Ең болмағанда ана тілін аяққа басқан депутаттар кері шақырылып алынуы керек!
“ҚАЗАҚ ҮНІ” көтерген мәселеге 10 жыл!
Осыдан он жыл бұрын Қазақстан Парламенті қазақ тіліне қарсы шығып, масқара болды! Парламенттің дауыс беру стенограммасын жариялаған «Қазақ үні» газетінің елді дүр сілкіндіріп, сең бұзған сенсацияға айналған «Мемлекеттік тілді таптаған Парламент таратылуы тиіс» мақаласына да 10 жыл толып отыр. Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстанда» «Кімнің кім екенін білгің келсе, кімнің қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетінен оқи аласыңдар» дегені, «Қазақ әдебиеті» газеті : «Жас қазақ үні» бір-ақ мақаласымен ұйқыдағы жұртты оятты» – деп жазатыны осы кез. Ұлт мүддесі жолында ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайтынын мәлімдеп, біз бүгін сол мақаланы қайта жариялап отырмыз. Келесі жылы «Қазақ үні» газетіне 15 жыл толатындықтан, біз бүгіннен бастап, мұрағаттағы ел мүддесін қорғаған ерекше мақалаларды жариялап отыратын боламыз.
Сонымен, осыдан он жыл бұрын мемлекеттік тілге қарсы шыққан депутаттармен тағы да таныс болыңыздар!
Мемлекеттік қызметкерлері мен мемлекеттік тілде сөйлемейтін әлемдегі жалғыз елдің енді Парламенті де халықты жерге қаратты. Иә, Тәуелсіздіктің 13-інші жылы! Мамыражай жағдайдамыз деп мақтанатын мемлекет маймыл жылы маймылдай күлкіге қалып, малайлық психологиядан әлі арыла алмағанын көрсетті. Мәжіліс депутаты Амангелді Айталының «Сайлау туралы» заң жобасындағы «Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (73-бап), «Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (89-бап) және «Мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (104-бап) атты баптарға «ұлты қазақ үміткерлер үшін мемлекеттік тілді білуі міндетті» деген түзетуіне Парламенттің 70 пайызы мемлекеттік тілге қарсы шығып, мемлекеттік мүддені табанға таптады!..
Бізден одан арғыны күтпейтін өзімшіл өзекеңдердің кесіп түсер кекесіні мен ойыны қатты орекеңдердің: «әрине, осылай болуы тиіс» деген үстем пиғылды ащы мысқылына жеткізген Парламент партасындағылардың парасат таныта алмағандығы ұлтым деген әрбір азаматтың жүрегінде қара дақ болып қалды. Шырылдап жүрген сол баяғы Амангелді Айталы. Алашқа арман болып келе жатқан тіл теңдігін сұрап Парламент мінбесіне шыққан атпал азаматтың атасына мың рахмет. Ал, мемлекеттік тілдің арқасында үлкен дәрежеге жетіп, жайлы жерге жайғасқан біздің қалам ұстаған қайраткерлеріміз неге үнсіз? Кезінде «Елшілік қызметкерлеріне мемлекеттік тілді білу міндетті» деген бапты алғызып тастаған Ерлан Ыдырысовтың Парламентте неге еркінситінін енді түсіндік. Шет тілінде ойлайтын шекесі тар шенеуніктерге кең маңдайлы Кекілбаевтар мен шешен тілді Шерхандар отырған Парламент депутаттары қосылған соң не қайран?.. «Самарқанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» деген мақалдың кері келіп тұр. Әрине, Әбекеңдер мен Шерағаңдар мемлекеттік тілге қарсы «атамын» десе де, аттап баспаса керек. Бірақ, айналасындағыларға ықпал ету деген болмайды ма? Әлде қазіргі Парламентте ықпалды тұлғалар жоққа тән бе?.. Мұндайда аты-жөнін халық түгіл өзінің сайлаушылары да білмейтін бейуайым, бейғам, белгісіз депутаттардан елеулі ешнәрсе де күтуге болмайтыны белгілі. Ал, серкелерсіз Сенат та, Мәжіліс те олқы көрініп қалатыны осындайда екен ғой. Бұдан бұрынғы таратылған екі Парламенттің әйгілі тұлғалары ұлт пен мемлекет мүддесіне келгенде айналасындағыларға анағұрлым ықпалды болып, ел тағдыры таразыға түсер шақта нәтижелікке қол жеткізіп жататын.
Әділет министрінің орынбасары Меркель мырза: «Депутаттарды мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлеу – Адам құқын шектеуді білдіреді», – деп жіберіпті… Яғни, соның ішінде қазақтарға да өз ана тілін білуге мәжбүрлеу – Адам құқын шектеу болса, Тәуелсіз Қазақстанның Әділет вице-министріне не деуге болады?! Иә, мұндай «сөздерді» Қазақстанның ғана мемлекеттік шенеуніктері еш ойланбастан мемлекеттік тілді аяққа басып тұрып айта береді… Бірақ, біздің Меркельге еш ренжитін жөніміз жоқ. Ренжи алмаймыз да… Өйткені, алдымызда өзіміздің Ерлан Ыдырысовтар мен билік айтса билеп беруге дайын депутаттарымыз тұр емес пе..?
– Сізден басқа тіл үшін тіресіп жүргендер бар ма? – деген сұрағымызға Амангелді Айталы: «Әрине, бар. Әбіш пен Шерағаңдар, Фариза мен Уәлихан Қалижан, Серік Әбдірахмановтарды атай аламын», – деп жауап берді. Ал, «Қарсы шыққандарды атай аласыз ба?» деген сұраққа депутат мырза жауап бермеді. Олардың тізімін беруден де бас тартуын түсіне алмадық… Оның себебін «ана тіліне қарсы шыққан әріптестерінің өкпелейтінін» айтып ақталды. Мәжіліс аппараты жетекшісіне сілтеген соң Әнуар Түгелге хабарласуға тура келді. Аппарат басшысы іссапарда болғандықтан, біз хабарласқан оның орынбасары Мәриям Қабденова біздің өтінішімізді орындай алмайтынын бірден айтты. Себебін сұрағанымызда:
– Ол стенограмманы тек депутаттар ғана сұрап ала алады. Айталыдан сұраңыз. Депутаттар өкпелесе өзі көтереді.
– Ол кісі беруден бас тартып, сіздерге сілтеді. Депутаттар неге өкпелейді? Сонда олар өздерінің берген даусын халықтан не үшін жасырады? Ал біз, журналистер, керекті ақпаратты басқа емес, Парламент үйінің өзінен де ала алмаймыз ба? Баспасөз туралы заң бар емес пе? Заң шығарушы жоғарғы органның өзі заңды сақтамайды ма?
– Біздегі тәртіп солай. Депутаттық этика деген бар, соларға хабарласыңыз…
Сөйтіп, демократиялық негізде құралатын негізгі орган – Парламент үйінен қажетті ақпарат ала алмадық… Дегенмен, кейбір ұзынқолды мекемелер арқылы біз дегенімізге қол жеткіздік…
Сонда қалай, Демократия мен жариялылық ордасы болып саналуы тиіс Парламентте депутаттар қалай дауыс бергендерін жасыруы нені білдіреді? Ұлт пен мемлекет мүддесіне қарсылықтарын сол халықтан жасырып, ертең ел алдында «еңіреген ер» болып көріну үшін жалған сөйлеп, күзде тағы да сайланудан дәметуі барып тұрған аярлық емес пе?
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі әрбір келелі кеңістерде мемлекеттік тілде сөйлеп, мемлекеттік тілдің мерейін өз дәрежесіне көтеру жайлы үнемі айтып жүргені белгілі. Өткен күзде ғана Парламенттегі дәстүрлі кездесуінде бастан-аяқ тек қазақ тілінде сөйлеуі де білгенге өнеге емес пе?! Шайнап бергенді жөндеп жұта алмай жүргендерге күйініп кетіп: «Ымды білмеген – дымды білмейді», – дегенге дейін барып жатады. Тіпті, «Қазақ пен қазақша сөйлессін!» – деп ашығын да айтты. Бұдан артық не деу керек?
Ал, Президент сайлауында кандидаттар мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Кешегі күзде ғана Мемлекеттік хатшы И.Тасмағамбетов өткізген тіл туралы үлкен кеңесте: «Мемлекеттік тілді білуі тиіс лауазымдар тізбесін жасап, оны Парламентке тапсыру керек», – деген қорытынды жасалғаны белгілі. Мемлекеттік тілдің тағдырын қарайтын Парламентіміздің түрі мынау болса, онда «қойды қасқырға бақтырғанмен» бірдей тірлік болайын деп тұр екен ғой…
Қазақша ойлауға хақысы бар кез-келген азаматтың ғана емес, озық ойлы өзге ұлт өкілдерінің де түсінбейтіні – еліміздегі ең бірінші тұлға Елбасымыз мемлекеттік тілді қолдап келе жатқанда, екінші, үшінші тұлғалар О.Әбдікәрімов пен Ж.Тұяқбай мырзалар өздері бас болып қарсы дауыс беріп жатуы қалай? Бұны қандай саясатқа сыйғызуға болады?!.
Әншейінде әр нәрсеге үн қосқыш партиялар бұған не дер екен? Ормандай көппіз деген «Отан», аспандағы айды алатын «Асар», қызуы басылмаған қызылдар, мемлекетшіл «Ақ жол» партиялары мемлекеттік тіл Парламент босағасынан аса алмай далада қалғанда қандай үн қатар екен? Ең үлкен фракция мүшелері елеулі ештеңе істемек түгілі, қайта қарсы шығып жатса, асарлап болса да әрекет жасалмаса, азаматпыз деп жүргендерден азаматтық күту бос тірлік болса керек. Несіптерге немкетті қарағанмен, Бендицкийлер үшін белсеніп шыққандар тіліміз үшін қандай тірілік көрсетпек?..
Партия дейміз-ау, «Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Қайролла Ережепов бастаған «отандық» депутаттар Мақтай Сағдиев, Серік Қонақбаевтар, «Асар» партиясы фракциясының жетекшісі Рашид Ахметов бастаған Фарит Галимов, Светлана Жалмағанбетова мен Нұрлыайым Жолдасбаева, Аграрлық партия жетекшілері Роман Мәдинов пен Еркін Рамазановтар, «Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиевтер мемлекеттік тілге қарсы дауыс берді.
Ана тілін аяққа басқан қазақтардың мемлекеттік тілді жақтап дауыс берген, азаматтық позицияларын айқын білдіріп, өз ұстанымдарынан таймаған Ә.Кекілбайұлы мен Ш. Мұртазадан, Қ.Сұлтанов пен С.Әбділдиннен, А.Айталы мен Ж.Қалиұлынан және т.б. елжанды депутаттардан саяси Һәм рухани көрегендігі артық па сонда? Әрине, керісінше… Тәуелсіз елдің еркін депутаттарының жандарына соншалықты не зор келді екен?.. Қазақ тіліне қарсы шыққан қазақтардың ең болмаса өзге ұлт өкілі Ю.А.Кубайчук секілді қалыс қалуға да қауқары жетпегені ме?.. Ал, жалпы өзге ұлт өкілдері мен ұлты орыс депутаттардың «қазақтарға ана тілін білу міндетті» деген түзетуге не үшін қарсы шыққандарын түсінбедік. Қазақтардың өздері қарсы болып жатқан соң, оларды ұялтпайын деген болуы керек… Мүмкін, ертең кезек өзімізге де келіп қалар деген қауіптің алдын алғаны шығар…
Кезінде Т.Квятковскаяның (бүгінде ол мемлекеттік тілге қарсы шығып отыр) жарты беттік арызы үшін Парламентті таратқанда / ол мықты Парламент еді…/, енді мемлекеттік тілімізді аяққа басқан Парламентті неге таратып жібермеске?! Осындай оқиға оңтүстіктегі көршілерімізде бола қалған жағдайда/ оларда болуы да мүмкін емес/ қарсы дауыс берген депутаттарға / өз ұлты болсын, өзге ұлт болсын / не болатынын едестетудің өзі қорқынышты. Ал, жалпақшешейлігі жаһанға мәлім болған Қазақстандағы жағдай қазаққа келгенде үнемі осы. Бұл жерде өзге ұлт өкілдерін түсінуге болатын шығар. Онда да енді ары кетсе, төрт-бес жыл көлемінде. Ал, өзіміздің «өгейлерге» мемлекеттік тілмен бірге ана тілдеріне де қарсы шыққандары үшін ешқандай кешірім жоқ. Жерін сатып жіберіп, желпініп жүргендер енді тілін де сатып жіберіп, тісін шұқылап, тоқ басып отыр. Ертең елін де сатып жіберетіндер осылардың ішінен шықпасына кім кепіл?..
Мүмкін, депутаттарымызға ашынып отырған біздікі де артықтық шығар. Өйткені, оларды өзіміз сайладық қой… Халқы қандай болса, парламенті де сондай емес пе?
Біз бүгін бес жыл бұрын жарылқаймын деген уәделерімен сайланып кетіп… енді бүгін мемлекеттік және ана тілдеріне қарсы шығып отырған нигилист депутаттардың есімдерін беріп отырмыз. Ендігісін көзіқарақты, көңілі ояу, сауатты сайлаушылар өздері шешер…
Қазыбек ИСА
№8 (174), 27.02.2004 ж.
*Тақырыпқа тұздық
Парламентті әшкерелеп, елді дүр сілкіндірген оқиға
немесе ҚАЗАҚ десе ҚАНЫ ҚЫЗАТЫН ҚАЗЫБЕК
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі ұлты қазақ депутаттарының орыстілдігі, орысқолдығы ұлттық нигилизмнің ерекше көрінісі, оған қазақ халқының наразылығы да белгілі. Неге екені түсініксіз, сол депутаттарды сайлаған халқының өзі. Бүгін де сол кесел жалғасып келеді, бірақ депутаттарды енді халық емес, партия көсемдері тізімінен таңдап алады, олар орыстілділерге аса зор артықшылық береді.
2004 жыл Мәжілісте «Сайлау заңы» талқыланып жатқан кезде заң жобасына «ұлты қазақ депутаттыққа кандидаттар президент сияқты мемлекеттік тілді меңгергені туралы сынақтан өтсін» деген ұсыныс енгізідім. Енгізуге ешкім қарсы болған жоқ, бірақ дауысқа салғанда депуттардың басым көпшілігі әсіресе қазақтар қарсы шығып, ұсынысты қабылдатпады. Сол бойда инженерлік орталықтан кімнің қарсы, кімнің қолдағаны туралы ақпаратты алдым. Ол қазақтығымызға тест, рентген сәулесімен көкіректегі жасырын сырды ашқандай болды. Шынымды айтсам, мен кімнің қалай дауыс бергені туралы деректерді өзім үшін сұраттым, жариялауға әлі шешім қабылдаған жоқпын. Осы тұста маған бұрын жақын танып білмейтін «Жас қазақ үні» атты газеттің бас редакторы Қазыбек Иса хабарласты. Байқаймын, ұлт десе қаны қызып кететін жігіт екен. Мен қинала-қинала, бір жағынан, депутат әріптестерімді аяп, екінші жағынан, ұлтымыз үшін халық қолдаған депутаттардың ішкі сырын жасырмайын деген екіұдай оймен жүргенде, Қазыбек інім дауыс беру қорытындысын, қолдағандар мен қарсыластардың тізімін «Жас қазақ үні» газетінде жарқ еткізіп, жариялап жіберді. Сөйтіп, кімнің кім екенін, барлық депутаттардың жамылғы бет перделерін ашып берді. Басқа газеттер «Жас қазақ үнінен» көшіріп басып, ел түгел депутаттардың ұлттық ұстанымдарынан хабардар болды. Маған, «Жас қазақ үні» газеті мен «Ана
тілінен» жастардан, әсіресе, студенттерден ашуға толы, депутаттарға ызаланған көптеген хаттар түсті. Егер Қазыбек Исаның елді дүр сілкіндірген жақсы мағынасында-
ғы ұлтшылдығы болмаса, мүмкін бұл ақпарат Парламент құпиясы болып қалар ма еді? Осылай «Жас қазақ үні» талай көкірегі соқыр ұйқысырап кеткен депутаттарды шошындырып қана қоймай, жалпы қазақ қауымына ой салды. Шалажансар Парламент ұлтымыздың, тілінің әлсіздігін, қазақтардың өздерінің ұлтына деген қырсыздығының айнасы болды.
Айта кетейін, осыдан кейін елде, әсіресе депутаттар арасында «Жас қазақ үні» газетіне ықылас айтарлықтай өсті. Менің сол кездегі әріптестерім ол газеттен сескенетін болды, ал парламенттің инженерлік орталығына енді қай мәселе болсын, депутаттардың қалай дауыс бергені туралы ақпарат беруге жоғарыдан үзілді-кесілді тыйым салынды.
Қазақ тіліне қарсылардың біразы ұялудың орнына маған шабуылға шықты, сол кезде Казыбек қолдарына түссе, кім білсін, аямас еді. Маған айтатын уәждері: «Бүгінгі қазақтың ең асылдары, интелекті жоғарылары бұл орыстілді-
лер. Сіз қазақ тілділерді Парламентке жинап, заң шығарушы органның беделін кетіресіз, неге соны ойламайсыз. Мы –соль, казахоязычные – ноль»,–демесі бар ма?» Қазақ интелегенциясы арасында екі тіл, тіпті үш тілді меңгерген азаматтар барлығын, олардың ой-пікірінің кеңдігін, өмірге қазақтың да, орыстың да көзімен қарай алатындығынан нигилистер бүгін де хабарсыз. Осылай Қазыбек Иса 2004 жылы Парламентті әшкерелеп, елді бір сілкіндіріп тастады. Қазыбектің осы сынынан кейін, қоғам қазақ депутаттарының қазақ тілін меңгергеніне аса назар аударатын болды.
Кейіннен, мен «Ақ жол» партиясына келгеннен соң, Қазыбекпен жиі араласып, оның саяси публицистикалық мақалаларын зор ынтамен оқитын болдым. Ұлт, тіл мәселелеріне келгенде Қазыбек аянбайды, шайқасқа шыққан батырлардай. Себебі ұлт мәселесі – идеологиялық күрес алаңы, сондықтан ол палуандай белді буып күреске шығады, ешкімді кешірмейді. «Ата заңды өзгертпей, тілді үйрену –суға түспей жүзуді үйрен дегенмен бірдей…» атты мақаласында Қазыбек президенттің кеңесшісі тек Ертісбаевқа ғана емес, шындығында, ертісбаевтарға, себебі бұлар ұлтқа қарсы белгілі бір нигилистер тобы, шүйіледі. Тіл жанашырлары «Ежіктесең де, ережені түсінбейтін кеңесші Ертісбаевпен «кеңесуі» керек екен де» деп, оны сынап қана қоймай, «Ия, Президент мемлекеттік мүддеге қарсы шығып, арандатушылық әрекет жасағандарды жазаласа, ең алдымен өзінің кеңесшісі Ертісбаевтен бастау керек» деп салмақты жоғары билікке аударады. «Дамбалсыз «демократ» Ергалиева, ұлт-
тық мүддеге келгенде үн жоқ «Нұр Отан», жетекке ерер емес «Азат» партиясының
жетекшілері Болат, Жарма-
хан, «Не надо лезть в Конституцию» деген Орал Мұхамбетжанов, қазақ тілін қол-
дауды орыс тіліне қиянат деп есептейтін Қайрат Мәми,
80 жыл жинаған абыройдан
8 минутта айырылған Бибігүл Төлегенова, тағы басқалар Қазыбектен өз сыбағаларын алды. «Если вы мне не поменяете мозги, мне казахский язык не выучить!» деген қазіргі Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовтың сөздеріне байланысты «Ана тіліне, мемлекеттік тілге миы жетпегендер қалай министр болады? – деген қисынды сауал қояды. «Бізде мисыз министр, мисыз әкім, мисыз депутат, мисыз шенеуніктер болуы заңдылық болса, онда біз қандай ел-
міз? – деп қиналады ол.
Қазыбектің мазалануының, өткір сөзбен кейбіреулерді түйреуінің астарында терең сыр жатыр.
Ұлтты кемсіту – жаһандық үрдіс. Жаһандану идеологы Э.Гидденс ұлттық сана-сезім, ұлттық “Мен” игілікке емес, дауға, жанжалға апарады деп есептейді. Ұлттық идея, ұлттық ниет жанжал, қастандықпен бір жүреді. Ұлттық болмыс бүлікпен бірдей. Ол өзара байланысқа, алыс-беріске, тұрақтылыққа қарсы, тежегіш күш дейді. Осыдан келіп автор космополиттік ұлт жасау ойын алға тартады. Оны кім жасайды?– деген сауалға, оны тілін, мәдениетін, тарихын білмейтін билік басындағы космополиттік элита жасайды деп болжайды. Бірте-бірте мемлекет ұлттық сипатынан айырылып, космополиттік мемлекетке ұласады. Автордың пікірінше, ұлттық қауымдастық жа-
санды бірлестік, тіл, мәдениет, дәстүр ортақ құндылықтар, сондықтан бір ұлттың екінші ұлтқа сіңісуі қиын емес, түптің түбінде басым тілмен, мәдениетпен келісуге тура келеді
Иә, Э.Гидденс тауып айтқандай, шовинистер мен нигилистер Қазақстанда да қазақ ұлтына үзбей қарсыласуда.
Қазаққа өзінің арам пиғылымен бұрыннан белгілі Своик дейтіннің «…государственным языком в Казахстане является русский. В том числе, благодаря необратимо состоявшемуся русскоязычию казахских элит. Казахский же язык, исходя из тех же реалий, рано или поздно придется превращать во второй» деген сөздерін жеке адамның пікіріне саюға болар еді. Өкініштісі, олардың астарында тарихи, саяси, әлеуметтік құбылыстар, тамыры терең індеттің көрінісі жатыр.
Ойланатын ең үлкен мәселенің бәрі – бүгін жаппай ағылшын тілін енгізу болып отыр. ҚР Республикасының Конституциясының 19-бабының III-тармағы «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар» делінеді. Мектеп оқушыларына ағылшын тілін оқытпас бұрын ата-аналарының келісімі қажет. Үш тілді оқытудың психологиялық, педагогикалық жағынан әлі терең пайымдауды қажет ете-
ді. Мамандар да тапшы. Осы орайда Н.Хрущевтың ауа райына қарамай, жүгеріні насихаттағаны ойға оралады. Осындайларға тойтарыс беретін Қазыбек сияқты орақ тілді, өткір мінезді азаматтар керек-ақ! Ұлттың ұлылығы оның санында емес, әр ұлының ұлылығында!
Амангелді АЙТАЛЫ,
профессор
“Қазақ үні” газеті
2012 жыл