Доллар тағы да қымбаттайды!!!

0
51

Қазақстанның алтын валюта қоры айтарлықтай азайып, еліміздегі іргелі компаниялар акциясының қор биржасындағы бағалары кері кеткен. Бұл – теңгені әлсіретіп, долларды қымбаттатуға тікелей әсер ететін факторлар деп жазады “Алаш айнасы”.

Доллар тағы да қымбаттайды!!!
Фото alashainasy.kz сайтынан
Басылым хабарласқан мамандар да бұл кезекті теңге девальвациясының болатындығын аңғартатын белгілер екендігін айтады. Қыста теңге құнсызданған-ақ бірқатар сарапшы “жазда доллардың ұлттық валютаға шаққандағы құны 200 теңгеге барады” деп алдын ала болжам жасап тастаған болатын.

Таяуда қаржыгер-маман Ерлан Ибрагим бұл болжамды тағы да нақтылай түсті. “1 доллар 206 теңге болады” деген ол мұны осы аймақтағы елдердің сауда-саттықта доллардан бас тартып, өз валюталарымен өзара есеп-айырысу операциясына көшуімен байланыстырған.

“Қазақстан несие-ақша саясатын және қордағы валюталарға қатысты теңге бағамын мүлде реттемейді. Теңге теңіз бетінде қалқып жүрген жеңіл зат секілді. Ресей ықылық атса, теңгеміз құнсызданады, мұнай бағасы арзандаса да, қымбаттаса да солай. Сондықтан сыртқы факторлар қиындаған сайын біздің теңге бағасы құлай береді, мұны мойындау керек. Ал қазір сыртқы жағдай өте қиын. Сондықтан оның бір емес, бірнеше рет құбылуы ықтималдылығы жоғары”,- дейді Ерлан Ибрагим.

Қазақстан несие-ақша саясатын және қордағы валюталарға қатысты теңге бағамын мүлде реттемейді. Теңге теңіз бетінде қалқып жүрген жеңіл зат секілді. Ресей ықылық атса, теңгеміз құнсызданады, мұнай бағасы арзандаса да, қымбаттаса да солай.

Айтқандай-ақ осы аптада отандық қор биржасына ресейлік жағдайдың салқыны кеп жеткен. Алғаш рет Ресей Украинаға әскер кіргізгенде ресейлік қор биржасынан 70 миллиард доллардан астам капитал сыртқа кетсе, бұл көрсеткіш жылдың соңына дейін 150 млрд долларға баратын секілді.

Шетелдік инвесторлар Ресейден ғана емес, енді Қазақстан қор биржасынан да кетуді ойластырып жатқан көрінеді.

“Асыл Инвест” АҚ Сараптама департаментінің директоры Айбар Байкенов аймақтағы тұрақсыздық қазақстандық компаниялардың бағалы қағаздарына салмақ түсіріп жатқандығын айтады.

“Ресейден сыртқа ағылған капиталдың көлемі күрт артқан. Бұл Ресеймен саяси және экономикалық жағынан тығыз байланысты Қазақстанға да әсер етуде. Шетелдік инвесторлар біздің экономикамызға да күмәнмен қарай бастаған.Салдарынан отандық құнды қағаздардың жайы қиындап тұр. Негізінен, Halyk bank, Kcell, ҚМГ БӨ және Қазақмыс қатты соққы алуы мүмкін. Әзірге, олар ішкі қолдаудың арқасында жағдайын түзеуге тырысып жатыр. Алайда украин шиеленісі әскери шиеленіске ұласатын болса, онда отандық құнды қағаздарымыз жаппай сатылымға ұшырап, макроэкономикалық көрсеткіштеріміз нашарлайды”, – дейді маман.

Ішкі қолдау демекші, Үкімет әлден экономиканы ынтыландыруға кірісіп кеткен сыңайлы. Оны Ұлттық банктің алтын валюта резервісінің күрт қысқаруынан байқауға болады. Мәселен, Ұлттық банк ақпарына сәйкес, Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері мамыр-маусым айларының қорытындысы бойынша 6 пайызға азайып, 28,4 миллиардтан 26,5 млрд долларға жеткен, яғни қор бір-екі айдың ішінде 2 млрд долларға түгесілген.

Мұның да теңгені әлсіретуші, нақтырақ айтқанда, инфляцияны күшейтуші фактор екенін қаржыгер-маман Ілияс Исаев айтады.

“Негізінен, биыл ақпанда біз шекті көлемнен асыра девальвация жасап алған болатынбыз. Ондағы мақсат – Еуразиялық экономикалық одаққа ену сынды сындарлы сәтте халықтың қайта-қайта қытығына тимеу еді. Осы жағынан алғанда, биыл теңгенің құнсыздануы болмауы тиіс-тұғын. Дегенмен Ақ үйдің Ресейге бағыттап жатқан санкциясы астарында Украинадан гөрі Еуразиялық экономикалық одаққа наразылық басым. Сондықтан бұл шаралар аталған одақты тиімсіз етуге барынша тырысады. Жалпы, соғыс жағдайында доллар қатты шарықтайды. Теңге міндетті түрде құлдырайды”, – дейді Ілияс Исаев.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз