ШӘКӘРІМ ҚАЖЫНЫҢ ҚОЛЖАЗБАСЫ ТАБЫЛДЫ!

1
170

«80 жылдай сақталып келе жатқан бұл тарихи құндылықтың мәнін Иманғалидай ағаларымыз ғана түсінер деп ойлаймын…»

Қазақтың ұлы ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының тарихи қолжазбасы табылғаны туралы кезінде «Жас қазақ үні» газетінің 2008 жылғы № 19, 20, 22, 23-і сандарында жарияланған болатын. Онда Қытайдағы белгілі жазушы Көбен Асқарұлының «Қытай қазақтарына екі алыптың ерекше әсері» атты көлемді мақаласында бұл туралы егжей-тегжейлі баяндалады. Енді бүгінде тарихымызға басқаша қарап, өткенімізді шынайы бағамдайтын кезең келгені анық. Бұл туралы 5 маусымда мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің өткізген жиыны қоғамымызды бір серпілтіп тастады. Осындай жағдайда кезінде газетімізде көтерілсе де, ел елеңдей қоймаған Шәкәрім қажының 80 жылдай жасырынып келіп, енді табылған қолжазбасы туралы мәселені қайта көтеру сұранып тұрған секілді… Ендеше осы тақырыпты енді Көбен ақсақалдың ұлы Ерлан қозғайды.

-Ерлан, сенің қолыңдағы қолжазбаның Шәкәрім қажының қолжазбасы екеніне сенімдісің бе?

-Сенімдімін. Десе де, ғалымдардың зерттеуінен өткені дұрыс болар еді.

-Бұндай құнды дүние туралы бұрын да біздің газетіміз арқылы «Шәкәрім қолжазбасы елеусіз қала бере ме?» атты сұхбат берген едің. Қолжазбаны сұрап, өзіңді іздеген адам болды ма?

-Жоқ. Ешкім сұрастырмады. Байқасам, сіздердің редакцияға да хабарласып, қолжазба туралы сұрасқан адам шамалы сияқты.

Асқар Татанайұлы мен ұлы Көбен

-Шәкәрім қолжазбасы Қытайға белгілі ақын, қайраткер, анабір жылы 100 жылдығы Қазақстанда да тойланған Асқар Татанайұлы атаңның қолына қалай тигені туралы қайталап, нақты айтып берсең?

-Бұл туралы әкем Көбен Асқарұлының сіздердің «Жас қазақ үні» газеттеріңіздің 2008 жылғы № 19, 20, 22, 23-і сандарында жарияланған «Қытай қазақтарына екі алыптың ерекше әсері» атты көлемді мақаласында толық айтылған. Атам Асқар Татанайұлы 1935 жылы «Шыңжаң Алтай» газетінде жұмыс істеп жүргенде Кеңес одағынан қашып келген Шәкәрімнің ұлы Зиятпен танысады. Газетке Зияттың өлеңдерін жариялайды. Осылайша екі ақын жақын араласып, танысады. 1936 жылы Зият қайын атасы Сейітқазы Нұртаевке еріп, Үрімжіге кетерінде атамның ұстазы, «Алашорда» партиясының мүшесі, Кеңес одағынан қашып келген Кәрім Дүйсебаевке: «Мынау әкемнің қолжазбасы, көзіңіздей көріп сақтаңыз. Мен Үрімжіге кетіп барамын. Мынау заман қай қырына аларын кім білсін. Сіз қазақтардың арасында жүрсіз ғой» деп қалдырып кетіпті. Кейін 1938 жылы Кәрім Дүйсебаев түнделетіп атамды үйіне шақырып алып: «Мынау Шахкәрім қажының қолжазбасы, баласы Зият Үрімжіге кетерінде қалдырып кетіп еді. Енді мені де сол Үрімжіге әкетіп барады. Ол жақта тағдырымның не боларын бір құдай біледі… Бірер іске тап болсам, бұл құнды қолжазбаны кімге қалдырармын? Сен қазақтардың арасында жүрсің ғой. Зият: «Көзіңіздей көріп сақтаңыз» деп еді, енді мен саған қалдырамын. Көзіңдей көріп сақта!»- деп табыстапты. Ал Зият пен Кәрім сол кеткеннен хабарсыз кетіпті. Қолжазба атамыздың қолына осылай келген екен.

-Шәкәрім қажы 1930 жылы атып өлтірілсе, соған дейін ол кісі кенже ұлы Зиятты Қытай асырып жіберген екен… Яғни бұл қолжазба сол кезден бері келе жатқан анық шын Шәкірім қажының қолжазбасы болса, онда құпия жасырылып жатқанына 83 жылдай болған екен ғой…

-Иә. Дұрыс айтасыз. Бірақ, Шәкәрімнің бұл қолжазбасы туралы алғаш сіздердің «Жас қазақ үні» газетінде 2008 жылы жазылғанын жоғарыда айтып өттім. Сонда алғашқы мәлімет 2008 жылы жарық көрді деп есептесек, қолжазбаның бар екені 78 жылдан соң жарияланды деуге болады…

– Белгілі ғалым Мырзагелді Кемелдің 2010 жылы шыққан «Шәкәрімнің ар ілімі» кітабындағы «Шәкәрім өлімінің сыры» атты бөлімінде Зияттың кенже ұлы Мереке Зиятов былай дейді: «…Шәкәрім атамыздың ең кенже ұлы Зиятты Қарасартов қайта-қайта аузына алып отырады. Өкінішпен, Қытайға жіберіп алғанына қандай да бір қапамен әңгіме етеді. Зияттан екеу едік. Ағам жастай шетінепті. Мен 1937 жылы дүниеге келіппін. Ал әкем сол 1937 жылы Қытайдан жиырма шақты қайраткерлермен бірге алдырылып, атып өлтірілген. Атамыздың Зият әкеткен қолжазбалары осы күнге дейін Қытайда басылым көріп жатыр деп естимін… Шәкәрім Зиятты Қытай асырып жіберуге мойын ұсынған. Қытай елінде Зият қайраткерлігімен, айтулы ақындығымен көзге түскен. Қазақ тілінде алғаш газет шығарушылардың бірі болған. Таңжарық ақынмен бірге түрмеде де жатқан. Осындай енді бой көтеріп келе жатқан ірі тұлғаны Қарасартовтың жала жазбалары бойынша, кейінде біздің елге алдырып, «халық жауының баласы», «өзі де халық жауы» ретінде өлтірткен.»

Яғни, Зияттың әкесінің қолжазбасын Қытайға алып өткені де, онда қазақ газеттерінде істегені де белгілі жайт…

-Ой, мынау бір жақсы жаңалық екен. Біз де бұл жақта осындай әңгіме бар екенін шет жағалап естіген едік…

-Өзің қолжазбаны алып, тиісті орындарға кірмедің бе?

-Мен қолжазбаны алып, Алматыдағы ғылыми зерттеу орындарына бардым. Бірақ, ол жердегі ғылыммен айналысып отырған ғалымдарымыз: «кітапты сіз біз зерттеп болған соң алып кетесіз де, біздің еңбегіміз еш кетеді» деді. Аттарын атамай-ақ қояйын, бір ғалым ағамыз, кітапты тексеріп көріп: «бұл кітаптағы жазу сол кезде жазылғаны анық, бірақ, Шәкәрім қажыныкі деп дәл басып айта алмаймын. Себебі, ол үшін бұнымен салыстырып дәлелдейтіндей қажының қолжазбасы болу керек» деді. Тағы бір ағамыз: «бұл кітаптың ішінде «Үш анық» бар ма?» деп сұрады. Мен ол кісінің өзіне сұрақ беріп: «Шахкәрім қажының қолжазбаларын ұлы Зияттың өзімен бірге Қытайға алып өткені рас па?» деп сұрадым. Ол кісі «ол рас, Зият өзімен алып кеткен» деп жауап берді.

-Өзің Шәкәрім қажы қолжазбасын сексен жылдай сақтап келе жатқан шаңырақ өкілі ретінде данышпан абызымыздың шығармаларымен жақсы таныс шығарсың?

-Мен көз–құлақты оқырман ретінде Шахкәрім ақынның ұлтымыздың тарихы туралы сіңірген еңбегі бір төбе, әдеби шығармалары бір төбе деп ойлаймын. Ерекше атап өтуге тисті тағы бір артықшылығы, абыз ақынымыз Еуропа философиясында осы күнге дейін шешімін таппай келе жатқан, философтардың үлкен таласына айналған дүниенің пайда болуы, болмыс туралы да қалам тербеген қазақ зиялыларының ішінде өз дәуіріндегі жалғыз адам дер едім. Өз басым Шахкәрім қажыны философ деп танимын. Қажының философиялық шығармашылығында ақылгөйсу жоқ, таза болмыс пен құбылысты түсіндіру мақсатында тереңге ой жіберіледі. Оған дәлел қажының жазушы Сәбит Мұқановқа жазған бір беттік хатының өзінде қаншама ой жатыр.

-Қолжазба қазір өзіңнің қолыңда ма?

-Я, өзімнің қолымда. Ғалым ағаларымызға көрсетеміз деп жүргенде, бір парағын жыртып та алдық. Мен негізі, әкемнің үлкен ұлымын. Інім Қуандық Көбенұлы Үрімжіде Шыңжан телеарнасының қазақ редакциясында редактор болып істейді. Мен үйдің үлкені болғандықтан, қазақы дәстүрге сай атам Асқар Татанайүлының
қолында өстім. Сондықтан, атамнан қалған құнды мұраны атам: «Атамекенге барып, Тәуелсіз елімізде оқып, қызмет етіп жатырсың. Бұл қолжазбаның ендігі болашағы сенің қолыңда, иесі енді сенсің!»- деп маған табыстады.

-Енді не істемек ойың бар? Руханиятқа қамқор, тарихи мұралардың құнын білетін қайраткер ағаларыңа хабарластың ба?

-Иә, осындай оймен сіздерге тағы бір хабарласып, өзіңізге сұхбат беріп отырмын. Алматыда да, өзге өңірлерде де мен жолыққан зиялы қауым «бұның қадірін бір білсе, көрнекті мемлекет қайраткері, әдеби-мәдени дүниелердің жанашыры, қөлөнер бұйымдарын зерттеуші Иманғали Тасмағамбетов біледі» деп жатыр. Сол кісі қамқор бола алады дейді. Үнемі мәдениетке қолдау көрсетіп жүретін қайраткер ағамыз Ислам Әбішевтің де атын айтушылар көп. Сол кісілерге жолықсам ба деп, ешбір ретін келтіре алмай қойған соң, қалың қазақтың сөзін сөйлеп келе жатқан «Қазақ үні» газеті арқылы қайраткер азаматтарға үн қатуға тура келді… 80 жылдай сақталып келе жатқан бұл тарихи құндылықтың мәнін Иманғалидай ағаларымыз ғана түсінер деп ойлаймын…

Қазыбек ИСА,

www.qazaquni.kz

Редакциядан: Рухани дамыған шет елдерде, мәдениетін мәйек еткен мемлекеттерде белгілі тұлғалардың қай жерде болып кетсе де, қалдырған бір жапырақ жазбасы табыла қалса, оның өзін көздерінің қарашығындай қастерлеп, жоғары бағалап жатады. Ал әлемдік әдеби әлемде де ешкімнен кемдігі жоқ, қазақтың ұлы ақыны һәм ойшылы Шәкәрім Құдайбердіүлының бір парақ емес, бір бума тұтас қолжазбасы табылып жатса, ол тарихи оқиға болуы тиіс! Жалпы, есін жиып, етегін жауып, қарыштап келе жатқан егемен елміз ғой, асылдың бағасын айыра алар асқаралы азаматтарымыз бар, тарихи құнды қолжазба өз бағасын алып, құтты орнын табатынына сеніміміз мол.

1 Пікір

  1. Бұл не масқара, сенбегені қалай, қызғаныш па? Сіздерге Шәкәрім қажыныкі деп Шыңжаннан әкеліп тұрғанда, бұл деген нағыз барып тұрған топас адамдардың құлқы ғой. Сідерге менікі деп әкелсе ғой әлде екеуміздікі деп баспаға басып шығарайық десе ғой жалпаңдап кетесіздер. Әкеліңдер маған өзім басып шығарам Шәкәрім қажының еңбегін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз