КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ БАСЫН ҚАЙТАРУ – ЕЛДІГІМІЗГЕ СЫН!

7
94

Депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

С.Н.Ахметовке

Құрметті Серік Нығметұлы!

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қа­лып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деп атап көрсетті. Содан бері елімізде ұлт рухын көтеретін іс-шаралар жасалып, нақты нәтижеге қол жете бастады.

Соның басты дәлелі – 6 маусым күні Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Еуразия ұлттық университетіндегі Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында шетел қоймаларынан қазақ тарихындағы мұраларды қайтаруға шақыруы болды. Мұның қазақтың соңғы ханы – Кенесары тағдырына тікелей қатысы бар.

1836 жылы қазақ даласы екі генерал-губернаторлыққа бөлінді. Көшпелі қазақтардың өз атамекенінде «арақашықтық» сақтап, «жағалаулық сызықтан» 15 шақырым аулақ жүріп, өзендерге жақындауға құқы болмады. Орыс қорғаныстары әскери гарнизондарымен қазақ даласына арқандай керіліп жататын. Қазақ даласының қақ жүрегінде Ақмола бекінісі тұрды. Өз атамекенінде еркін жүріп үйреген қазақтар осы бөлінуге қарсы шықты. Ресей бодандығына қарсы Кенесары бастаған қазақтардың көтерілісі ондаған жылға ұласты.

Төре тұқымынан шыққан, 500 адал төлеңгіті жанында, патшадан полковник шенін алған Абылайханның немересі, Қасым сұлтанның ұлын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған туған халқының тағдыры емес пе еді?!

Кенесары ханның тарихтағы орны қазақ даласының нағыз патриот-батырларын – үш жүздің өкілдерін Қазақ мемлекетіне тәуелсіздік алып беру үшін маңайына топтастыра білгендігі. Ол Азаттықтың ақ жолына өзінің екі ағасы – Саржан мен Есенгелдіні, әкесі –Қасым сұлтанды, інісі – Наурызбай батырды, ағайындарымен қоса өзінің басын да тікті.

Сол заманда әлемді тітіреткен ұлы Наполеонды жеңген Ресей империясына қарсы көтеріліс ұйымдастырған Кенесары жайында орыс тарихшысы Николай Середаның өзі «Кенесарының қолбасшылық дарынына кез-келген еуропалық қолбасшы қызығатындай еді!» деп жазып қалдырған. Ресей мен Қоқан хандығына бір кезеңде қарсы шапқан Хан Кенекем бүгінгі Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шымкент облыстарына қарасты жерлердегі қазақтарды Қоқан қорлығынан құтқармақ болған.

Ұлы Даланың арда ұлы – Кенесары ханды өлтіріп, басын Батыс-Сібір генерал-губернаторы, граф Горчаковқа алып барған. Олар басты Бірінші Николай патшаға «дала бүлікшісі Кенесарының басы» деп жеткізген.

Содан бері біздің ұлы бабамыздың басы Петербор қаласындағы көрмеге әскери құндылық ретінде қойылғанына бір ғасырдан асты. Қазақстан азаматтары, еліміздің мемлекеттік емес ұйымдарының өкілдері Ресей басшыларына «басты» қайтару жөнінде талай рет ұсыныспен шықты. Қанша хат жазылып, сұрау салынды. «Ресейде Кенесарының басы жоқ» дегеннен басқа жауап жоқ. Біз осылай хат жазысып жүргенде тарих дөңгелегі тоқтаусыз айналып жатыр.

Құрметті Серік Нығметұлы!

Бүгінде еліміз Тәуелсіздік алғанда азаттық үшін жан қиған ұлы бабамыздың басын Отанына қайтарып, жер қойнына тапсыра алмай жатқанымыз ұлттық қасірет туғызып отыр. Әлем танып, ер Кенекем атпен жүрген жердің асты мен үсті байлыққа кенелгенде ұрпақтарының осылай қолы байланып, намысы қайралып отыра бере ме?! Кезінде ұлы ақын бабамыз – Махамбет Өтемісұлының басын оның туыстары, ұлтжанды азаматтар Ресейден әкеліп, туған жердің топырағына тапсыра алды емес пе?!

Бабамыздың басын қайтаруға байланысты біздің ұсынысымыз бар: Үкімет қаражатын қарастырып тарихшы-жазушылардан жұмыс тобы құрылса. Топқа Кенесары идеясына берілген бір азаматты жетекшілікке бекітіп, Ресей Үкіметімен келіссөз жүргізуге құқық берілсе. Олар бұрынғы жолмен жүріп – қағазбасты болмай, істі бірден бастап, Кенесары ханның басын алып оралса.

Ең соңғы ханымыз Тәуелсіздік жолында жан қиған Кенесары ханның басын қайтара алмасақ елдігімізге сын! Сондықтан ойланайық, ағайын!

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары

19.06.2013ж.жарияланған

www.qazaquni.kz

7 ПІКІРЛЕР

  1. Осы коғамда крышасының бұйрығымен жұмыс жасайтын сияқты. Біз кеше ғана Өзібектен тапқан 20-шы ғасырда дүниеге келген қазақтың тұңғыш генерал майорының іздеушісі бар крышасы жоқ, соны зертей алмай отырып айға шабатынына қайран қалам бұл пенделердің.

  2. Елбасы деймізғой , бұл соның міндеті, парызы. Путинмен дос емеспе ақша беріп болсада КЕНЕСАРЫНЫҢ басын алуға болады.Болмаса қор ашу керек.Ветирандар қорынада, нұротанғада беріп жатырмызғой. ҚАЗАҚТЫң зиалы қауымы, депудаттар ештеңе бітіріп жатқан жоқ, айлықты алады-неге олар бермеске..

  3. Оу! ағайын ! Кенесары кім? Осыған жауап іздеп көрдіңдер ме? Ол ешқашанда Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескен жоқ. Сәбит Мұқанов оның орыстар қолынан қаза болмай тыныш жатқан қырғыздар қолынан басы абылып өлгенін жазады. Ол сонда тәуелсізді үшін қырғызбен соғысып қан төкті ме? Ойлансаңдаршы. Бүкіл қазақ оны хан сайлаған жоқ қой. Неге тарихты бұрмалап жастардың басын уландырасыңдар? Ол кәдімгі конакрад- бүгінгі күнше айтқанда айтқанда ОПГ емес пе? Ол қазақтардың әйелдерінің ішін жарып найза басына көтерген ақылсыз тентек, әумесер емес пе?

  4. «Кенесары ер болды,
    Ел ішінде бір болды.
    Қашқан, босқан жиылып
    Өз алдына қол болды…
    Ақылменен іс қылмай
    Ақырында қор болды.
    Қырғызға барып қырылып
    Ит пен құсқа жем болды»-Нысанбай жырау

  5. Л.Майер дұрыс аңғарған: «Егер Кенесарының өзі жеңілтек және дөрекі болмағанда,өз қазақтарын өзі тонауға құнықпағанда, ол барлық үш орданы да өзінің төңірегіне топтастыратын еді,, сөйтіп қырдың каһарлы ханына айналып,Орта Азияның ол кездегі мемлекеттері Қоқан,Бұқара Хиуа үшін қауіпті болар еді».
    Бұл тек жеңіл бағалағандағы көрініс. Шындығында ол нағыз қазақтың жауы.
    Кенесары туралы осындай әңгіме Үш жүздің арасына сына қағады. Сондықтан Кенесары төңірегіндегі әңгімеге нүкте қою керек.

  6. Ақ жол фракциясының беті ашылды! Ақжо қашанда іріткі салумен айналыстан адамдардан топтастырылғын партия. Сондықтан, Халқым! Осылардан абай болйық! Зейнетақы реформасына да осылар кінәлі.

  7. Елдігіңе кенесарының басы сын емес. Өсіп келе жатқан ұрпағымызды дұрыс тәрбиелеуіміз керек, білімді ұрпақ дайындау керек. Міне осы жағы жетпесе қазаққа сын болмақ. Қалғаны хуйня.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз