Бір форумға миллиардтап ақша жұмсау қажет пе?!.

0
37

Алдағы күзде Қазақстан мен Ресей мемлекеттері басшыларының қатысуымен 11-ші аймақаралық даму форумына дайындық үшін республикалық бюджеттен 5 млрд, ал облыстық қазынадан 3 млрд 300 млн теңге бөлінген.

Бір форумға миллиардтап ақша жұмсау қажет пе?!.

Мәртебелі меймандар жүреді-ау деген орталық көшелердің барлығы күні кеше асфальт төселсе де, қырып тастап, қайта жасалуда.

Форумға дайындықты атыраулық шенеуніктер қымбат көліктерге қол салудан бастады. Жалпы сомасы 150 млн теңгеге машина алғандарын айтып, тендер де жариялаған болатын. Бұдан кейін облыстық ішкі істер департаменті де әрқайсысы 100 мың доллар тұратын ToyotaLand Cruiser 200-дің екеуін алған. Сөйтсек, дайындық машина сатып алумен бітпепті. Қазір шенеуніктер қала ішін жөндеуге қызу кіріскен.

Орталықтағы негізгі деген 4 көшені орта деңгейдегі жөндеуден өткізу үшін қазынадан 3 миллиардқа жуық теңге бөлініпті. Бұл қаржыға облыстық әкімдік жанындағы төсемтастар да ауыстырылмақ. Миллиардтаған қаржыны игеруге жергілікті шенеуніктердің кірісіп кеткеніне бір айдан асты. Жол жиектерін граниттеп, ескі үйлерді әктеп-сырлау жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Бірақ атыраулықтардың өздері бір күнге келіп-кететін қонақ үшін осыншама шашылғанша, өзіміздегі бастан асып жатқан мәселелерді неге шешпейді деп отыр.

“Жап-жақсы жолды қайта жөндеудің не қажеті бар еді? Атырауда осы жолдан басқа, форумнан басқа өзекті мәселе таусылып қалып па? Толып жатыр ғой! Мысал үшін айтайық, республикалық маңызы бар Атырау-Астрахань тас жолы. Адам шошырлық қой, күнде адам өліп жатыр сол жолда”, – дейді құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева.

Қос ел басшыларының кездесуі құрылысына 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған зәулім сарайда өтеді.

Бірақ айтулы форум қыркүйектің басына жоспарланып отырғандықтан, қазір бұл жерде құрылыс жұмыстары күні-түні жүріп жатыр. Форум өткен соң бұл нысан Неке сарайы ретінде пайдалануға берілмек.

Тағы бір өзгеріс, әуежайдан қалаға кірер жолдағы көпірдің жанына алып сағат орнатылды. 2 жарым ай бойы Украинада дайындалған гүл-сағатқа бюджеттен 20 млн.теңге жұмсалыпты. Салмағы 150 келілік сағат ДЖИПИЭС арқылы жұмыс істейді. Жергілікті әкім-қаралардың сөзіне қарағанда, мұның барлығы өзгенің алдында ұятқа қалмас үшін жасалып жатқан шара көрінеді.

Ал Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: “Жұмыстардың барлығы жасалған жұмыстардың форум біткен соң қайтадан құлап қалмайды ғой, ол сол жерде қалады. Сондықтан кез-келген үлкен халықаралық шараға дайындалу керек, ол дайындалу тек қана біздің Атыраудың емес, жалпы Қазақстанның имиджін, Қазақстанның абыройын, Қазақстан деген осындай ел екен деп келген адам айтып кетсе, ол Атыраудың емес, Қазақстанның абыройы”, – деп қайта “шу шығарып жүргендерге” ренжіді.

Айтпақшы, қос ел басшысы кездесетін сарайдың қарсы бетінде тоз-тозы шыққан қос ғимарат тұр. Бұл бұрынғы әкімнің кезінде басталып, кейін аяқсыз қалған 1200 орындық концерт залы мен 100 орындық монша

Кезінде қыруар қаржы бөлінген бұл екі нысанның соңғысы жуырда іске қосылмақ. Ал 4 млрд-тай қаржы жұмсалған кино-концерт залын әкімдік бұзып тастайтын болды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз