Павлодарда жалақысына көңілі толмаған кеншілер жер астынан шықпай жатыр

0
67

Тиісті еңбекақыларын ала алмай жүрген павлодарлық кеншілер ақырғы шараға баруға мәжбүр болды. Осылайша, «Майқайың-Алтын» акционерлік қоғамына қарасты «Алпыс» шахтасының қырық кеншісі бірнеше күннен бері жер астында түнеді. Жұмысшылардың айтуынша, олардың отбасылары азық-түліксіз қалған. Ал жақында ғана ауысқан жаңа басшылық бұл мәселені реттейміз деп ант-су ішуде, деп хабарлайды КТКтелеарнасы. 

Алтынды жер қойнауынан алып шығып, оны өңдеумен айналысатын азаматтар шыдамы шегіне жеткенін айтады. Себебі, бірнеше айдан бері тиісті еңбекақыларын ала алмай жүр. Ашынған жұмысшылардың айтуынша, орта есеппен әр кенші бір айда 150-170 мың теңге алуы тиіс екен. Бірақ, оны жартысы да қолдарына тимеген. Олар осыны айтып, үш тәулік бойы кеніштен шықпай қойды.

«Менің бес балам бар, үш балам ертең мектепке барады. Мен жердің астында еріккеннен жүргенім жоқ», – деген наразылығын жеткізді Руслан Шәкіров есімді кенші.

«Ай сайын алатынымыз жүздің үстінде болатын. Яғни 150-160 мың. Осы айда 64 мыңнан беріп жатыр. Жер астында істейміз. Бетке тағатын ештеңе бермейді. Жағдай жоқ», деп шағымданып отыр кенші Марат Давахан.

Жақында белгісіз себептермен мекеменің басшылары ауысқан. Кеншілер содан бері жалақыдан қағылыпты. Ал алтын мен мыс өндіретін мекеменің қазіргі мамандары болса, бұл шикіліктер бұған дейінгі басшылықтың былығы екенін айтуда. Солардың кесірінен өндіріс 400 млн теңгеге жуық қарызды өтей алмай жатқанға ұқсайды. Алайда жаңа басшылық бұл мәселелер жуырда шешімін табады деп сендірді.

«Біз компания ретінде елді-мекеннің дамуы мен оның тұрғындарын еңбекақымен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Адамдар жұмыс істесе, өндіріс те ілгерілейді. Сондықтан мәселенің мән-жайын анықтау үшін осында келдік», – дейді «Русская медная компания» холдингінің экономикалық қауіпсіздік жөніндегі жетекші маманы Михаил Петельный.

Кеншілер, сондай-ақ, өндіріс ошағында қауіпсіздік ережелерінің сақталмайтынын айтады. Тереңдігі жүз метрден асып жығылатын жер астында олардың жұмыс істеуі үшін жағдай жасалмаған. Арнайы құрылғылардың ескіруінен ауа да дұрыс келмейді екен.Тынысы әбден тарылған жұмысшылардың шағымын естіген аудан әкімі шахтаға өзі түсіп көрді.

«Майқайын-Алтында» бүгін тексеріс болады. Түгелі заң бойынша тексеріледі. Бірақ осы тексеріс өткенше осы кісілердің еңбегі төленеді», – деді Баянауыл ауданының әкімі Ернұр Әйткенов.

«Майқайың-Алтын» кеніші енді толығымен тексеріледі. Құзырлы орындар мұндағы барлық мәселені бақылауға алмақшы. Ал ақшадан тарыққан кеншілер мәселенің оң шешім табарына сенім білдіргендей болды.

www.bnews.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз