АДАМДАРДЫ АЛДАУ ОҢАЙ, АЛЛАНЫ ҚАЛАЙ АЛДАЙСЫҢ?!.

0
49

Өз өтірігіне сеніп кеткендер өзгеден де соны талап ететіні жиіркенішті…

Жасарал Қуанышәлиннің  кезекті жаласын оқыған да,  жандалбасалаған бетбақтықты көріп,  жаным ашып,   «осыны қоя салайыншы» деп ойлаған болатынмын. Бірақ, оның қазақ тілін қолдап, орыс тілін Конституциядан алып тастау туралы он мыңдаған адам қол қойған әйгілі «138-дің хатына» қол қоймай, қашқаны әшкере болғаннан кейінгі  жауабын оқығанда  жағамды ұстадым. Ол беті бүлк етпей:  «…сенімен телефон әңгімесінде-ақ мен саған ол хатты жарияланған соң бір-ақ көргенімді, ол жөнінде маған ешкім ештеңе айтпағанын ұғындырғанмын…» – деген   қып-қызыл өтірігін оқығанда… таң-тамаша болдым… Міне, саған «саясаткерлік!..» Саясат туралы сөз  қозғай қалса, бісмілласын «олар саясатқа таяз» деп, ұлтшылдардың балағынан бір тістеп қалудан бастайтын, тіпті, мені қойшы, ұлтшылдар көсемі , әлемге әйгілі ақын Мұхтар Шахановты мінеуден жалықпайтын   оның «саясаткерлігі» – осы, өтірікті сарт еткізіп, сағызын шайнап тұра беретіні екен ғой…  Мейлі ғой, шайнай берсін, бірақ, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген бабалар нақылына бас ауыртпайтыны, әшкере болатыны ойландырмайтыны шошытады.  Мейлі , «Жас Алашты» алдай салу оңай болсын,  Жасарал Қуанышәлинді білмейтіндер сеніп қалар, бірақ адамдарды алдағанмен, Алланы алдай алмайсыз ғой, Жәке-ау!  90 жылдық тарихы бар, кезінде алыптарымыз еңбек еткен, Шерағаң, Сейдағаңдар басқарып, талай тарланның тері сіңген  халықтың меншігі «Жас Алашты» редакцияда бір күн істемей-ақ жекешелендіріп алған (және халық мүлкін жекешелендіру туралы өзгелерді кінәлаудан алдына жан салмайды – пароадокс),  Рысбек Сәрсенбайұлына  бәрібір,  ел газетін жеке мақсатқа, қарау пиғылға қару етудің «жемісті» үлгісін көрсетіп келе жатыр. Оның бетінде қараланбаған қайраткер-қаламгерлер аз…

Мен сізге хабарласқанда,  Жәке,  өкінішке орай, ол 138-дің хаты  әлі ешқайда жарияланған жоқ еді… Өйткені ол менің қолымда, әлі түгел қол қойылып бітпеген еді… Мұқтар Шаханов ағамыз бастаған ұлт зиялылары «Жалын» журналында барлық сасаткерлер мен қаламгерлерге  телефон соғып, түгендеп жатқанбыз.  Себебі, мен 29-30 тамызда Өскеменде өтетін «Шығыс шынары» мүшәйрасына кетуім керек болатын да, тезірек қол қоюды бітіріп кету үшін, өзіме тапсырылған тізімдегілерді түгендеп, сізге 25-26 тамыздарда хабарластым. Ал хат барлық басылымдарда, интернет сайттарында  қыркүйектің  4-інде жарияланды. Сонда мен хат жарияланардан кемінде 10 күн бұрын сізге хабарластым. Егер жарияланып кетсе, сіз қазірдің өзінде  жоқтан бар жасап отырғанда, ол кезде алдымен соны айтып, «жарияланып кетті ғой»  деп,  қуана-қуана  ақталатыныңыз айдан анық еді… Ал сіздің қол қоймай қашқаныңыздың себебін «алдымен билікті ауыстыру үшін жұмыс істейік, тіл мәселесі кейінгі кезекте істелетін іс»-деп жауап бергеніңіз, менің де қоя қоймай, «барлық қоғамдық ұйымдар мен саясаткерлер түгел болғаны дұрыс еді» деп үгіттегенім, ақыры айқайласып тынғанымызды көз алдыңызға елестете алатын шығарсыз… әлі де… Адам деген 3 жастан бастап есіндегіні сақтайды ғой, сіздің 3 жыл бұрынғыны «ұмытып қалуыңыз» мүмкін емес. Мен сеземін, сіз жоғарыдағы өтірігіңізді жазып жатқанда да, осы оқиға, осы сөздер көз алдыңызға елестеген шығар… «Мейлі, кете берсін, газет бетінде, жұрт осылай ойласын, ел естіп тұрды дейсің бе сол кезде» деп саналы түрде барып отырсыз мұндай өтірікке… Қазір осыны оқып отырғанда үстіңізден түскеніме және… сол кезде әдейі өтірік соғып жіберген үлкен қателігіңізге, оны біліп қойып, әшкерелеп отырған маған…  кезекті жынданудың үстінде екеніңізді де сеземін. Бірақ енді, амал жоқ, Жәке, «айтқан сөз, атылған оқ!» Енді оны қайтара алмайсыз. Оның үстіне газетке жарияланып кетті… Енді сол өз өтірігіңізге өзіңіз сенуді одан сайын күшейтіп, бетбақтырмай өршелене беруден басқа жол жоқ сізге? Егер шынында да сезім органдарыңызда нұқсан болмаса… ол сөздеріңіз есіңізде… Ал денсаулыққа ондай нұқсан келген болса, онда маған емес… тиісті емдеу орындарына хабарласқаныңыз дұрыс шығар…

Өтіріктің ең жаманы, адам өзіне-өзі сеніп кеткен өтірігі! Ал ол қып-қызыл өтірікке сенуді  өзгелерден де  талап ету, тіпті жиіркенішті!.. Мен осындай адам өлтіретін өтірікті бұдан бұрын да естіп қалып жүретінмін. «Жасарал ол 138-дің хатын жарияланып кеткесін бір-ақ көрдім» депті ғой» дегенде сенбей, «Мүмкін емес, олай айтуы! Өйткені, мен өзім сөйлестім ғой ол кісімен қол қою туралы» деген едім бір-екі жерде. Ал енді мына, сіздің өз аузыңызбен, газет бетінде осылай жазып отырғанда бір-ақ түкірдім сіздің жанкешті өтірікшілігіңізге ешқандай қатысы жоқ… жазықсыз қара жерге!..

Одан соң, мен “телеарналарға қазақ тіліне қарсы, орыстілін қолдап, сұңқылдап сұхбат берді” деп сізді айтқан жоқпын,  Жанболат Мамайды айттым ғой.  Және ол бірнеше рет жарияланды да… “Қазақстанның әр азаматы өз пікірін айта алуы керек” деген қағиданы қайталаудан жалықпайтын Жасекең ол қағиданы таңдап қана таңады екен. Мысалы, мамай-жүнісовтердің қазақ тіліне қарсы пікір жариялауы осы қағидаға сай келеді екен де, “Не оттап отырсыңдар, бұл дұрыс емес, бұл – арандату!” деген біздің қарсы пікіріміз ол қағидаға сай келмейді екен? Неге? Ол оларға, қазақ тілін қолдаудан қашып, орыс тілін қолдап, орыс телеарнасына сұхбат берген жанболат- жасаралдарға  жақпайды! Неге? Өйткені оларды “асырап” келе жатқан  қожайыны Әбіләзов қазақ тіліне қарсылығын ашық мәлімдеген болатын…» -дегенде алдымен Жанболаттың аты айтылып тұр және бұл өткендегі Жанболатқа жазылған жауапта анық, жеке жазылған соң, оқырманға түсінікті екені анық. Мен сіз туралы  «Кейін әбіләзов қазақ тілін қолдаған 138-дің хатына қарсы шыққан соң,  қожайыннан мамайға дейін,  жап-жақсы тіл туралы  мақалалар жазып жүрген сізге дейін, қазақ тілін қолдауға қарсы шыққан соң, біз  байланысты күрт үзіп, сынауға көштік…»-деп  отырып, сізді «телеарнаға сұхбат берді» деп айтпайтыным түсінікті емес пе? Мен сізді 138-дің хатына қол қоймай басыңызды алып қашқаныңызды айтып отырмын ғой.  Жанболатқа бөлек, жасаралға бөлек сөз арнау артық шығар бұл жерде. Қазақ тілінің заңдылықтарын білетін кез-келген адам түсінеді мұны…   Жоқ сіз бен Мамайдың кіндігі бірге жаралған бір адамсыздар ма? Онда «жанболат- жасаралдар» деп дұрыс айтып отыр екенмін ғой…  Жоқ, шынында да, көру, оқу, сезім органдарыңызда бірнәрсе бар ма? Мен өткенде-ақ айттым ғой, «қызыл көзденіп, бәле іздемесеңіз, барлығын анық көруге болады» деп… (Жалғасы бар)

Қазыбек ИСА

qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз