Білім саласында «шәйпұлсыз» тірлік тына ма?

0
71


Біздер бала күнімізде «Оқуға ақшамен түсіпті, сессиясын ақшамен жауыпты» деген сияқты сөздер сыбырлап қана айтылатын. Оның үстіне бұл «шәйпұлмен» тынатын тірлік тек жоғары оқу орындарында ғана орын алатын. Мектепте мұндай жүгенсіздікке жол берілмейтін. Қазір ше? Қазір «бесіктен белі шықпаған» балаларымызды мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ парасыз тірліктің тынбасына көзін жеткізіп өсіреміз. Оған ресми емес дерек көздерінен алған бірнеше дәлелді дәйектерден мысал келтіре кетейік. Себебі білім саласының былық-шылыққа белшеден батқанын бала-шағалы оқырмандардың бәрі де біледі. Мысалы, баланы балабақшаға орналастыру үшін арнайы пара бермесеңіз, тірлігіңіздің тына қоюы екіталай. Ал балаңыз мектепке барған соң да неше түрлі құйтырқы мәселелерді көріп біле бересіз. Айталық, пәндік олимпиадалардан орын алудың өзі сатулы. Яғни олимпиадаға білімді бала емес, ата-анасы қалталы бала барады. Аудан көлеміндегі пәндік олимпиададан орын алу шамамен 5-15 мың теңге аралығында көрінеді (І орын -15, ІІ орын- 10, ІІІ орын -5 мың теңге). Енді мына қызыққа қараңыз, кей аудандарда 100-ге тарта мектеп бар. Ал орын әр пән бойынша небәрі үшеу ғана. Егер оқушысы пән олимпиадаларынан орын алмаса, мұғалімге сөгіс беруге дейін шара қарастырылады. Сондықтан мұғалім қалайда оқушысының пәндік олимпиададан орын алуына мүдделі. Өз бала-шағасының аузынан жырып, біреудің баласын олимпиадаға қатыстырғысы келмейді, қатысып орын алмаса тағы болмайды. Содан кәдімгі «аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесінге» көшіп, білімімен жарқырап тұрмаған қалталы азаматтың баласына олимпиададан орын сатып алып береді. Білімі болғанмен қалтасында қаражаты жоқ бала ондай байқауларға қатысуға ниет те білдірмейді.
Ал облыс көлеміндегі олимпиадалардың «ставкасы» бұдан әлдеқайда жоғары екен. Облыс көлеміндегі пәндік олимпиадаларға 1000 АҚШ долларынан ары қарай ғана сөйлесе аласыз дейді білетіндер. Айтпақшы, олимпиаданың да түрі көбейіп кеткен.
Жасыратыны жоқ, бүгінде баланың зерек, әрі білімді болып жетілуі үшін бар жағдай жасалған. Жақсы ниеттен туындаған оқушыларға арналған түрлі шығармашылық байқаулар бар. Мұнда олар өзінің қабілетін жан-жақты көрсете алады. Бір өкініштісі, бұл жерде де ақшасыз іс бітпейді. Ұстаздарға арналған шығармашылық байқаулардың да санынан шатасатын жағдайға жеттік. Біліктілік санатын көтеру үшін мұғалімдер осындай шығармашылық байқауларға қатысып жатады. Жүлделі орынға, әрине, ең қалтасы қалың ұстаз ие болары бесенеден белгілі. Осындай шығармашылық байқаулардың білім сапасын арттыруға шынында да көмегі тиеді ме, жоқ бұл біреулердің жаңа бизнес жоспары ма?
«Жас күнінде балалығын тыйдым дегенше, есейгендегі даналығын тыйдым дей бер» деген сөзді аталарымыз бекер айтпаған болса керек. Дегенмен мектеп қабырғасындағы оқушылардың ғылыми жұмыспен айналысуының өзі оларды балалықтан ерте ажырататын сияқты. Доп қуып, асық ойнайтын шағында ғылыми шығармашылықпен айналысатын балаларды аяйсың дейді аты-жөнін көрсеткісі келмеген ұстаздардың бірі. Ғылыми дәрежеге ие болатын қасқабас ғалымдарымыздың өзі ғылыми еңбектерін жылдар бойы жинақтап жүріп әзер қорғайды. Ал дарынды балалардың ішіндегі мыңнан бірі ғана өте зерек, ерекше дарынды бала болмаса, ғылыми жұмысты толыққанды зерттеп, зерделеу екінің бірінің қолынан келе бермесі белгілі. Дегенмен қағаз жүзінде балаларымыздың бәрі білімді, тіпті бастауыш сыныптан бастап ғылыми еңбекпен айналысатын шығармашыл, дарындылар жеткілікті…
Не керек, мектепті бітіріп шыққанша, оқушылар түрлі байқаулардың жеңімпазы, олимпиада жүлдегері болып, бір құшақ мақтау грамоталары мен дипломдарды иеленеді. Бірақ бұдан кімге пайда? Оның кәдеге асар жері бар ма? Бүгінде мектептегі мұқабасы қызыл түсті ерекше куәлік те, түлектің абыройын асқақтататын «Алтын белгіні» иелену де сатулы. Ал ҰБТ-да да қанша қатал болды дегеннің өзінде жоғары балды сатып алғандардың бар екенін есітіп жатамыз. Тағы бір айта кетерлік жәйт, мектепке кейінгі жылдарда мұғалім болып орналасқан жас мамандардың 70%-ы өз мамандығын ұнатып емес, тестілеуден жиған балының жетуіне қарай мұғалім бола салған кездейсоқ мамандар. Мұны жұрттың бәрі жақсы біледі. Бірақ тіс жарып бұл жайында айтылмайды.
Болашақ мектептен басталатынын неге ұмытып барамыз? Мектеп қабырғасынан бастап, белгілі бір дәрежеге қол жеткізу үшін «шәйпұлын» беріп үйреніп қалған бала ертең нағыз «парақордың» өзі болмай ма? Біз сыбайлас жемқорлықтың тамырына бұл түрімізбен қалай балта шабамыз? Өз мамандығын сүймейтін ұстаз балаға сапалы білім бере ала ма? Бір анығы, бұл сұрақтарға жуық арада ешкім де жауап бере алмайды.

Құндызай Қалауова.
Шымкент қаласы.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз