Қазақстан жастары киімді қара базардан да, қымбат сауда орталықтарынан да сатып алады. Киімін өзі тігетіндер де бар. Гүлнұр Арыстан Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 5-курсында оқиды. Ол осында ісмерлікті үйреніпті.
Алматы студенттерінің көбі киімдерін негізінен базарлардан алуға бейім болса, жұмысқа араласа бастаған жастар дүкеннен киінгенді жөн көреді.
Киіміне ерекше көңіл бөлетін әнші Жалын Тілеубергенов «Жас кезде жарқырап жүру керек» дейді.
– Классикалық та, еркін киімдерді де кие беремін. Бастысы – жарасқаны. Көптің бірі болып жүргім келмейді. Ерекшеленген дұрыс. Көбінше бренд кигенді дұрыс көремін және оларды Алматыдағы сауда орталықтарынан аламын. Жақында 50 мың теңгеге пиджак алдым. Негізі одан да жоғары бағаға іздеймін. Киімге қарап қарсы алып, ақылыңа қарап шығарып салатын заман ғой. Бір көргенде адамдардың көзқарасы түзу болу үшін жақсы киінген дұрыс. «Орда», «Ринго» топтарының киімі ұнайды. Біз шетелдік, атап айтқанда батыстық және корей әншілерінің киімдерін ұнатамыз, – дейді ол.
Алайда оның ойынша, «хип-хоп киім үлгісіне қатты беріліп кетуге де болмайды».
– Киіміне жазу жаздыратындар – көбіне жасөспірімдер. Аты-жөндерін, руларын, спорттық командадағы нөмірін жаздырып алады. Жазда жастар футболкаларды жиі сұрайды. Осы күні қара, қоңыр, ақ киімдерге қарағанда қызыл, жасыл, сары, көк сияқты қанық түсті киімдер жақсы өтеді. Қыздар ғана емес, ер балалар да ашық түсті әрі денеге жабысып тұратын киімді ұнатады. Қыста тоқыма киімдер көп өтеді. Базарға негізінен киім іздеп студенттер келеді. Екі-үш мың теңгенің киімін көреді, бес мың теңгеге ақша жеткізе алмай ойланып қалады, – деді.
ШОЛАҚ ШАЛБАРЛАР
– Жастар қазір корей сериалдарын көріп, соған еліктейді. Сондағы жігіттерше шаш қояды, денеге жабысып тұратын, мойын алқымы салбыраған киімдер сатып алады. Балақтары тырысып қалған «сигаретка» киеді, -дейді.
Ол брендтік киімдердің Қытайдан келетінін айтты. “Қытай брендтердің көшірмесін әп-сәтте жасайды” деген ол оның бағасынан да хабардар етті.
– Қатарластарымыз еуропалық әйгілі брендтерге құмар-ақ. Алайда осы киімдердің көбісінің жай ғана көшірме екенін қаперден шығарып алады. Мәселен бренд киімдер негізінен 15 мың теңге тұрса, біз көшірмесін 5-6 мың теңгеге сатамыз,- дейді Дархан Әбдіразақ.
Ол дінге бет бұрған жастардың киім ерекшелігі жайында да айтты.
– Ашық түстер арқылы елден ерекшеленуге құмарлар көбейген. Көп жастардың намазға жығылуына байланысты тобыққа жетпейтін, бірақ балағы тізеден төмен, шолақ шалбарларға да сұраныс бар, – деді сатушы.
Қазақстанда жастар санатына 14 пен 29 жас арасындағы азаматтар жатады. 2012 жылдың қараша айындағы мәлімет бойынша, қазір Қазақстанда 4 миллион 483 мың жас азамат бар.