Атаманның ақыры
Мансап пен байлықтың адамды бұзатындығы талассыз шындық. Әйтпесе, осы Ерлан АРЫН осыдан оншақты-ақ жыл бұрын ешкім танымайтын, таныса да – бұрылып сәлем бермейтін көп ғалымның бірі еді. Тіпті, оның ғалымдығын шын мойындап, шынайы сөз қылғандар да саусақпен санарлық-тын.
Бұл жігіттің тасы сонау 90 жылдардың орта шенінде өрге өрмеледі. Сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ пен Алматы қаласындағы Калинин ауданының (қазіргі Бостандық ауданы) әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВтың қызу қолдауымен Қазақстанның Даму ғылыми-зерттеу институты құрылды. Институт басшылығына атыраулық Тасмағамбетов пен қызылордалық Көшербаевтың ойларынан шығып, көңілдерін тапқан керекулік Ерлан АРЫН тағайындалды.
Имекең Қазақстанның Даму ғылыми-зерттеу институтына кеңқолтық ғимарат, жақсы құрал-жабдықтар бөлгізді. Басында бұл құрылым – кеңестің көкезу саясатынан арылуы неғайбыл Ғылым Академиясына балама болады, деген үмітпен дүниеге келген-ді. Жас ғалымдар мен белсенді оқымыстылардың жолын ашып, бақытын баянды етуге бағытталған институт, әрине, Қырымбек Көшербаев пен Ерлан Арынды “ғылым докторлары” етті. Сосын, тағы біраз шенеунік ғылыми атақтарға ие болып, “ғалым” болып шыға келді…
Қазір бұл құрылым біреу білсе, біреу білмейтін бюджеті болымсыз, қызметі солғын қатардағы институттардың бірі ғана… (Бәлкім, жабылып қалды ма екен?!:)
Оның есесіне, Ерлан Арынның бағы жарқырап жанып кетті. Ол Білім мен Ғылымның вице-министрі лаузымына және университет ректоры тағына дейін самғады.
“Бақсақ – бақа екен” демекші, сөйтсек, бұл – Ерекеңнің “ерлігінің” жарым-жартысы ғана екен. Күндердің-күнінде өмір бойы 12 шаршы кабинеттен ұзап көрмеген (яғни, одан арманғы дүниені ой-түйсігімен де болжай алмайтын) Ерлан Арын табан астында, ойламаған жерден білдей бір Павлодар облысының әкімі болып шыға келді. Мұндай шытырман оқиғалы “Мың бір түнның” қияли сандырағы Қазақ Елі секілді “ертегі” елінде ғана мүмкін болатын шығар?!.
Ол-ол ма, сауатсыз ғалым, санасыз әкімнің “ғажайыптары” мұнымен де бітпепті. Күні кеше Саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алып, Құран бағыштаған 31 мамыр күні Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын Қазақстандағы казактардың заңсыз ұйымының шешімімен Қазақстандағы №2 “нән” атаман атанды. Жалпы, саяси мемлекеттік лауазымды адамның мұндай ұйымға мүше болуға конституциялық құқы бар ма?…
Сөйтіп, қазақ ұлтының намысы мен өзінің азаматтық арын қайдағы бір қызылжолақ папахаға айырбастаған Ерлан Арын “казак” атанып, қалың қазақтың наразылығын туғызып, қаһарына қалды.
Бір қызығы, ғұмырбойы кітапқа шұқшиған ғалымсымақ Арын жер бетінде “казак” дейтін ұлттың болмағанын және ешқашан болмайтынын білмегені ме? Ал, казак дегендеріңіз – әскери тобыр ғана. Қазақстан Конституциясы бойынша, біздің еліміздің аумағында әскери топтар мен тобырлар құруға тыйым салынған.
Кезінде – осыдан 2,5 ғасырдай бұрын – патшалық Ресей қазақтың жерін отарлауда казактар тобырын алға салып, қазақ ауылдарына аяусыз шабуылдап, жүкті әйелдердің қарнын жарып, қазақ сәбилерін мылтықтың ұшына шаншып, жаппай қырып-жойғандығын қазіргі Павлодар облысындағы Ақсу қаласының кеңестің тұсында жауыз казак атаманы Ермактың атымен аталғаны айғақтайды. Есерсоқ Ермактың ескерткішін тәуелсіздік жылдарының өзінде ұлтымыздың намысын жыртып, абыройын қорғаған қайсар да қайратты ұл-қыздары алысып-жұлысып, күресіп-қидаласып жүріп, әзер алдырып тастады…
Осыны Ерлан Арын білмей ме?..
Білмесе, береке қонған Баянның көзі ашық, көкірегі ояу игі-жақсы, зиялылары қайда қарап отыр?..
Елімізге танымал “АБАЙ кз” ұлттық порталы: “…Атаман атану – Арынның таңдауы, еркі. Бұл қадамы арқылы облыс әкімі – казактардың қазақ халқына жасаған адам жаны түршігетін қиянатын, зорлық-зомбылығын дұрыс көретінін, казактарды қолдайтынын танытып отыр. Әкім казактардың қолынан атаман атағын алу арқылы Ата заңға қарсы әрекетке барып, қылмыс жасап отыр” – деп, жазды.
Қазақстанның Ата Заңының белінен бір-ақ басқан Ерлан Арынның бұл қылығы менің есіме “Атаманның ақырын” еріксіз түсірді…
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА