ОФШОРҒА ТЫҒЫЛҒАН ҚАППАРОВ ОТСТАВКАҒА КЕТУ КЕРЕК! АШЫҚ ХАТ

2
56

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына

Ашық хат

ОФШОРҒА ТЫҒЫЛҒАН ҚАППАРОВ ОТСТАВКАҒА КЕТУ КЕРЕК!

ХАЛЫҚ пен САЛЫҚТАН ҚАШҚАН министр үкіметте қалайша отырады?!.

Біз төменде қол қоюшылар, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың орнынан кетуін сұраймыз. Өйткені оған бүгінде қоғамда қатты айыптауларға ұшырап отырған төмендегі жағдайлар себеп болып отыр.

Таяуда «Президент және халық», «Қазақ үні» газеттерінде және Abai.kz порталы бастаған бірнеше сайттарда жазылғандай, Халықаралық Зерттеуші журналистер Консорциумы (ICIJ) интернет порталы әлемге әйгілі болған офшор иелері тізімін жариялады («Салықтан қашып, офшорға тығылғандар тізімі. Министр Қаппаров отставкаға кете ме?» www.qazaquni.kz). Олардың ішінде 64-і қазақстандық бай-бағландар. Ішінде министр де, миллиардерлер де, сенатор да, банкирлер де, кәсіпкерлер де, бәрі бар.

International Consortium of Investigative Journalists (Халықаралық Зерттеуші журналистер Консорциумы) сайтындағы жарияланған тізім тек әшкере болған 2,5 миллион құжаттың нәтижесінде ғана жария болғандар. Бұл құжаттармен қазір 58 елдің 112 журналисі зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Яғни, бұл тізім тек айсбергтің беті ғана…

ICIJ арқылы жаһанға жария болған қүпия офшорлар тізімі көптеген елдерде лауазымды тұлғалардың отставкілеріне себеп болды… Атап айтқанда, Австрияда отставкілер орын алып, Израилдағы тергеу амалдары жүруде. Енді Үлкен сегіздік елдері салықтан қашқандармен күресті күшейтуге кірісті…

Ал біздің Тәуелсіз Қазақстанымыз заңнан да, ардан да, салықтан да тәуелсіз, бәрінен тәуелсіз олигархтарын не істейді енді? Ойбау-ау, олардың ішінде Еуразиялық топтың қазақ қазынасын сатып, миллиардерлер атанған әйгілі үш ноянының екеуі –Машкевич, Патох Шадиевтерді былай қойғанда, мемлекеттік лауазым иеленіп отырған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров та бар ғой!..

Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров бұрын да жоғары лауазымдарда, мұнайдың құлағының басында болды…

Алғаш Қытайдан арақ тасымалымен тасы өрге домалаған «Акцепт» жекеменшік компаниясын басқарғанда да Нұрлан Қаппаровтың шуы аз болмап еді… Reitingmedia.kz сайты мен бірнеше БАҚ-тың жазуынша, ақырында «Акцепт» әлсіреп, Қаппаров бірқатар спирт зауыттарынан айырылады. Кеден бизнесіне араласқан «Акцепт-Терминал» компаниясына да бүкіл кеден саласын арнайы ақпараттық бағдарламамен жабдықтауға мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған теңге бөлінген болатын… Алайда, тендердің жеңімпазы «Акцепт-Терминал» жұмысын аяқтаған соң жүргізілген тексеру анықтағандай, мақтаулы бағдарлама түкке де жарамсыз болып шықты. Мемлекеттің миллиардтаған қаржысын желге ұшырған Нұрлан Қаппаров заң алдында қатаң жауапкершілікке тартылу керек болғанымен, құтылып кетті..

Жалпы Нұрлан Қаппаровтың мансабының өсуі досы Мұхтар Әблязовтың бизнестен үкіметке келуімен тікелей байланысты болатын. Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі кезінде де атышулы істерде аты шығып қалды… Вице-министр Нұрлан Қаппаровтың өзінің «Ерсай» компаниясының мүддесі үшін, яғни жеке мүддесі үшін «Аджип» компаниясының операторларына лоббистік қызмет көрсеткені де әшкере болып қалған еді… Сондықтан орнынан түсіп, шетелге кетіп қалып, шулы әңгіме зорға тыншыған еді…

Сол кездің өзінде 2007 жылы Италиядағы дүниежүзіне әйгілі Комо көлінің жағасында «Джузеппина» атты элиталық вилланы қазақстандық миллионер Нұрлан Қаппаровтың 8 миллион евроға сатып алғанын итальяндық басылымдар жарыса жазып жатты… Талай жемқорлар мен парақорларды анықтап, небір қаржылық құйтырқы операциялардың құпиясын ашқан атышулы «Викиликс» сайтында да Қазақстанға қатысты біраз құпия құжаттардың жарық көргені белгілі. Сол құжаттарда Қаппаровтың да аты аталыпты. АҚШ-тың Қазақстандағы экс-елшісі Ричард Хоугланд өзінің Вашингтондағы Ақ үйге жазған депешасында Қаппаровтың Алматыдағы пәтерін: «Негізі, бұл баспананы пәтер деп атауға келмейді. Дұрысы, бұл жалпы көлемі 650 шаршы метрді құрайтын дуплекс»-деп сипаттайды… (Reitingmedia.kz)

Нұрлан Қаппаров иелік ететін Lancaster Group Kazakhstan компаниясы 2004 жылғы 19 желтоқсанда дарынды қаржыгер Ержан Тәтішевтің қайғылы жұмбақ қазасынан кейін, Қаппаровтың мектепте бірге оқыған досы Мұхтар Әбіләзовтің меншігіне өткен БТА банктен 2007 жылы 40 миллион доллар несие алып, оны Сейшель аралында қонақүй кешенін салу үшін… офшорлық компанияға… (?) аударады. Central Asia Monitor газетінің жазуынша, миллиондаған несие Алматыдағы «Қашаған» бизнес орталығы ғимаратын кепілдікке қою арқылы және атын жариялауға болмайтын белгісіз бір тұлғаның жеке кепіл болуымен алынады. Ал орасан ақша әлі қайтқан жоқ, салынған қонақүй де жоқ… Сондықтан Lancaster Group Kazakhstan компаниясының 2007 жылы алған 40 миллион доллар қарызы банкінің проблемалы несиелер категориясына жатқызылды. Оның қашан қайтарылатынын бір құдай біледі…

Сөйтіп, барған жерін шулатып жүрген Нұрлан Қаппаров оншақты жылдан соң, аяқ астынан тағы да министр болып шыға келгенде, «бұл қалайды» біраз БАҚ жазып еді… Енді, міне, аяғы мынадай болуда…

«Қазақ үні» газеті «Министрлер Қаппаров пен Досаев мүгедектер мен әйелдердің нанына ауыз салуда!…» атты мақалада (№25-26 02.07.2013.) былай деп жазады: «2013 жылдың 25 маусымында Алматы қаласындағы аты белгісіз бір баспасөз клубында аздап болса да нәпақаларын айырып жүрген әйелдер, бала-шағалар, Ауған соғысының мүгедектері журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Ортаға шығып сөйлегендердің барлығы да министрлер: Нұрлан Қаппаров пен Ерболат Досаев дегендердің Алматы қаласындағы 1500-ден астам аялдамаларды тартып алып жатқандарын ашына айтты. Ең алдымен қаламыздағы аялдамалардың барлығы дерлік, қарапайым халықтың бір тобының жұмыс орны екен. Олар онда дәмханалар, дүкендер, басқа да халыққа қызмет көрсету түрлерін ашып, өз күндерін өздері әупіріммен көріп жүрген. Енді келіп, онсыз да шылқыған бай, бай ғана емес шеттерінен миллиардерлер – Қаппаров пен Досаев дегендер солардың бір жапырақ нандарына ауыз салыпты. Бұл байшікештерде ұят пен нысап дегендер бар ма екен? Баспасөз мәслихатында шығып сөйлеген әлгі бір қарапайым халықтың мұң-зарын тыңдап отырып, төбе шашыңыз тік тұрады. Бұл туралы алғаш “Қазақ үні” газеті 2013 жылдың 21 мамырындағы № 18-19 санында “Рейдерство по алматински… Беззаконье дошло до остановок” деген мақалада мәселе көтерген де еді…»

Шамасы, халықтан, салықтан қашып, офшорды паналағанмен Нұрлан Қаппаров сол халықтың салығы арқылы ұсталатын Үкіметке мүше болып, министрдің майлы орнына жайғасудан тартынбаған секілді… Бұл масқара парадокс емес пе? Мемлекетке салық төлеуден қашу үшін өзін офшормен қоршап-қорғауды жақсы білетін Қаппаров Қоршаған ортаны қорғауды қалай дамытады десеңізші?!. Өзін “эколог емеспін» деп мәлімдеген Нұрлан Қаппаров экологиялық ведомоство басшылығына қайдан сап ете қалды?

Айтпақшы, Парламенттегі үкімет сағатында «Жасыл экономика» бағдарламасындағы кейбір мәліметтердің күмәнділігіне байланысты Мәжіліс депутаты Ерген Дошаевтың «елiмiздегi қалдықтардың көлемi қанша?» деген сұрағына осы салаға жауапты министр Нұрлан Қаппаров дым жауап бере алмады… Сондықтан да депутат Ерген Дошаев сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовке экология мәселесімен депутаттық сауал жолдауға мәжбүр болды. Сол кезде де «2015 жылы жауап беремін» деп масқара болған ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрлан Қаппаровты талай БАҚ сойып салды. «Өйткенi Мәжiлiстегi Үкiмет сағатына келген министрдiң мiңгiрi – атағынан ат үркетiн қызметiне жараспады. Жараспағаны былай тұрсын, тiптi тегiс жерден сүрiнiп, журналистерге күлкi болды. Ал дана халқымыз “Күле бiлу – өмiр, күлдiре бiлу – өнер, күлкi болу – өлiм” дейдi,»-деп жазды «Жас Алаш» газеті.

Биылғы 30 мамыр күні Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Ал Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Қаппаровтың шетелден арнайы мамандар алдырып, қыруар миллиондарды шашып жазғызған Жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасы жоғарыда Мәжілісте депутаттардың күдігін тудырған ауадан алынған цифрлар мен мәліметтер секілді бүгінгі нақты деректермен сәйкесе бермейтінін ойласақ, Елбасымыз ерекше мән беріп отырған жасыл экономикамыз «сенген қойымыздың» арқасында масыл экономикаға айналып кетпей ме деген қауіп те жоқ емес… Егер олай болып жатса, бұл мемлекет басшысын кезекті ұятқа қалдыру болып табылатыны анық…

Ал Байқоңырға Ресейдің зымыраны құлап, ел шулап жатқанда, Үкіметте апатқа байланысты құрылған арнайы комиссия төрағасы, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров апат аймағына әлі бармапты…

Бұл туралы өткен сейсенбіде, 23 шілде күні Премьер-министр Серік Ахметовке Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев “Протон” зымыран тасығышы құлаған аймаққа құзырлы орган басшылары әлі күнге аяқ баспағанын хабарлаған еді. Сол күні Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко ғарыш айлағына Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Қаппаров бастаған топ баратындығын хабарлаған.
Алайда, Қоршаған ортаны қорғау министрінің сапары өткен аптаға жоспарланғанмен, апат орнына Қаппаровтың тағы да келмегені хабарланды.
Бұндай жауапсыздық туралы «Жас Алаш» газеті бастап, бірқатар БАҚ пен интернет сайттары да мәселе көтергені белгілі. Бар мәселеге асқан сабырлылықпен қарап, селт ете қоймайтын бас газетіміз «Егемен Қазақстанның» өзі: «Қызылордаңызда «Протон» құлады. Гептил төгілді. Ел де, жерде уланды. Бірақ «бұ қалай?» деген біреу болды ма? Жан-жақтан жамырап айтқандай болып ек. Сөзіңді құлағына қыстырған адам бар ма? Әрі-беріден соң Астанадан осы салаға жауапты бір адам келді ме? Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров зымыран құлаған бетте неге келмейді Қызылорданың жеріне?..»-деп жазды 27 шілде күнгі санындағы «Қайсысы қымбат: адам ба, айлақ па?» атты мақалада.

Сонда, осы уақытқа дейін үкімет құрған апатқа байланысты арнайы комиссия төрағасы, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров Байқоңырдағы ел жағдайын білуді керек деп таппаса, осыған тікелей жауапты министрдің орында неге отыр? Шетелге, табиғаты таңғажайып жерлерге демалып қайтуға бола зу етіп, ұшып барып келе беретін миллионер министрді тұзы мен гептилі бұрқырап жатқан, өкпек желді Қызылорда өңірі қызықтырмай ма, жоқ, жол алыстық қылып жатыр ма? Әлде, апатқа ұшыраған аймақтағы халықтан қашқан министр, салықтан қашып, офшорға тыққан қаржылары әшкере болып қалғасын, әуресінен қолы босамай жүр ме?.. Сонда гептилге уланып жатқан миллиондардың жанынан гөрі ұрланып жатқан миллиондардың қамы артық болғаны ғой Қаппаров мырзаға !?.

600 тоннаға жуық жанармайы бар зымыран жарылып, қоршаған ортаға аса зиянды алапат улы гептил төгіліп жатқанда Қоршаған ортаны қорғау министрі: «Жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша ауа мен топырақ құрамында гептил анықталған жоқ. Басқа да заттар қажетті көрсеткіштен аспайды. Бүгінде ол аймақты кезеңмен зерттеу жалғасуда» дейді ол жаққа аяқ баспай-ақ, бас ауыртпай-ақ…
Ал ҚР Ұлттық Ғарыш агенттігі төрағасы орынбасары Еркін Шаймағанбетов: «Ресей тарапы келтірген мәліметтер бойынша бір келі топырақта 123 млг. улы зат бар. Бұл шекті көрсеткіштен 1230 есе көп. Қазақстандық мамандар мәліметі бойынша да ракета құлаған ойықта гептилдің топырақты ластауы расталып отыр» дейді. Біздің Қаппаров бастаған комиссиямыз әлі бір қорытынды шығара алмай жүргенде апатқа кінәлі болып отырған Ресейдің өзі бәрін кесіп-пішіп, есептеп, гептилдің зияндылығын да анықтап беріп отыр… Сонда ел сенген министріміз қай елге жарамсақтанып, кімнің сойылын соғып отыр?..

Яғни, министр Қаппаров депутаттар алдында тиісті мәліметтерден мақұрым болып қана қоймай, қоршаған ортаға қауіп төніп, төтенше жағдай орнағанда да қолынан ешнәрсе келмейтінін көрсетті…

Өткенде ғана “Ақ жол” партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Парламентте шетелдік офшорлық аймақтардағы Қазақстан ақшасын елге қайтару туралы мәселе көтергенде Ұлттық банк төрағасы Г.Марченко: “Офшорлық аймақтарда Қазақстан азаматтары жоқ” -деп соғып жіберген болатын… Енді, міне, масқара болғанда Қазақстаннан бір емес, екі емес… бақандай 64 азаматтың аты жарқ ете қалды…

Иә, біз «елдің миллиардтарын үптеп кеткен Мұқтар Әблязовтың шетел офшорлық аймағында 31 компаниясы бар екен» деп, құйрығына қоңырау байлап, айқайлап жүрсек, Әблязовпен бір мектепте – Алматыдағы физика-математика мектебінде оқыған есебі күшті достарының бірі Нұрлан Қаппаровыңыздың офшорлық математикасы да одан кем көрінбейді… Өйткені,тізімде 47-і болып тұрған Алимбек Сейдуллаевтың Lancaster компаниясы басқарма төрағасы екенін ескерсек, ол компанияның да тізгіні Нұрлан Қаппаровта болғаны елге белгілі. Сол секілді Lancaster компаниясы мен Н.Қаппаровтың қатысы бар өзге де компаниялар – Казинвестбанк және Ersai Caspian Contractor, “Сырымбет” кен орны басшылықтарында жүрген 43-ші Юрий Пак, 52-ші Берик Каниев (Lancaster Group компаниясы директорлар кеңесі төрағасы) мырзалар да офшор ордасынан табылуда… Бұл мәліметтер біраз ойларға жетелейтіні анық…

Өзге, біз ұмтылып жүрген дамыған елдерде мұндай әшкереден соң министрлер өздері-ақ отставкіге кетуде… Тамшыдай да ұят пен ар-намыс қалса, Қаппаровтың өзі-ақ арызын жазып, орнын босатуы керек емес пе?!.

Ал біздің Қазақстанда бәрі керісінше бола бере ме?.. Осы бізде осындай шулы істері бар шенеуніктердің біраз жыл уақытша көзден таса болып, бір күні аяқ астынан билік биігіне қона қалатыны үрдіске айналып бара жатқаны да қоғамды қатты ойландыра бастауда… Қашанғы біздің шенеуніктер қайнаған қоғамдық пікірге шекесінен қарап, тайраңдай береді?

Иә, әдеттегідей, бәріне міндетті түрде Президент араласып, қоғамды шулатып жатқан келеңсіз іске нүкте қойылуы тиіс деп ойлаймыз!

Халықтан қашып, салықтан қашып, офшорға тығылған министр халықтың салығына ұсталатын Үкіметте орнын босатпай қалайша отыра береді ?!.

Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,

Төлен Әбдіков, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,

Дулат Исабеков, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,

Өмірзақ Айтбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Ұлттық ғылым академиясының академигі,

Сәбит Досанов, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халықаралық Шолохов сыйлығының лауреаты, академик

Темірхан Медетбек, ақын,ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,

Рысбек Сәрсенбай, «Жас Алаш» газеті Бас редакторы, қоғам қайраткері,

Сайлау Батыршаұлы, ҚР Дипломатиялық қызметінің қайраткері, Еуразия университетінің профессоры,

Қоғабай Сәрсекеев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ» газеті бас редакторы,

Софы Сматай, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Мереке Құлкен, жазушы, «Өлке» баспасының директоры,

Марат Тоқашбай, жазушы-журналист, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Исраил Сапарбай, ақын, Тәуелсіз Тарлан-Платина сыйлығының лауреаты,

Рафаэль Ниязбек, ақын, Шешенстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері,

Әшірбек Сығай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр сыншысы,

Серік Тұрғынбеков, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Ибрагим Исаев, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Сұлтанәлі Балғабай, жазушы-драматург, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Ханбибі Есенқарақызы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» бірлестігі төрағасы,

Нұриддін Балқияев, қоғам қайраткері

Көпен Әмірбеков, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Президент сыйлығының иегері,

Мырзакелді Кемел, Парламент Мәжілісінің үш рет шақырылымының депутаты, экономика ғылымының докторы, профессор,

Жұмабай Шаштайұлы, жазушы, Президент сыйлығының иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Әмірхан Меңдеке, «Жас Алаш» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, журналист-сыншы,

Құлбек Ергөбек, сыншы, филология ғылымы докторы, профессор, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Шәкизада Әбдікәрімов, ақын, Қоғам-ТВ телеарнасы президенті, Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы.

Мырзан Кенжебай, журналист, «Мәдениет» журналы бас редакторының орынбасары,

Бауыржан Қарабек ,ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Қасымхан Бегманов, ақын, Қазақстан Жастар одағы және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты,

Ермұрат Бәпи, «Дат» жобасы жетекшісі,

Шәмші Пәттев, «Түркістан» газеті бас редакторы,

Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы, «Тарлан-Үміт» тәуелсіз сыйлығының лауреаты,

Серғазы Мұқтарбек, «Қазақстан» газеті бас редакторы,

Қазыбек Иса, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазақ үні» газетінің Бас директоры,

Қойшыбай Есентай, «Ел»-«Республика» газеттері Бас директоры,

Бауыржан Жақып, ақын, «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры, ғылым докторы, профессор,

Қалдыбек Құрманәлі, композитор, Шәмшітанушы,

Дәурен Қуат, жазушы-журналист, «Абай-kz» сайтының бас редакторы,

Жұмаш Кенебай, «Таным» пікірсайыс клубы жетекшісі,

Жұмабек Ашуұлы, Қазақстан саяси-қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы,

Бейсенғазы Сәдуұлы, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық қозғалысы төрағасы

Нұржан Ошанбеков, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы жауапты хатшысы

Бекжан Әшірбаев, «Заң» газетінің бас редакторы , «Дарын» жастар сыйлығының иегері,

Құлтас Достан, журналист, Халықаралық ақпараттандыру академиясы академигі

Әлімғазы Дәулетхан, тарих ғылымдарының кандидаты,

Айгүл Кемелбаева, жазушы, филология ғылымы кандидаты,

Гаухар Балтабаева, филология ғылымдарының докторы,

Еркінбек Серікбайұлы, жазушы, «Жалын» журналы бөлім редакторы,

Райымхан Құсайынов, «Руханият» партиясы ШҚО филиалы төрағасы, ұлт патриоты,

Мыңжан Байжанин, «Қазақ үні» газетінің Бас редакторы,

Өмірзақ Ақжігіт, , «Қазақ үні» газетінің бөлім редакторы

Қажымұқан Ғабдолла, «Қазақ елі» қозғалысы төрағасы,

Дастан Ельдесов, «Қазақ үні» газеті орыс редакциясы редакторы

Төлеуберді Қараменде, қоғам қайраткері,

Болат Бөтеев, «Алаш үні» қоғамдық бірлестігі одағы үйлестірушісі,

Әбдірашит Бәкірұлы, философ, қоғам қайраткері,

Азат Көкен, қоғам қайраткері,

Геройхан Қыстаубаев, тәуелсіз журналист, қоғам қайраткері,

Нұрлан Әбдібек, журналист, сценарист, «Алашфильм» студиясы директоры

Кәдірбек Құныпия, ақын, «Ан-Арыс» баспасы бас редакторы,

Фазылбек Әбсаттар, журналист, ұлт патриоты,

, Жанарбек Әшімжан, ақын, журналист

Тілеуберді Бинашев, мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Мақсат Жақау, саясаттанушы

Әмірхан Балқыбек, ақын, әдебиет сыншысы.

Сәкен Сыбанбай, журналист,

Мақсат Мәлікұлы, жас жазушы, «31 канал» Информбюро редакторы,

Ұларбек Далей, ақын, Ұлттық мұрағат қызметкері,

Қамбар Ахметов, BAQ.kz сайтының бас редакторы,

Заңғар Кәрімжан, «Фолиант» баспасы редакторы,

Ахат Рәсілұлы, ақын, Ұлттық мұрағат қызметкері,

Әлібек Шегебай, ақын, «Серпер» жастар сыйлығының иегері,

Пердехан Мұсылманқұл, журналист

Сәлия Әбдікәрімова, журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Сандуғаш Серікбай, «Жұлдыздар құпиясы» журналы Бас редакторының орынбасары,

Гүлдана Иманбаева, «Жұлдыздар құпиясы» журналы жауапты хатшысы,

Бірлік Тоқай, журналист,

Өмірбай Сабыров, «Ел болашағы» ҚБ жамбыл облыстық филиалы төрағасы

Алма Мұқаманова, Желтоқсанға қатысушы,

Шолпан Антаева, Желтоқсанға қатысушы,

Сағидолла Мергенбаев, ұлт патриоты,

Серік Абай, ұлт патриоты,

Қайырбек Нұрғалиев, ұлт патриоты,

Өрісәлі Дүйсен, ұлт патриоты,

Болат Әбішев, ұлт патриоты,

Ғалия Ирмұханова, ұлт патриоты,

Гауһар Байымбетова, ұлт патриоты,

Жұмабай Исымов, ОҚО, еңбек ардагері,

Құрбанбек Шаметов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Бегайдар Исмаилов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Батырбек Матбек, ОҚО тұрғыны,

және т.б.

Ашық хатқа барлығы 103 адам қол қойған. Қол қою жалғасуда…

2 ПІКІРЛЕР

  1. Өзге, біз ұмтылып жүрген дамыған елдерде мұндай әшкереден соң министрлер өздері-ақ отставкіге кетуде… Тамшыдай да ұят пен ар-намыс қалса, Қаппаровтың өзі-ақ арызын жазып, орнын босатуы керек емес пе?!.

  2. Офшорға тығылып, халықтың жәйін емес, өз қара бастарын ойлағандар міндетті түрде жазалануы керек. Қоршаған орта нағыз қаржының кезі. Қоршаған ортаға залал келтіргені үшін миллиондап, миллиардтап салған қаржыны қалтаға басу деген үят емес пе?! Сондықтан, ондай адамдарды қатаң жазалап, ендігісі оған бермеу қажет.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз