секілді Ауыт Мұқибек те тілді сатқан сатқындығынан төрт жыл өткесін тілге “жанашыр” боламын деп, аймандай болып. әшкереленіп отыр. Мұндай “Аңқау елге Арамза молдалар” осындай арзан “трюктарын” ел білмейді деп ойласа керек.

Ешнәрсе де, ешкім де ұмытылмайды!

Азамат Тасқараұлы,

Қазақ үні

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз