Ресей қазақтары ана тілін үйренуге құштар

0
90
Ана тілді білу – әр қазақтың басты парызы! Ресейлік бауырларымызды елге жетелеген де осы бір ұлттық ұстаным. 

Қымбат Оспанова – Челябінің Чесма ауданында мектепте мұғалім. Ағылшынша ағып тұр. Қаршадай ғана қазақ қызы енді бос уақытын ана тілін үйренуге һәм үйретуге жұмсайды.

Қымбат Оспанова, ресейлік делегацияның өкілі:
– Ресейде тұрған қазақтар, қазақ тілді білуге барынша тырысады. Біздің мектепте оншақты қазақ баласы бар, солардың бәрін жинап, әке-шешелерімен сөйлесіп, қазақ тіліне үйрете бастадық. Олар өте риза, қуанышты.

Делегация құрамындағы 20-ға тақау жанның бәрі Қымбат тәрізді өз ұлтының нағыз патриоттары. Барлығы да жексенбілік мектептерде дәріс оқиды. Тілдерді оқыту орталығында оларға тіл ұстартудың озық әдістемелері үйретілді. Серпілту үшін бір сәт әдемі әнге де кезек берілді. «Қазақ тілін білу деңгейі әртүрлі болғандықтан, үйренушілер үшін ұғымға жеңіл, ұлттық бояуы қанық арнайы бағдарлама жасалды»,-дейді оқытушылар.

Төлеш Табылденова, оқытушы:
– Таныстырып жатқан тақырыптарымыз – қазақтың салт-дәстүрлеріне байланысты. Біздің Отанымызға байланысты, Қазақ жеріне, салт-дәстүрлерімізге байланысты. Мақсатымыз – Қазақстанға, тарихи Отанына жақсы сезім ұялату.

Тілдерді оқыту орталығында өткен екі күндік семинар мен шеберлік сыныптарына қатысқандардың барлығы арнайы сертификаттарға ие болады. Мұндай шаралар Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық қарым-қатынас бағдарламасы аясында 2009 жылдан бері тұрақты жолға қойылған.

Жұлдызай Ербатырова, Тілдерді оқыту орталығының директоры:
– Челябі қаласында және Магнитогорскіде, Ноғайбақ ауданында жексенбілік мектептерде курстар өткізілген болатын. Осы курстарға арнайы арнайы бағдарлама құрастырылды. Бүгінде олар сол бағдарламалармен оқытып жатыр.

Ресейдің бір ғана Челябі облысында 34 мыңнан астам қазақ тұрады. Олар «Азамат» бірлестігі жанына топтасқан. Аталған қоғамдық ұйым қоңсылас жатқан Қостанай облысымен арадағы рухани, мәдени байланысты жыл өткен сайын нығайтып келеді.

Хабар

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз