МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІНЕ ҚАРСЫ МИНИСТР ОТСТАВКАҒА КЕТУІ КЕРЕК!

1
191

Мемлекеттік тілге миы, мемлекеттік мүддеге ойы жетпейтін мемлекеттік қызметкерлер мемлекетке қауіпті!

Қазақстан Үкіметі мен Парламентіне Ашық хат!

“Өзінің ана тілін менсінбегендер өзінің ұлтын үш рет өлтіргендер”
Гегель

Біздің ана тілінде – мемлекеттік тілде нан сұрап жей алмайтын, яғни бір ауыз сөз білмейтін қаптаған мемлекеттік қызметкерлердің бірі емес… бірегейі – ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мемлекет басшысының өзіне, ел алдында айтқан сөзіне қарсы шықты… Биылғы 6 ақпанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Атырау облысына барғанда, халықпен кездескендегі айтқан: “Біздің еліміздің атауында Орталық Азияның басқа да елдеріндегі сияқты “стан” деген жалғау бар. Сонымен бір мезгілде, шетелдіктер небәрі екі миллионды құрайтын Моңғолияға қызығушылық танытады, бірақ оның атауында “стан” жалғауы жоқ. Сірә, еліміздің атауын уақыт өте келе “Қазақ елі” деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салғаны жөн”-, деген Елбасының ел қуандырған бастамасының басына су құя салды…
Нақты айтқанда, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов франциялық «La Vanguardia» басылымына берген сұхбатында Қазақстан «стан» жұрнағынан бас тартпайды деп мәлімдеп: «Бұл – БАҚ-тың қалжыңы. Оны шын деп қабылдауға болмайды.Қазақстан – Қазақстан болып қалады», деп бір-ақ кескен.
Сонда бұл қалай болғаны? Мейлі, журналистердің бұл мәселені талқылауы ол үшін “қалжың” бола қойсын, ал мемлекеттік тілден мақұрым болса да, өзін екі рет министр еткен Елбасымыздың ел алдындағы елеулі сөзін қалай қалжыңға айналдырып, шетелдік беделді басылым журналистері алдында сойған түлкідей ыржалаңдап отыра береді?
Ал Елбасы бастамасына шын қуанып, жаппай талқылауға көшкен елдің тілегі бұл министрге жай “қалжың” ғана ма?
Сонда біздің елде кім президент? Ел атауының тағдырын Елбасы мен ел шеше ме, әлде бәрін қалжыңға” айналдыра салатын, мемлекеттік тілді миын ауыстырмаса, үйрене алмайтынын Парламент алдында мойындаған министр шеше ме? (“Мемлекеттік тілге миы жетпегендер қалай министр болады?..” www.qazaquni.kz )

Әлемге әйгілі неміс ғалымы Гегель “Өзінің ана тілін менсінбегендер өзінің ұлтын үш рет өлтіргендер”– десе, қазақтың ұлы жазушысы, Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов: “Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды”-дейді. Иә, “Өз тілінде ойлай алмайтындар – өз еліне қауіпті”-деп, шаршамай-ақ талай айтып келеміз. Бұлар да шаршамай-ақ, үнемі соны дәлелдеп келеді…
   Кеше ғана қол қойған Еуразиялық экономикалық одақтан соң “Ұлтық мүдделерің, мемлекеттік тілің жайына қалады, “Мәңгілік ел” мәңгі арман болып, “Қазақ елің” мазақ еліне айналады”-деген елдің күдігін ең алдымен шындыққа айналдыруды бастап, езуін де, айылын да жимай отырған Ерлан Ыдырысов кімге сеніп отыр? Бұл Сыртқы істер министрінің сыртқа сүйеніп, Ақордаға Кремльдің көзімен қарап, Путинге иек артудың басы емес пе?!.
Біз бәрібір ұлттық мүддені, мемлекеттік тілді, Елбасымыз айтқан “станды” алып тастауды, “Мәңгілік ел” идеясын мәңгі күрессек те, жеріне жеткізбей қоймаймыз, Ерлан Ыдырысов мырза!
Мұндай мемлекеттік тілде ойлана алмайтын, мемлекет мүддесін “қалжыңға” айналдыратын “министр” мемлекетке керек пе?
Ұлттық мүддемізді мазаққа айналдыратын, мемлекеттік тілге миы да жетпейтін, мемлекеттік мүддеге ойы да жетпейтін мемлекеттік қызметкерлердің бәрі де мемлекетке қауіпті!
Әсіресе, бұндай қауіптің ұлттық мұдделер мен экономикамыз бәсекеге түсетін Еуразиялық экономикалық одаққа кіруімізге байланысты еселеп арта түсетіні анық.
Сондықтан қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-тардағы және әлеуметтік желілердегі ел наразылығын қолдай отырып, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың отставкаға кетуін талап етеміз!

Қол қоюшылар:

Исраил Сапарбаев, ақын, Тәуелсіз “Тарлан-Платина” сыйлығыныңлауреаты
Ибрагим Исаев, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты
Дос Көшім, “Ұлт тағдыры” қоғамдық қозғалысы төрағасы
Сәбит Досанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Шолохов сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Әзімбай Ғали, саясаттанушы
Қазыбек Иса, “Қазақ үні” газеті президенті, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты
Айдос Сарым, саясаттанушы
Дәурен Қуат, Abai.kz ұлттық порталы бас редакторы
Бейсенғазы Сәдуұлы – “Желтоқсан ақиқаты”қоғамдық қоры төрағасы                        

 Руза Бейсенбайтегі,  “Желтоқсан ақиқаты” ҚҚ Кереку облыстық филиалы төрайымы                    

   Қуандық Шамақай, ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық журналист                           

Гүлбахрам Жүніс, “Желтоқсан қырандары” ҚҚ жетекшісі

Дина Төлекова, “Қазақстан” ТРК журналисі

Құлтөлеу Мұқаш, “Қазақ үні” газеті Бас редакторы
Геройхан Қыстаубаев, ұлт патриоты
Зейнолла Абажан, “Қазақ үні” газеті Бас редакторының орынбасары
Алмас Жұмағали, заң ғылымының кандидаты, қоғамдық сарапшы
Нұрлан Әбдібек, “Қазақ үні” газеті Бас редакторының орынбасары
Мақсат Жақау, саясаттанушы
Сейілбек Асан, “Қазақ үні” газеті бөлім редакторы
Айдос Жұқанұлы, журналист
Мариям Абсаттар, журналист, сарапшы
Қанат Әбілқайыр, “Алаш айнасы” интернет газетінің журналисі
Еркінбек Серікбай, жазушы, Республикалық «Жалын» журналы» Бас менеджері
Азамат Тасқараұлы, Qazaquni.kz ұлттық порталы редакторы
Тұрдыбек Құрметхан, Қ. Сатпаев атын. ҚАзҰТУ, оқытушысы
Женісбек Сабрайым, “KYNTUKENT корпорациясы” ЖШС құрылтайшысы, кәсіпкер.
Ерлан Ахмеди, қоғамдық жобалар жетекшісі
Самат Сүлей, ғылыми зерттеуші
Бауыржан Сегізбаев, журналист
Айбек Молдабай, журналист
Асыл Талғатжан, ғылым магистрі
Камиша Есмұхмебетқызы, жеке кәсіпкер, сарапшы
Айнұр Ахметова, “Қазақ үні” газеті жауапты хатшысы және т.б.

Қол қоюшылар жалғасуда. Интернет арқылы қол қоюға болады.

www.qazaquni.kz

 

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз